Жаңалықтар

Семей әкімдігі жаңа ғимаратқа көшті

Семей әкімдігі жаңа ғимаратқа көшті
Фото: Абай облысының әкімдігі 25.01.2025 00:20 139

Семей қаласының әкімдігі жаңа ғимаратқа қоныстанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімдік мәліметінше, бұрынғы «Ертіс» қонақ үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, әкімдіктің салалық бөлімдері мен кейбір басқармаларға берілді. Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев әкімшілік ғимаратына барып, аралап көрді.

Көп қабатты ғимарат адам танымастай өзгерген. Тұрғындарға қолайлы болу үшін қажетті жағдайлар жасалған. Нысанның іші мен сырты талапқа сай жаңартылып, жылу, желдету, су, кәріз жүйелері ауыстырылған. Жарықтандыру да назардан тыс қалған жоқ. Ғимарат ішіне бейнебақылау камералары да орнатылған. Есік, терезелер ауыстырылып, еден мен төбе жөнделді. Жаңа жеделсаты қойылды.

Ғимаратқа сондай-ақ ардагерлер кеңесі, азаматтарды қабылдау орталығы, өңірлік коммуникациялар қызметі де орналасты.

Біздің міндетіміз – жерлестеріміз тарапынан түсетін өтініштерге дер кезінде ден қою. Осыны ескере отырып, қалалық әкімдіктің бөлімдерін бір ғимаратқа орналастыруды жөн деп ұйғардық. Ғимаратқа келген қала мен облыс тұрғындары жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жолдаған сауалдарына бір жерден жауап алады. Бұл халықтың уақытын үнемдеп, қалаған қызметтерін алуға мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар аймақ басшысы ғимараттың ауласын абаттандыруды аяқтауды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға