Жаңалықтар

Семей сынақ полигоны табиғи зертханаға айналған

Жас ғалым, радиобиолог Жанат Байғазиновпен сұхбат
Семей сынақ полигоны табиғи зертханаға айналған
05.11.2019 11:57 5525

Қазақтың ең ауыр қасіреттерінің бірі ядролық полигон екені айғақ. Сол бір сынақ алаңында жүргізілген жарылыстардың зардабын әлі күнге дейін көріп келеміз. Яғни, иондаушы сәулелер барлық тірі организмге кесел болып жабысты. Осы тұрғыда сол жанды азғаларға және олардың барлық қауымдастығына иондаушы сәулелердің тигізер әсерін қандай болғанын, алда қалай болатынын зерттейтін ғылым көмекке келеді. Ол – радиобилогия. Елімізде де осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар жетіп артылады. Соның бірі, шығыс өлкесінің тумасы – Жанат Байғазинов.

Ол 2006 жылы ҚР ҰЯО РМК Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының экожүйелерді кешенді зерттеу бөліміне жұмысқа келген. Сол уақыттан бастап, жауапты орындаушы ретінде және мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламалар мен халықаралық жобалар жұмыстарының ғылыми жетекшісі ретінде радиоэкологиялық зерттеулерге үнемі қатысып келеді.

Курчатов қаласындағы институтқа 2006 жылы орналастым. Жұмысқа тұруға Шәкәрім университетіндегі өзімнің ұстаздарым көмектесті. Алғашында мекеменің аты қызықтырды. Әлбетте, бастапқыдағы мақсатым тезірек ғылыми материал жинап кандидаттық диссертацияны жазып, оны қорғап шығу керек деген ой болды. Уақыт өте келе, жақсы, әрі сапалы жұмыс тез арада жасалмайтындығына көзім жетті.

Осы уақытта оған сол мекеменің директоры Лукашенко Сергей Николевичтің көп көмегі тиген. Оны Жанат біздің заманымыздағы әлемдік радиоэкология саласының үздігі ретінде танитынын айтады.

– Ғылыми қызметімнің негізігі саласы – ауылшаруашылығы жануарлары мен құстардың радиобиологиясы мен радиоэкология; цитогенетика, эпидемиология және биодозиметрия.  Яғни, қоршаған ортадағы радионуклидтердің миграциясын зерттеу. Оның ішінде топырақтан шөпке, шөптен мал және адам ағзасында өту процесстерін анықтаймыз. Біздің зерттеу нысандарымыз мал (үй және жабайы) және құс ағзасы, ет, сүт, май, жұмыртқа, жүн, дәнді-дақылдар, көкөністер, жеміс-жидектер,  т.с.с. өнімдер болып табылады.

Ж.Байғазинов Семей сынақ полигонындағы ауыл шаруашылық радиоэкологиясы байланысты 2007 жылдан бастап, осы күнге дейін ССП-да төрт түлікті зерттеп келеді. Ол ССП-да мал шаруашылығын жүргізуге бола ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздеумен бірнеше жылын өткерген.

–  Сынақ полигонында мал шаруашылығын жүргізуге болады. Бірақ, айта кетерлігі, полигонда "Дегелең", "Балапан", "Сарыөзен", "Телкем", "4А", "Опытное поле"  және тағы басқа арнайы сынақ алаңдары бар. Бұл аталғандардан басқа жерлердің барлығында мал шаруашылығын жүргізуге болатынын айта кеткім келеді. 

Ол зерттеу нәтижелерін соңғы он жылда әлемнің түрлі конференциялары мен МАГАТЭ отырыстарында айтып, көпшіліктің назарына ұсынған. Жанаттың зерттеу мақалалары әлемдік ірі басылымдарда бірнеше рет жарыққа шығыпты.

– 2016 жылы «Бүкілресейлік радиология және агроэкология ғылыми-зерттеу институты» ФМБҒМ диссертациялық кеңесі (Обнинск, РФ) базасында биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғаған едім.

Жас ғалымның Ресей асып диссертация қорғауындағы себеп – елімізде диссертациялық кеңестің болмауы. Халықаралық дәрежедегі жоғары білікті ғалымдар Жанаттың жұмысын көріп, таңдай қағысыпты. Олардың таңдануына себеп те жоқ емес еді. Өйткені, қорғалған диссертация әлемдік радиобиология ғылымына жеті нақты бекітілген жаңалық алып келген. Зерттеулер мен тәжірибелердің көптігі сонша, диссертациялық кеңес мүшелері, академиктер: «Сіздің кандидаттық диссертацияңыз, кемінде 4 докторлық жұмысқа татиды» деген пікір білдіріпті. Қазір философия ғылымдарының доктары болып отырған маман Венгрияға білімін тереңдетуге аттанған.

– Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың (МНТЦ) докторлық грантының иегері атандым. Бұл грант бойынша Панония университетінің Радиохимия және радиоэкология институтында ғылыми жұмыс жүргіземін. Грант 4 жылға берілді.

Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың атқарушы директоры Дэвид Клив өзінің бір сөзінде: «Бізде жас ғалымдарға арнайы бөлінетін медициналық гранттар бар. Ол оқу арқылы мамандар ғылыми тәжірибеден өтіп, оны өз елдеріне пайдалана алады» деген болатын. Сондай оқу грантын қазақтың білімді жас радиобиологы Жанат Байғазиновке ерекше табыс еткен еді.

Ендігі,  Венгриядағы Панония университетінің Радиохимия және радиоэкология институтының басышысы, доктор Ковач Тибордың жетекшілігімен жасанды радионуклидтердің құрамына жалпы методологиялық анықтама беру үшін зерттеу жүргізетін боламыз. Сол сияқты өзімнің елімде жүргізіп жүрген тәжірибелерім туралыда  ұмытпақ емеспін.

70-тен аса ғылыми мақалалар мен тезистердің авторы, Семей полигонын үш бөлікке бөліп, оның бірін халыққа пайдалануға беруде ешқандай зияны жоқ екенін баса айтады.

– ҚР Ұлттық ядролық орталық басшылары ұсыныстар мен шешімдердің барлығы, ғылыми тұрғыда дәлелденген, кешенді зерттеулердің нәтижесі. Олардың барлығы халықаралық эксперттердің бақылауымен жүргізілді. Сондықтан, «пайдалануға болады»  деген жерлердің барлығында адам денсаулығына әсер ететін еш қандай қаупі жоқ.

Жалпы, Ұлттық ядролық орталықтың шет елдер арасында жүргізетін байланыстары мен тығыз қарым-қатынастың арқасында біздің ғылым да көптеген жетістіктерге жетіп жүр. Оны осында талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Жанат та мойындайды.

–  Институтта жұмыс істегелі бірнеше мәрте халықаралық жобаларға қатыстым. ССП - әлемдегі ерекше, әрі ең ірі сынақ алаңдарының бірі. Бұл жерде жүргізілген кез-келген ғылыми жұмыстың нәтижесі тың, әрі маңызыды болып табылады. Осы күні ССП табиғи зертхана атағына лайық. Сондықтан да, шет елдік ғалымдардың қызығушылығы арытпаса, кеміген емес. Бұл жерде жасалған зерттеулер мен жаңалықтарды бөлісу, жаңа байланыстарды тарту мақсатында Институттың мамандарын әлемнің түпкір-түпкіріне әр-түрлі іс-сапармен жіберіп тұрады. Оның ішінде іс-тәжірибеден өту, семинар, оқу курстарына қатысу да бар. Олардан үйренгеніміз көп, тәжірибеміз толысып, жұмысымызға оң ықпал етті.

Жас ғалым бүкіл қазақтың ортақ қасіретіне айналған Семей полигонын толық залалсыздандыру әлі ұзаққа созылады деп отыр.

–  Біріншіден, полигон территориясы Еуропадағы кейбір мемлекеттердің жер көлемінен де үлкен аймақты алып жатқандығын ескерту керек.  Екіншіден, полигон территориясының ластануы локалды, яғни кейбір шағын аймақтардың ластануымен сипатталады. Дәл осы жердегі радионуклидтердің мөлшері өте көп болуы мүмкін. Ол жерлерде залалсыздандыру, территорияны қоршау, бақылау жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еліміздегі бірден бір институттың бүгінгі атқарып жатқан жұмыстары жас ғалымның көңілінен шығып отыр. Десек те, ескерілетін біршама жайттар бар екен.

 Жоғарыда атап өткендей ССП – табиғи зертханаға айналған. Бұл, бізге радиоэкология саласында, тың, жаңа ақпарат алуға, жаңа буын, мамандарды дайындауға үлкен мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, Институттың радиоэкология саласында ғылыми зерттеу жұмысын жүргізудегі күш-қуаты, құрал-жабдықтары алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің ғылыми зерттеу орталықтарынан әлде қайда жақсы. Дегенмен, біздегі басты проблема ол мамандардың аздығы немесе олардың басқа салаға, басқа қалаға, басқа мемлекетке көшіп кетуі. Егер осы мәселені қолға алып, тиісті шешімдер қабылданса, Қазақстан дәл осы радиоэкология саласындағы үздік мемлекетке айналары сөзсіз.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға