Жаңалықтар

Сембіғали Смағұлов: «Cуретшілер Құдайға бір табан жақын»

Өзім қойшының баласымын
Сембіғали Смағұлов: «Cуретшілер Құдайға бір табан жақын»
25.04.2017 11:14 13829

Сембіғали Смағұлов - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ Елі» монументінің авторы, белгілі қазақстандық суретші және мүсінші. 2013 жылы Қытай астанасы Бейжің қаласында өткен халықаралық суретшілер форумында «Күллі әлемдегі бейбітшіл суретші» құрметті атағын иеленген. Сембіғали Смағұловтың туындылары қазақ халқының ұлттық жетістігі саналып, еліміздің жетекші мұражайларында қойылған. Ал автор студент кезінде салған «Менің әкемнің аттары» (1987ж.) шығармасы Мәскеу қаласындағы Шығыс халықтары музейінде сақтаулы тұр.

Назарларыңызға қарапайым ауылдан шығып, қазіргі таңда жұмыстары Қазақстанға ғана емес, әлем жұртшылығына танылған суретші Сембіғали Смағұловпен болған сұхбатты ұсынамыз.

«Өмірдің маңызы қандай болады деп ойлама. Маңдайыңа жазғанды көресің»

Тегімді қарасыңыз, әкем Жалаңтөс батырдың ұрпағы, анам болса Тәттімбет күйшінің ағасының қызы. Өзім қойшының баласымын. Интернатта оқып жүрген кезде сурет сала бастадым. Құдайдың құдіретімен немере әпкем суретшілердің үйіне тұрмысқа шығып, келесі жазда құдалар біздің ауылға келді. Жайлауға келген құдаларға «мен де сурет салатын едім» деп төсектің астында жатқан екі-үш суретімді көрсеттім. Он бес-он алты жасар кезім. Ол кезде «ватман» деген жоқ, суретті плакаттардың артына салатынбыз. Келген құдалар суреттерімді көріп, таңғалып қалды. «Бұл балаңның жұмыстарында «колорит», «композиция» бар екен» - деп, мақтап жатыр. Ал мен мұндай сөздерді білмек түгілі, өмірімде естімегенмін. «Бұл баланың бағын байламай, Алматыға училищеге жіберіңіз» деді келген қонақтар. Осылайша мені суретшілерді дайындайтын курсқа Қарағандыға алып кетті. Сол жердегі ұстаздар менің салған еңбектерімді көрді де, «мына бала биыл Алматыға түсе алады. Бірақ бізде қалып техникасын шыңдаса, сөзсіз шебер болып барады» деді. Қарағандыдағы ұстаздарым мені бір жыл бойы штрихтау мәдениетіне үйретті. Алған біліміммен Алматыға барып барлық сынақтан сүрінбей бес алып, оқуға түстім. Бір қызығы менімен бірге Қазақстандағы ең атақты суретшілердің балалары оқыды. Мақым Қисамединов менімен оқитын баласын «сенімен ел көріп, атқа отырып, қымыз ішіп қайтсын» деп ауылға жіберетін. Бір күні Мәскеуден атақты профессор келіп, училищедегі студенттердің арасынан мені таңдап алды. Өкінішке қарай, орыс тілінен шорқақ болып бара алмай қалдым. Оқудан кейін әскерге кеттім. Сол аралықта әлгі профессор мені арнайы іздеп Алматыға хат жолдапты. «Әлгі бөлтірік қайда? Ол міндетті түрде Мәскеуге келсін» деген сөздері ерекше есімде қалып қойыпты. Кейіннен әскерден келген соң «Көксерек» деген суретшілер ұйымын құрдық. Сол кезде жұрттың бәрі әлгі профессордың сөзін естеріне алып, күлгені бар. Елбасымыздың «Өмірдің маңызы қандай болады деп ойлама. Маңдайыңа жазғанды көресің» деген тамаша сөздері есіме түсіп отыр. Қазір саралап ойлап отырсам, әпкемнің суретшілердің отбасына тұрмысқа шығуы, атақты суретшілердің балаларымен білім алуым — менің басыма жазылған тағдырым екен.

«Егер сенің ішкі жан дүниең суретші бола алмайсың деп айғайласа, достым, ешнәрсеге қарамастан қылқаламыңды қолыңа ала бер. Күннің бір күнінде бұл дауыс жоғалады»

Суретшілік қасиет — Құдайдың берген құдіреті. Әрине жастық шақта көптеген кіші-гірім нәрселерге алаңдайсың, сенімсіздік болады. Шынайы суретші қандай кедергі болмасын жеңе білуі қажет. Қиындыққа қарамастан бойыңа дарыған қасиетті жоғалтып алмай, сурет салуды тоқтатпаған адам — нағыз суретші болады. Мен мұны өзімнің шәкірттеріме әрдайым айтып отырамын. Ван Гог ағасына хат жазған екен: «Егер сенің ішкі жан дүниең суретші бола алмайсың деп айғайласа, достым, ешнәрсеге қарамастан қылқаламыңды қолыңа ала бер. Күннің бір күнінде бұл дауыс жоғалады» деген екен. Міне ауылдан шыққан мен секілді қойшының баласы бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде көрмелерін ашып, шеберлік сағаттарын беріп жүр.

Қазақтың тілі шұрайлы ғой. Неге шұрайлы деп сұрасаңыз айтайын, әрдайым көшіп жүрген халықтың шығармашылық энергиясы бір жерден шығуы керек. Сурет салуға немесе басқа да өнердің түрлерімен айналысуға аса мүмкіндік болмағасын, барлық энергия тілден шығады. Осы себептен біз өлең-жырға бай халықпыз. Сөзім дәлелдірек болуы үшін өз басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін. Әскери борышымды өтеуге кеткен кезім. Әрине сурет салатын мүмкіншілік болған жоқ. Сол кездерде мен еріксіз өлең жаза бастадым. Кешкісін қолыма қалам алғанда, қайдан екені белгісіз, биік фразалар түседі. Өзім білмейтін сөз тіркестері ойыма қайдан келді! Бұл өте таңғажайып нәрсе. Лев Толстойдан «Анна Каренинаны неге өлтірдіңіз?» деп сұраса, жазушы: «Оны өлтіргенім тұрмақ, қашан тұрмысқа шыққанын білмеймін» деген екен. Сондықтан жазушылық, ақындық, суретшілік өте құдіретті өнер. Менің бір досым айтады: «Лениннің «өнер халыққа тиесілі» дегені бос сөз. Өнер адамның ісі емес. Ол биіктен келетін құдірет». Өнерде ұлт болмайды. Леонардо да Винчи барлық адамзатқа ортақ. Кешегі Димаш Құдайбергеновтың әлемді тамсандыруы — оған қонған биік өнер. Ал биік өнерде шекара болмайды.

Менің өнерім ерекше. Кенептің  (холст) алдына жақындаған сәтте, салатын бейнем көріне бастайды. Шынымды айтсам, кейде өзімді суретші емес, жай ғана құрал ретінде сезінемін. Түнде жатар алдын эскиз сызамын. Таңертең кенептің алдына келгенде ол басқа түстер немесе басқа бейне сұрап тұрады. Мен оған қианат жасай алмаймын. Егер мен көрінген бейнені тыңдамай, өзімнің ойлағанымды салсам — сәтсіз туынды болып шығады. Кеңес кезеңінде өнерде неліктен тоқырау болды деп ойлайсыз? Өйткені ол кезеңде суретшілерге ықпал етіп, өз дегенін салғызатын болған. Суретшілерді жиып алып, оқиғаны суретшіге тәуелді етіп қояды. Ал Еуропада керісінше, суретші оқиға болып жатқан жерді айналып, әр қырынан бақылап, өзінің қалаған тұсынан салуға тырысады.

Суретшілердің көбі «шығармашылық тоқырау» деп жатады. Өз басымда тақырыптан тоқырау деген болған емес. Суретші жан-жақты болуы тиіс. Кішкентай бала ойнап жүріп кештің батқанын байқамай қалады ғой? Сол секілді суретші де өте ізденімпаз болуы шар. Тек бір бағытпен тоқтап қалмай, сурет өнерінің әр бағытында өзін сынап көруі керек. Сонымен қатар, суретші негативтен позитив ала білу қажет. Егер біреу саған жамансың десе, ол сенің мотиваторың. Жігері күшті адам сын айтқан сайын қайралады. Ал ез адам ез болып қала береді.

Суретшілер екіге бөлінеді. Көрген нәрсесін қаз-қалпында салатын суретшілер және композитор суретшілер болады. Біріншілері жай ғана әуесқой суретшілер болса, композициялық шығарма жасайтындар кәсіпқой суретшілер болып есептеледі. Сурет өнеріндегі композиция дегенді қарапайым тілмен айтар болсақ, көрген бейнені немесе құбылысты қағазға түсірген кезде өз орындарына дұрыс орналастыру. Поль Сезанн айтады екен «жылына мың суретшіні атып тұру керек» деп. Сол секілді Қазақстанның сурет өнерінің тарихында саусақпен санарлық адам ғана қалады. Кімнің қалатынын мен айта алмаймын. Ол тарихтың еншісінде.  

Ешқашан біреуге «сен суретші емессің» деп айтпа. Егер адам қолына қылқалам алып, сурет салудан ләззат алса, демек ол суретші»

Қазір менің шәкірттерімнің арасында болашақ хас таланттар бар. Олар алғаш қолдарына қылқалам алып сурет сала бастаған сәттен-ақ кімнің таланты бар екенін бірден көремін. Жас суретшілерді сурет салуға үйретуге болады. Бірақ композицияға үйрету мүмкін емес. Баяғыда студент кезімізде Ресейге оқуға жіберетін. Сол кезде Ресейдің академиктері айтады екен: «Бізге адам түгілі жылқыны жіберсеңіздер де сурет өнеріне үйретеміз. Бірақ композицияға ешкімді үйрете алмаймыз» дейді екен. Осыдан біраз жыл бұрын атақты Телжанов деген профессор сырқаттанып қалып, орнына мен сабақ бердім. Студенттердің жұмыстарын қарасам, барлығы бір-біріне ұқсайды. Бірінен-бірін айыра алмайсың. Осыны байқаған мен оларға қысқа-қысқа тапсырмалар бере бастадым. Біраз уақыттан кейін әр студенттің өзіндік қолтаңбасы пайда бола бастады. Кейін әлгі профессор жазылып, университетке қайта оралған кезде студенттердің жұмыстарын көріп: «Ұстаздық қабілетің бар екен. Кейін біз туралы мемуар жазасың» деп арқамнан қаққаны бар. Сондықтан әр суретшінің өз қолтаңбасы болуы шарт. Біреуге ол оңай, ал біреуге үлкен еңбекпен келеді. Бастысы сурет салуды тоқтатпау керек. Алдыңда отырған студент ешнәрсе ұғып отырған жоқ деп айтуға да, ойлауға да болмайды. Ол менің өз басымнан өткен. Бір ауыз орысша білмей, училищеде оқып жүрген кезім. Мұғалім проектормен ежелгі Гректерді көрсетіп бірнәрсе түсіндіріп жатыр. Не айтып жатқанын ұқпасам да, көз алдыма сан алуан бейнелер келіп жатты. Сондықтан шәкірттерімді орынсыз сынаудан аулақпын. Суретшілер Құдайға бір табан жақын деп есептеймін. «Өлтірме», «ұрлама», «жақыныңды жақсы көр» деген секілді ережелер біздің бойымызда онсыз да болады. Ол үшін бізге оқудың керегі жоқ. Жас кезімде Суретшілер одағында қызмет атқардым. Көрмеге келген жұмыстарды сынайтын кездеріміз де болды. Біреуінің жұмысы нашар, екіншісінің білімі жоқ. Сол кезде арамызда Сыздықанов деген үлкен ақсақалымыз «Сембіғали, менің жасым алпыста. Ал сен отыздасың. Сондықтан ақылымды тыңда. Ешқашан біреуге «сен суретші емессің» деп айтпа. Егер адам қолына қылқалам алып, сурет салудан ләззат алса, демек ол суретші» деген сөздерін өміріме ереже етіп ұстандым. Қазақстанның сурет өнеріне көңілім толады деп айтсам – өтірік айтқан болар едім. Қазақ – дарынды ел. Біздің мүмкіншілігіміз бұдан да зор. Сурет өнерін дамытқымыз келсе, өнертанушылардың деңгейін көтеруіміз қажет. Егер бізде мықты өнертанушылар болса, мұндай мамандар шынайы мен жалған туындыны айырып беретін еді. Осылайша халықтың талғамы да өседі. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға