Әсел Ботаханова: Ұлттық құндылықтарымызды ньюборн фото арқылы дәріптегім келеді.
Әсел Ботаханова – ұлттық калориттегі ньюборн фото түсіретін фотограф. Жаңаша ұлттық нақышта жасалған бөбектердің фотосы бүгін де тапсырыс берушілер арасында үлкен қызығушылыққа ие. Әсел бұл салаға бірден келе салмапты, қазақтың дәстүрлі киімдерін, ою-өрнектерін зерттеп, зергерлік бұйымдардың тарихын ақтарған. Музейлер мен төл кинотуындыларды қызығушылықпен қарап, шабыттанады, идея алады.
– Әсел ханым, ұлттық стильде нюборн фотолар түсіру идеясы қайдан келді?
– 3 жыл бұрын жаңа туған нәрестенің «Батыр» деп жазылған фотосын көрдім. Бірден ойыма атына заты сай батыр тұлғалы образ жасауға болады ғой деген ой келді. Ұлттық калоритке басымдық беріп, сәбилерге костюм тігуді қолға алдым. Кішкентай бөбектерге арналған алғашқы киім үлгісі ретінде кеудеше мен бас киім тіктім. Уақыт өте келе этно стильдегі әдемі ою-өрнектермен жетілдіріп, қазақ халқының ұлттық киіміне деген қызығушылығым арта түсті. Оқып іздене бастадым. Қазір менің коллекциямда бөбектерге арналған сан түрлі этно стильдегі костюмдер бар. Түрлі орнаменттер мен акссесуарлар қолдана отырып, қазақы нақыштағы образдар жасап шықтым. Тіпті соңғы кездері ру таңбаларын да қолданып жүрмін. Бұл стиль тапсырыс берушілер арасында үлкен сұранысқа ие. Ньюборн фотоссесия жасатушылар дәл осы ұлттық нақыштағы образ үшін қызығушылық таныта бастады.
– Бұл жаңашылдықты тұтынушыларыңыз қалай қабылдады? Қызығушылық бар ма?
– Әрине қызығушылық бар. Қазіргі фотосессияларымның бәрі тек осы стильде түсіріледі десем артық айтқандық емес. Бұл – әлемдік тенденция деп ойлаймын. Себебі ұлттық стиль барлық салада көрініс тауып келеді. Үй интерьері, сән саласында дейсіз бе жақсы дамып келеді. Ұлттық құндылықтарды әркім өз шамасынша дәріптеп жүр. Мен қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын ерекше киім үлгісін, оны ажарландыра түсетін аксессуарларын ұлттық калориттегі ньюборн фото түсіру арқылы дәріптегім келеді.
– Балапандардың фотосуретке арналған ұлттық киімдерін кім тігеді? Дизайынын кім ойластырады?
– Фотосессия барысында қолданалатын барлық костюмдерді өз қолыммен тігемін. Тігін тігу – менің хоббилерімінің бірі. Дизайндарын да өзім жасаймын. Қазақтың ұлттық киімдерін зерттеуге көп уақыт арнадым. Отандық фильмдерді көп қараймын, содан шабыт аламын. Мәселен, «Томирис» кинотуындысында актерлер киген киімдерге қатты қызықтым. 5 рет қайталап қараған шығармын. Этнографиялық музейлерді көп аралаймын, ұлттық калориттегі костюмдерді тамашалап, зерттеп жүремін. Қазақстанның қай қаласына барсам да, жергілікті мұражайларына кіріп, ақпарат алуға тырысамын. Зергерлік бұйымдарға мән беріп қараймын. Түрлі камзолдардағы бір-бірне ұқсамайтын ерекшеліктерді зерттеген ұнайды. Шама-шарқым жеткенше оюларды зерттеуге тырыстым. Әрине бұған көп уақыт керек, себебі қазақта ою түрлері көп. Әр қолданған ою ерекшелігі, қолданатын жері, берер ақпараты болуы тиіс. Сол көрген-білгендерімнен түйген дүниелерді өзім тігетін костюмдерге қолданып жүрмін. Алдағы уақытта орнаменттерді әлі де тереңірек зерттеу, өзіндік мән-мағынасы бар жаңа костюмдер тігу жоспарда бар.
– Ұлттық киім ғана емес, локация қандай ғажап, этностиль деген қазақтың табиғатына жақын үлгі. Локацияны кім ойластырады?
– Локация идеясы да өзімдікі.
– Тек Алматы қаласында ғана түсірілім жасайсыз ба?
– Көбінесе түсірілім Алматы қаласында болады. Бірақ тапсырыс түссе, өзге шаһарларға да шығып тұрамын. Былтыр елордадан тапсырыс көп түсетін, Қарағанды қаласына барып бірнеше рет түсірілім жасадым. Осы жылы тапсырыс берушілер өздері Алматыға ұшып келіп жүр.
– Жасырын болмаса этностильдегі түсірілім бағасы қанша?
– 110-220 мың теңге аралығында. Бағасы тапсырыс беруші таңдаған пакетке байланысты өзгереді. Фотолардың санына қарай болады.
– Фотоөнерде жүргеніңізге қанша уақыт болды? Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Қазір мен үйренемін деушілерге шеберлік сыныптарын ұйымдастыруды қолға алдым. Негізі осы салада жүргеніме 6 жылдан асты. Өзім үшінші баламды өмірге әкелерде бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шыққанда, бөбектерді суретке түсірумен шұғылдану туралы идея келді. Алғашқы ұстазым Алена Гроховская. Кімнен дәріс алатынымды көп ойланып, іздендім. Петербург қаласынан таптым. Сол жаққа барғалы жиналып жүргенде, Нұр-Сұлтан қаласына келіп, шеберлік сыныбын ұйымдастырғалы жатқаным білдім. Жолым болды деп ойлаймын, дәріс алып, үйренгенімді өз тәжірибемде қолданып жүрмін. Онға жуық фотографтың шеберлік сыныбына қатысып, тәжірибе алмастым. 2020 жылы Орталық Азияда ньюборн фотографтар арасында алғаш рет форум ұйымдастырдым. Бұл менің арманым болатын. Қалалық әкімшілік қолдау көрсетті.