Секвойя – чероки көсемі
Чероки тілі
Бөбегім, иісі мұсылманның жарық дүниедегі маңызды міндеттерінің бірі – ағаш отырғызу. Адам баласы бұ дүниеде еккен талының саясында о дүниеде дамылдайды екен. Қандай ізгілікке бастайтын пәлсапа! Жетісудың қойнауындағы Жаркент жерінде діңі алты адамның құлашына сыймайтын алып қара ағаш бар. Ел ішінде оны Әулие ағаш деп атайды. Бұл ағашты осыдан жеті-сегіз ғасыр бұрын, Меккеге қажылық сапарға аттанып бара жатқан ел ағалары отырғызған деседі. Ал әлемдегі ең алып ағаш Секвойя деп аталады. Секвойя Америка құрлықтарын жайлаған үндістердің жерінде өседі. Бұл – жер бетіндегі ең үлкен әрі ең ұзақ жасайтын өсімдік. Алып Секвойялар 4 мың жыл жасайды. Олардың орташа ұзындығы 95 метр, ал диаметрі бес метрден он бір метрге дейін жетеді. Әлемдегі ең алып Секвойя ағашына – Генерал Шерман деген ат берілген. Төрт мың жылдық тарихы бар ағаштың салмағы 2 995796 келі. Ал ең биік Секвойя – Гиперион. Оның биіктігі 2006 жылы 115 метрге жеткен. Ғалымдар ағаштың әрі қарай өсуіне ұшар басына салынған құстың ұясы бөгет болған дейді. Бүгінде бұл жасыл желекті өсімдіктер АҚШ-тың Ұлттық парктерінің қорғауына алынған.
Мамандар Секвойяның сонау миллиондаған жылдар бұрын пайда болғанын дәлелдеп отыр. Бұл ағаштар азайып-азайып, бүгінде Сьерра-Невада тауы мен Калифорния, Орегон ормандарында ғана қалды.
Еуропалық басқыншылар үндістердің жерін қанды қырғындармен жаулап алып, сан мыңжылдық тарихын күл еткені белгілі. Үндістердің асқақ рухын танытып тұрған Секвойяларды отау да – отарлау саясатының бір белгісіндей көрінеді маған... Тайпасының тағдыры үшін ерлік рухын танытқан чероки көсеміне Секвойя есімі берілгендігін жыр етеді тарих...
Черокилер тайпалық қоғамнан асып, мемлекет құру қадамдарын жасаған бірден бір үндіс тайпасы. ХІХ ғасырдың орта шенінде черокилер өз Конституциясын қабылдап, заң жүйесін бекітті. Сайлау арқылы үкіметін жасақтап, президентін, яғни Ұлы Көсемін орынтаққа отырғызуды көкседі. Қазіргі күні черокилердің өз Конституциясы, өз Көсемі бар. Бірақ, еншісінде еркіндігі де, жері де жоқ. АҚШ үкіметі тарапынан черокилер тайпа ретінде танылып, оларға резервациялық аумақ бөлініп берілген. Чероки тайпасы жерінің белгілі бір аумағын казиноларға жалға беріп, содан түскен қаражатқа күнелтеді. Мектептері мен ауруханаларын да осы қаржыға салады. Әрі тайпа федералдық бюджеттен арнайы субсидиялар алып тұрады. Айта кетерлігі, үндіс резервацияларында ойынханалар салуға мүлдем тыйым салынбайды. Үндіс тайпалары үшін негізгі кіріс көзі осы. Мұның астарында да үлкен саясат жатқандай көрінеді маған...
Чероки халқы үшін де тілінің тағдыры бүгін қыл үстінде тұр. Америка құрлығының байырғы иесі – күллі үндістердің ортақ қасіреті бұл. Америка Құрама Штатын жайлаған черокилердің саны – 250 мың. Олардың бір пайызы ғана туған тілінде емін-еркін сөйлей алады. Тайпа көсемдері туған тілдеріне түбегейлі жойылып кету қаупі туып тұрғанын жасырмайды.
Тарихтың бір кезеңдерінде чероки көсемі болған Секвойяны бекер еске алмасақ керек. Ол тілге төнген қауіппен өз заманында өздігінше күрескен тұлға. Чероки тілі осы көсемнің арқасында жоғалып кетпей, бүгінгі күнге аман жетті. Секвойя 1821 жылы тұңғыш чероки әліпбиін жасап, жарыққа шығарды. 1825-1826 жылдар аралығында тайпа кеңесі әліпбиді ресми түрде мақұлдады. Секвойя үр жаңа әліпбимен 1828 жылы «Чероки Феникс» газетін шығара бастады. Әлеуетті черокилердің қолдауымен осы тұста чероки тілінде білім беретін 30 мектеп ашылды.
Елдігі мен тілі үшін жан аямай күресіп жатқан тұста тайпаның басына тағы да сын сәт туды. 1838-1839 жылдары черокилер тарихи қоныстарынан Оклахоманың шөлейт жерлеріне күштеп көшірілді. Сонда жерін қимай жылаған екен жұрт. Чероки көші өткен сол соқпақ бүгінгі күнге дейін «Жас тұнған жол» деп аталады. Содан бері черокилердің көз жасы сарқылған жоқ. Олар ділінен де, дінінен де, тілінен де айырылды...
Бөбегім, черокилер бүгінде халықтық болмыс-бітімін сақтау үшін мынадай қайғылы қадамдарға да барып жатыр. Онсыз да аз халық арнайы референдум өткізіп, ел Конституциясына өзгеріс енгізбек. Таза қанды черокилерді ғана тайпа құрамында қалдырмақ. Тайпа ішінде тайталас тууда. Өйткені, черокилердің басым көпшілігінде негрдің қаны бар.
Бөбегім, әр чероки Секвойя ағашын көрген сайын арқаланып кетеді. Өйткені, халқының ертеңі үшін еңіреген ердің аты Секвойя еді...