Жаңалықтар

Сексен батыр туралы шежіре

Сексен мен Тоқсанға қарасты жерлер қазіргі Жамбыл ауданындағы Благовещенка, Қарағаш, Суаткөл, Амангелді, Талпын ауылдары екен.
03.09.2014 12:58 9964

Сексен мен Тоқсанға қарасты жерлер қазіргі Жамбыл ауданындағы Благовещенка, Қарағаш, Суаткөл, Амангелді, Талпын ауылдары екен. Осы жерлерді иемдену туралы төмендегідей аңыз бар. Қытайлардың шабуылынан жасқанған Жабай батыр елін Семей жерінен осы жерге көшірмек болады. Елді көшірмес бұрын көшіп келетін жерге белгі қалдырады. Қалайыдан бақыраш құйғызады да, оны төртке бөліп, көшіп келетін жердің төрт бұрышына тыққызып, балалары Сексен мен Тоқсанға өсиет қылады. Жабай батыр дүние салғаннан кейін елі көшіп келсе, белгіленген жерге Қанжығалы руына қарасты ел қоныстанып алған екен. Екі ру арасында жерге талас болып, жекпе­жек ұрыста Сексен Қанжығалының батырын өлтіреді. Ақыры Жабай батырдың төртке бөлген бақырашын қосып, билердің шешімімен жерді Алдай еліне қайтарған екен.

Сексеннің ел басқаруы мен патша өкіметінің облысы­мыздың қазіргі Жамбыл ауданы жерін отарлау кезеңі бірге келеді. «Ащы шеңбер» бойына салынған Пресногорьков, Преснов бекіністеріне орналасқан жазалаушы отрядтар Керей руының Нұрымбет, Нұралы (Біржан салдың аталары) ауылдарын атақоныстарынан айырса, Таузар Көшебесі (Сегіз серінің туыстары) елін Пресновка станицасы жерінен ығыстырады. Әрине, бұл жергілікті халықтың наразылығын тудырмай қойған жоқ. Көп жыл бойы патша отаршылдарына қарсы соғысқан Марал ишан көтерілісі басталды. Сегіз серінің аталары Сартай, Шақшақ, әкесі Баһрам отаршылдармен қарсы соғыста батыр атанды. Осы бір кезеңді Сегіз сері «Туған еліме» атты өлеңінде:

Туған ел, сіздер үшін болып алаң,

Дұшпанға қарсы тұрған Сартай бабам.

Талқандап ата жаудың бекіністерін,

Ер болды халайықтан алғыс алған.

 

Қайғылы белдеу орнауына қарсы болып,

Шақшақтай ағасына ере шыққан.

Серттесіп екі атаммен Марал ишан

Оларды заманында пана тұтқан.

 

Ер Сартай талай жауды кескілеген,

Жай өлмей, көп солдатты ала өлген.

Он жеті ұлы, жүз сарбазы көп соғысып

Дұшпанға оңайлықпен берілмеген, – деп жырлаған. Қазіргі Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка сол кездегі патша жазалаушы отрядының командирі капитан Пресновскийдің атымен аталған. Пресновканың қазақша аты – Капитан осы «капитан» деген сөзден алынған. Капитан Пресновский Сексен мен Тоқсанның елі – Керейдің Алдай елін де өз жерінен қумақ болған. Бірақ қол ұстаған Сексен елін жауға бермей, Пресновка станицасының өзіне шабуыл жасап, адамдарын өлтіріп кетіп отырған. Станица орталықтан әскер алғызып, күзетпен отырған деседі. Өз руын ғана емес, осы төңіректегі елді қорғаған. Станица басшылары Сексенді өте қауіпті адам деп жоғары орындарға өтініш жазған. Ел аузындағы аңыз бойынша, Пресновскийді Сексеннің өзі өлтірген. Сексеннің өзі де станица адамдарының қолынан опат болады. Сексеннің түсіп жүретін үй иесін сатып алып, у бергізеді. Сексеннің өлгенін естіген станица (Пресновка) халқы үш күн тойлаған дейді. Сексен Благовещенка селосының оңтүстік жағына «Бейіт көл», «Бейіт ағаш» деп аталатын жерге жерленеді. Өшіккен станица адамдары денесін мазақ қылмасын деп, зиратының үстіне қойдың жүнін балшыққа илеп, оба жасатады.

Енді Сексен туралы шежіреге келейік. Жоғарыда айтылған Жабай батырдан – Сексен, Тоқсан би, Мыңжасар туады. Осы үшеуінің үрім­бұтақтары негізінен Жамбыл ауданының Талпын, Қарағаш, Жамбыл, Суаткөл, Жекекөл ауылдарында тұрады. Сексеннен – Бегей, Бектен, Бекентай, Бегалы, Қазан, Кәрібай туады. Сексеннен тараған ұрпақ негізінен Талпын ауылында тұрады. Қазір көзі тірі төртінші ұрпақтары бар. Айта кетер бір жайт, Сексеннің кісе белбеуі қазір Қызылжар қаласында тұратын төртінші ұрпағы Мәлгаждар қарттың үйінде сақтаулы.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға