Щучинскіде әскери оқу орындары арасында қысқы спартакиада қорытындыланды

Ақмола облысында әскери колледж кадеттерінің, "Жас ұлан" республикалық мектептерінің және мамандандырылған лицейлердің тәрбиеленушілерінің қатысуымен қысқы спартакиада өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараны ұйымдастырған Армия орталық спорт клубы жарысты Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орайластырды. Жарыс Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж бен Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының оқу-жаттығу орталығы базасында өтті.
Чемпион атағы үшін Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларынан төрт команда құрамында 40 спортшы бақ сынасты. Жастар пневматикалық мылтықтан ату, белтемірге тартылу және шаңғы жарыстарында бақ сынасты. Командалық есепте Қарағанды құрамасы, екінші, Астана спортшылары үшінші орынды иеленсе, Шымкент командасы жеңіске жетті.
Спартакиадаға қатысушылар бір-біріне бәсекелес бола отырып, табандылық танытып, жеңіске деген ұмтылыс көрсетті, – деді АОСК спорттық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің бастығы подполковник Бекболат Ахметов.
Жеке есепте пневматикалық қарудан атудан астаналық Бақтияр Жұмалдинов чемпион атанды. Екінші орынды шымкенттік Еркін Тимур, үшінші орынды қарағандылық Әділбек Есетов иеленді. Белтемірге 30 рет тартылған алматылық Алмат Қожабек үздік атанды. Екінші орынды Алматы командасының өкілі Азамат Сағындық, үшінші орынды қарағандылық Әділбек Есетов иеленді.
Шаңғы жарысында Қарағандыдан Нұртілек Дарибай жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды Астана құрамасының өкілдері Бақтияр, Мадияр Жұмалдиновтер алды. Спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
