Жаңалықтар

Щучинск қаласында биатлоннан әлем чемпионаты басталды

Щучинск қаласында биатлоннан әлем чемпионаты басталды
Фото: biathlon_kaz 03.03.2023 10:11 1482

Жарысқа әлемнің 38 елінен 500-ден астам спортшы қатысады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Олардың қатарында Швеция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция, Германия, Норвегия, Австрия, Жапония, Ұлыбритания және басқалары бар.

Турнирге қатысушылар мен ұйымдастырушыларға ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сәттілік тіледі.

«Сіздерді биатлоннан жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының ашылуымен құттықтаймын! Қазақстан бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән береді. Көптеген спорт нысаны салынып, балаларға арналған үйірмелер ашылып, жас ұрпақтың жан-жақты болып өсуіне барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Щучинск қаласында осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Халықаралық биатлоншылар одағының өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Әлем біріншілігінің біздің елде өткізілуі Қазақстанда биатлонды дамытуға тың серпін береді деп сенемін», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Салтанатты ашылу рәсімі негізгі жарыс алаңына айналған қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының шаңғы-биатлон стадионында өтті.

«Еліміз осындай деңгейдегі биатлон турнирін алғаш рет өткізіп отыр. Бұл әсіресе қазақстандық жас спортшылардың АҚШ-тағы қысқы Универсиададағы және басқа да ірі старттардағы соңғы жетістіктері аясында маңызды. Біздің елде биатлонның болашағы зор және бұл чемпионат азаматтарымыздың тек биатлонға ғана емес, жалпы қысқы спорт түрлеріне қызығушылығын арттыратынына сенімдімін. Біздің басты міндеттеріміздің бірі осы», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.

Биатлоннан жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 4-12 наурыз аралығында өтеді. Оған Қазақстан атынан 20 спортшы қатысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға