Щучинск-Бурабай курорттық аймағы жыл бойы үздіксіз турист қабылдамақ

Ақмола облысында туризм саласын дамыту жүйелі әрі ауқымды серпін алды. Бұл – 2025-2029 жылдарға арналған Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспары бекітілуінің нәтижесі. Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметінің туризмді цифрландыруға арналған отырысында кеңінен талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өңір басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, кешенді жоспар 118 іс-шараны қамтиды. Олардың мақсаты – заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру, қызмет көрсету сапасын арттыру және туризмнің жаңа бағыттарын дамыту.
Кешенді жоспар аясында инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңарту, іскерлік, қысқы және этнотуризмді өрістету, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізу көзделген. Туризм өңір экономикасының басты қозғаушы күштерінің біріне айналуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Облыстық әкімдік мәліметінше, жоспарда «Ақбұлақ» шипажайы, Қатаркөл мен Жүкей көлдерінің маңындағы демалыс аймақтары секілді жаңа туристік нысандарды дамытуға басымдық берілген.
Инженерлік және көлік инфрақұрылымына қатысты 34 жобаның маңыздылығы айқындалып, оның аясында шамамен 400 шақырым су, кәріз және жылу жүйелері, 116 шақырым электр желілері мен 80 шақырым жол салу және жаңғырту жоспарланған.
Жыл он екі ай бойы туризмді дамыту тұжырымдамасына сай іскерлік, оқиғалық және этнотуризм бағыттарын дамытуға көңіл бөлінеді. Өңір Бурабай курортын халықаралық деңгейдегі іскерлік, мәдени және спорттық іс-шаралар өтетін орталыққа айналдыруды көздеп отыр.
Бұл мақсатта ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, сумен жабдықтау жүйелері, электр желілері мен жолдар салынуда және қайта жаңартылуда, – деді Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский.
Курорт аумағында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Бурабай аудандық жедел басқару орталығына біріктірілген 114 «ақылды» бейнебақылау камерасы орнатылады. Сонымен қатар өткен жылы ұялы байланыс пен мобильді интернет сапасын жақсарту мақсатында 7 антенна-мачталық құрылғы орнатылған.
Сонымен қатар, цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі таңда туристерге бағыт, көрікті жерлер мен қызмет түрлері туралы толық ақпарат ұсынатын Burabay Travel мобильді қосымшасын контентпен толықтыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Апта ішінде туризм саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша оқыту басталады. Оған жалпы саны 500 адам қамтылады.
Біз «Төрт мезгіл» (Four Seasons) тұжырымдамасын жүзеге асырудамыз. Оның аясында ірі халықаралық және республикалық іс-шараларды өткізу жоспарланған. Басты мақсат – туризмді жыл бойы үздіксіз, тұрақты және халықаралық стандарттарға сай дамыту, – деп қорытындылады Марат Ахметжанов.
