Жаңалықтар

Сайра Айтенқызы: «Елімізде кәсіпкерлікке үлкен үміт артылған»

Кәсіп
20.07.2016 11:49 3182

Сайра Айтенқызы: «Елімізде кәсіпкерлікке үлкен үміт артылған»

— Сайра Айтенқызы, алғашқы сауалымызды өзіңіз басқаратын «Kazyna SR» ЖШС туралы бастасақ. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстыра кетсеңіз.

— Компания отандық ірі жеткізушілердің бірі болып табылады. Компания 2000 жылғы 6 наурыздан бастау алып, күні бүгінге дейін өз қызметін жалғастыруда. Жоғарғы біліктілікке ие компания қызметі  мектепке дейінгі мекемелерге, мектеп пен кеңселерге арналған жиһаздар мен технологиялық жабдықтарға бағытталған. Сонымен қатар компаниямыздың жиһаз дайындау бойынша өзінің өндірістік базасы бар. Біз еліміздегі ірі нысандардың бой көтеруіне ат салыстық.  Соның ішінде, «100 мектеп, «100 аурухана», «Балапан»  мемлекеттік бағдарламаларына ерекше белсенділік таныттық. Компания өз тарихында шетел мемлекеттерімен ынтымақтасып жұмыс істеді және сол үрдісті әлі де жалғастыруда. Олардың қатарында: Ресей Федерациясы, Белоруссия, Италия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания және т.б. Шетелдік компаниялармен қызметтес болу әрине жақсы, сол қарым қатынастың арқасында бірнеше достық көпірлері де орнады. Бірақ  уақыт өте келе, бірте-бірте сол шетелдік сападағы жиһазды өзімізде де өндіріуге болатынына көзіміз жетті. Осы оймен бүгінгі жетістіктің, яғни бүгінгі жиһаз цехының іргетасы қаланды деуге болады. Отандық өнімге қолдау көрсетіп 2006 жылдан бастап компаниямыз өз жиһазын шығара бастады. Кешегі кішкентай бастама бүгін бізді үлкен жеңіске алып келді. Осы жылдың басында, яғни  23 қаңтар күні Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен Целиноград ауданы, Қосшы ауылында «Казына – SR» жауаркешілігі шектеулі серіктестігі жиһаз цехының ашылу салтанаты өтті. Жалпы, мұндағы Өндіріс қуаттылығы жылына 30 мың дана жиһаз. Жобаның жалпы құны 378 млн теңге. Қаржының бір бөлігі "Өндіріс" бағдарламасы бойынша несиеге алынған. Ал жер телімін аудан әкімдігі бөлді. Мұндағы қондырғылардың барлығы заман талабына сай. Автоматтандырылған. Ендігі жоспар "Бизнестің жол картасы - 2020" мемлекеттік бағдарламасына қосылып, келесі мақсаттарға қадам басу.

— Қазіргі уақытта қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыздар және олардың біліктілігіне қаншалықты мән беріледі?

— Бүгінде біз 60-тан астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Қызметкерлерге барынша әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетіп, жағдай жасауға тырысамыз. Осы орайда цехымыздың жанынан оларға арнап тұрғын үй салдық. Бүгінде 8 отбасы сол үйдің рахатын көріп отыр. Біліктілік жағына келетін болсақ...Үлкен жетістікті көздеген әрбір іс үлкен еңбекті талап етеді. Ал ХХІ ғасырда  бұл үлкен еңбек ақпараттық технологиялар, түрлі семинар мен біліктілікті арттыру сабақтары және т.б. үрдістер арқылы одан әрі ұлғаяды емес пе?! Сол себепті біз үнемі даму үстіндеміз. Қызметкерлеріміз шет елден арнайы шақырылатын, сондай-ақ отандық мамандардан сабақ алып, тәжірибе алмасады.

Сайра Айтенқызы: «Елімізде кәсіпкерлікке үлкен үміт артылған»

— Кез-келген кәсіпорын даму мен өсуді қалайды. Осы орайда, болашақ жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

— Қазір Елімізде кәсіпкерлікке үлкен үміт артылып, осы сала өкілдеріне барлық жағдай жасалуда. Себебі кәсіпкер жетістігі жеке өсімге ғана емес, мемлекет өсіміне де септігін тигізеді. «Қазақстандық кәсіпкерлік ұлттық экономиканың ең басты қозғаушы күші болу керек»,-деген Елбасы сөзі әр кәсіпкерді алға жетелейді деген ойдамын. Осы орайда біршама жұмыстарды жоспарлап отырмыз. Олардың ішінде жиһаз цехының қуаттылығын одар әрі арттыру, металдық құрылымдарды өндіретін, қалдықтарды кәдеге жарататын қосымша кәсіпорындарды ашу.Бұл арқылы жаңа жұмыс орындары пайда болып,еңбек етем деушілерге жаңа мүмкіндіктер туады.

— Кәсіпорынның жабдықтау-техникалық базасы қандай деңгейде?

— Біз еліміздегі, соның ішінде елордамыз Астана қаласындағы ірі, маңызы бар нысандардың бой көтеріп, іске қосылуына ат салысып келеміз. Мемлекет тарапынан компаниямызға  үлкен үміт пен жауапкершілік артылады. Біз әр шығарылған өнім мен жеткізілетін жабдықтардың  сапалы болуына жауаптымыз. Сол себепті біздің  жұмысымыз мамандандырылған қызметкерлермен қоса сапалы техниканы да қажет етеді. Біздің өндірісте қолданылатын техникалық жабдықтар Германия, Ресей және Италия елдерінен арнайы алып келінді. Мұндай жабдықтар әлемдік деңгейде мойындалып, ең ірі кәсіпорындарда қолданылады. Сол себепті өндірісіміздің техникалық базасы жоғары деңгейде деуге болады.

— Жетекші мекеменің білікті басшысы ретінде отбасындағы міндеттеріңізді орындауда қиындықтар туындамай ма? Өрнекті өміріңізбен бөліссеңіз.

— Мен өз кәсібімді ерекше құрметтеп, сүйетін жандардың бірі болсам да, «отбасы» ұғымы мен үшін үнемі биік тұрады. Отбасымның мүшелері менің ең басты жанкүйерлерім, қолдаушыларым мен жанашырларым. Сол себепті жұмыс уақытында еш қиындықтар туындамайды. Керісінше, жұбайым, балаларым мен туға-туыстарым  үнемі маған көмек көрсетіп, менің бір жағымнан шығуға тырысады. Мен жұмысқа арналған барлық уақытымды рационалды түрде қолданып, қолған бос уақытымды балалардың  тәрбиесіне арнағанды жөн деп білемін. Ең алдымен мен анамын, одан соң кәсіпкермін. Сол себепті мен балаларыма барынша уақыт бөлуге тырысамын. Балапандарым жайлы айта кетсем, бүгінде мен екі баланың анасымын. Ұлым Диаз 26 жаста, ол да мен секілді бизнес жолын таңдап, кәсіпкер ретінде алғашқы қадамдарын жасауда. Қызым Диляра 10 жаста, ол елордамызда ағылшын тілін терең оқытатын Дарынды балаларға арналған арнайы лицейде білім алуда. Менің барлық армандарым мен мақсаттарым ұлым Диаз және қызым Дилярамен байланысты. Ана ретінде олардан көп үміт күтемін және олардың ақталатынына мен кәміл сенемін.

— Сіз үшін «Тәуелсіздік» ұғымы нені білдіреді?

— «Тәуелсіздік» мен үшін ең ыстық ұғымдардың бірі. Елімізде оның қадірін түсінбейтін азамат жоқ деп ойлаймын. Әркім оған үлкен жауапкершілікпен қарайды. Себебі сол тәуелсіздіктің арқасында өзге елдермен тереземіз теңесті, талай асулар алынып, талай белестер бағындырылды, талай мүмкіндіктер туды. Таңымызды арайландарып, тауымызды асқақтаткан «Тәуелсіздік» барша қазақстандықтар үшін қымбат. Ол Алланың қазақ еліне берген теңдессіз сыйы, бармақтай бағы деп білемін. Бүін сол үлкен бақты біз, тағдыры бір қазақ халқы батпандай бір салмақпен, үлкен жауапкершілікпен жаңа жеңістерге жеткізудеміз. Осы жыл баршамыз үшін ерекше әрі маңызды. Себебі Тәуелсіздігімізге 25 жыл толуда. Біз 25 жылдық тарихымызды артқа қалдырып, әр қадамын нық басатын Қазақстан Республикасына айналдық. Тарих төрінде ойып тұрып орын алған, Мәңгілік елдің жолына аяқ басқан, әлем мойындаған Ұлы дала елі атандық. Әрқайсымызға артылған үміт енді екі еселенді деп білемін.. Шаршап шалдығуға уақыт жоқ деп білемін. Елбасының салиқалы, сарабдал саясатын жұмыла қолдау деп білемін. Қазір біз бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуды көздеп отырмыз. Осы орайда кәсіпкерлердің қосатын үлесі зор. Сол себепті алдағы менің мақсатым, жалпы біздің мақсатымыз-тек қана ұлғаю, осы жолдан таймау мен өсу. 


Алмас САУДАМБАЙ 

        

 

 

  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға