Сайлаушылар белсенділік танытуда – экзитпол өкілі
Насихат Бекарысқызы Еуразиялық Интеграция институтының экзитпол жұмыстары бойынша өкілі. Ол Қызылорда қаласында орналасқан №196 сайлау учаскесінде интервьюер болып бекітілген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Жергілікті уақытпен сайлау сағат 07:00-де басталды. Кешкі сағат 08:00-ге дейін жалғасады. Менің басты жұмысым – дауыс беріп шыққан әр респонденттен экзитпулдың белгіленген сұрақтарын қою арқылы өзіме керекті ақпараттарды алу болып табылады. Жауап беру немесе бермеу респонденттің өз еркінде. Егер респондент жауап беруден бас тартса, біз оны арнайы қағазға түсіріп аламыз. Онда ешқандай респонденттің мәліметтері көрсетілмейді. Тек қана жасы, жынысы және ұлты жазылады. Сұхбат респонденттің ұлтына қарай жүргізіледі. Қазақ болса қазақ тілінде, орыс болса, орыс тілінде сұрақ қойылады», деді экзитпол өкілі.
Ол сонымен қатар Интеграциялық институт Қазақстан бойынша барлық өңірлерде жұмыс жасайтындығын айтты.
«Қызылорда облысына қарасты барлық ауыл-аймақтарда мен секілді интервьюерлер жұмыс жасауда. Олардың барлығына тәртіп пен ереже бірдей. Біз жұмыс жасамас бұрын, барлық бейне нұсқаулықтан өттік. Нұсқаулық онлайн қосымша арқылы өткізілді. Супервайзеріміз бар. Сол супервайзер арқылы қағаз түрінде нұсқаулық берілген. Онда нұсқаулықпен толық танысуға болады. Нұсқаулықтан тыс немесе қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, біз өзіміздің жергілікті супервайзерімізге хабарласу арқылы мәселені шеше аламыз», деді Насихат Бекарысқызы.
Интервьюер сайлаушылардың таңнан бері сайлауға белсенді түрде қатысып жатқандығын айтты. Сонымен қатар бір учаскеде бірнеше институттың адамдары болып, экзитпол жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Ал сауалнама нәтижелері БАҚ-да жарияланады.