Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының қалай өтіп жатқандығымен танысу мақсатында түскі сағат 14.30-да Астана қаласы Есіл ауданындағы №344 сайлау учаскесіне бас сұқтық. Бұл сайлау учаскесі Астана қаласы әкімдігінің Шейх Халифа Бен Заид әл-Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейінде орналасқан. Таңертең осы мектеп қасынан өтіп бара жатқанымызда бір-біріне іркес-тіркес күйі мектепке қарай ағылған сайлаушылар қарасының мол екендігін байқағанбыз. Ал түстен кейін адамдар шоғыры едәуір азайып қалыпты. Соған қарағанда, көптеген сайлаушылар дауыс беріп үлгірді ме екен деген ойға қалдық.
Біздің алғашқы әңгімелескен адамымыз осындағы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Серікболат Жанболатұлы Оспанов болды. Ол бізге сайлаудың өту барысы туралы әңгімелеп берді:
«Сайлау бірқалыпты өтіп жатыр. Учаскемізде сайлаушылар құқы толықтай сақталып тұр. Жалпы сайлаушылар белсенділігі жақсы деп айтуға болады. Өйткені сайлау учаскесіне тіркелген 2522 сайлаушы болса, қазіргі уақытқа дейін солардың тең жартысы дауыс беріп үлгірді деуге болады. Қанша адамның сайлауға қатысқандығын біз сізге кешкі сағат 20.00-ден кейін айтып береміз. Сайлаудың қалай өтіп жатқандығы байқаушылардың тұрақты назарында. Кемшіліктер болып жатса, бірінші кезекте солардан сұрауыңызға болады» деген учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы бізді төрге таман тізілген үстелдер басында отырған төрт адамға қарай бағыттады. Соның бірін сөзге тарттық.
«Менің аты-жөнім – Қуаныш Төлеухан. «Аманат» партиясының өкілі болып табыламын. Негізгі кәсібім – орманшы. Мен бұл жерге сағат 14.00-де келдім. Түске дейін партиямыздың атынан басқа байқаушы болған еді. Ол маған өзі байқаушылық еткен уақытта кемшіліктерді байқамағандығын айтып кеткен еді. Өзім осында болған 40 минут уақыттың ішінде сайлау заңдылығын бұзған кемшілікті байқағам жоқ. Қанша сайлаушы келгенін қағазыма түртіп алып, әрбір сайлаушыны жіті қадағалап отырмын. Сізге менің уақытымда нақты қанша сайлаушының дауыс бергендігін айтып бере аламын. Мәселен мен келген кезден бергі жарты сағаттан астам уақытта бұл жерге 65 сайлаушы келіп, жәшікке сайлау бюлетенін салып кетті. Осы жағдайдың бәрі тура біздің көз алдымызда жүріп жатыр. Ешбір қимыл-қозғалысты назардан тысқары қалдырып отырған жоқпыз. Сайлау комиссиясындағылар біздің талабымызды екі етпей орындап, біз отыратын үстелдерді бәрін бақылай алатындай жерге орналастырып берді», - деді Аманат партяисының өкілі Қуаныш Төлеухан.
Оның қасында отырған Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының өкілі екен. Аты-жөні – Маржан Көлтаева. Біздің өтінішіміз бойынша ол да осы учаскеде өтіп жатқан сайлау барысы туралы өз пікірін білдіре кетті.
«Мен осы жерде таңертеңнен бері отырмын. Сайлау барысынан айта қаларлықтай кемшіліктерді байқаған жоқпын. Бәрі де талапқа сай өтіп жатыр. Тек бізге сайлау комиссиясындағылар дауысты үйден беретін адамдарға сайлау жәшігін апаруды кешіктіріп жатқандай болған соң осыны ескерткен едік. Комиссия мүшелері ол пікірімізді бірден құп алып, үйден дауыс беретін адамдарға сайлау жәшігін апарып, дауыстарын алып келді. Әрине, бұл кемшілік деп айтуға келе қоймайтын жағдай. Дегенмен «таңертеңнен бері есте қаларлықтай қандай бір оқиға болды ма» деп сіз сұрап жатқан соң айтып жатқаным. Яғни осыдан басқа сайлаудың өту барысына қатысты айта қаларлықтай оқиға бола қойған жоқ». Сайлаушылар емін-еркін келіп дауыстарын беріп кетіп жатыр», - деді бізге Маржан Көлтаева өз сөзінде.
Жоғарыда аталған мектепте №318 сайлау учаскесі де орналасқан екен. Мұнда да сайлауға дауыс беру барысы бірқалыпты өтіп жатты. Мұнда да Қазақстан Республикасы Президентігіне сайлауға түсіп отырған 6 кандидаттың суреттері ілініп, өмірбаяндары жазылған. Сайлау комиссиясы төрағасы мен оның мүшелерінің аты-жөндері ілінген. Сайлау комиссиясының төрағасы Бағылан Бақытжанұлы Тоқсанбеков бізді сайлаудың өту барысымен таныстыра кетті. Сайлау учаскесінде екі мыңға жуық сайлаушы тіркелгендігін, әзірге қанша адамның дауыс бергендігінің есебі әлі нақты шығарылмағандығын, ондай есеп сайлау уақыты біткеннен кейін шығарылатындығын, бірақ сайлаушылардың келу қарасы мол екендігін айтып өтті.
Бұл сайлау учаскесінде де түске дейін халықаралық байқаушылар болып кетіпті. Олар сайлаудың өту барысына қатысты заң талабы бұзылды дегендей ешқандай бір ескертпе айтпапты.
Бұл жерден де еліміздің өз ішіндегі жергілікті байқаушыларды жолықтырдық. Олар түрлі партиялар мен бірлестіктердің, кәсіподақтардың өкілдері екен. Бізге сайлаудың өту барысы туралы ешқандай бір сын-ескертпелерінің бар екендігі туралы айтқан жоқ.