Саяси биліктің легитимділігі ұғымын түсіндірудің қазіргі теориялары
«Легитимділік» термині (лат. legitimus — заңды) өмір сүріп отырған билікті өзінің бағыныштыларының, сонымен қатар биліктің басқа субъектілерінің занды деп тануын анықтайды.
Саяси биліктің легитимділігі – халықтың келісіміне негізделген әрі заңмен, ережелермен, дәстүрмен анықталған билік сапасы. Легитимділік дегеніміз – халықтың үстемдік етіп отырған саяси билікті қолдауы, оның заңдылығы мен шешімдерін растауы.
Демократиялық жағдайда мемлекеттік билік легитимді болуы үшін келесі екі шарт орындалуы қажет:
1) ол халықтың қалауы бойынша қалыптасуы және көпшіліктің еркіне қарай орындалуы керек;
2) мемлекеттік билік конституциялық қағидаларға сәйкес жүзеге асырылуы керек.
«Легитимділік» терминін тарихи тұрғыда 1830 ж. Франциядағы шілде революциясы кезеңінде пайда болған легитимистер партиясының іс-әрекеттерімен байланыстырады. Олар 1789-1794 жж. революциялар нәтижесінде биліктен аластатылған Франциядағы Бурбондар династиясының идеяларын заңды және қажетті деп танып, оны заңды билік ретінде қайта жаңғыртуды ұсынған еді.
«Билік легитимділігі» ұғымын француз революциясы мен оның салдары ерекше өзекті мәселе ретінде қалыптастырғанымен, бұл ұғым қарапайым формада саяси ойлардың бастапқы кезеңдерінде-ақ пайда болған. Адамзат биліктік катынастардың, билік құру мен бағынудың пайда болу кезеңінен бастап неге біреулері билік құрып, үстемдік етеді, ал басқалары — оларға бағынып, қол астында болуы тиіс және билік, оның акциялары бағынушылар үшін қаншалықты қажетті деген сауалдарға жауап іздеумен келеді.
Легитимділік туралы мәселе билік үшін бәсекелестік күресте өте күшті қару болды. Өйткені, биліктің ауысуы, биліктік кұрылымдардағы түпкілікті өзгерістер өздерімен бірге белгілі бір аласапыран мен тәртіпсіздікгі ала келді, осының салдары — ұзақка созылған қанды соғыстарға апарып соқтырғандықтан, қоғамның саяси элитасы биліктің алмастырылуын, билік құрушы субъектілерді заңдастырудың әртүрлі әдістерін, осы процестердің астарында белгілі бір қағидалық негіздердің бар екенін келтіре отырып жасақтады. Бұл монархиялық режим жағдайында — биліктің мұраға қалатындығы туралы, республикаларда — биліктің сайлануы туралы заң.
Орта ғасырларда Еуропада зайырлы элита мен діндарлар арасында билік үшін бәсекелестік күрес орын алды. Бұл күресте шіркеу ұзақ уақыт бойы зайырлы биліктің легитимділігін тану кұқығын сақтап калды, яғни шіркеудің беделі мемлекеттік биліктің занды екендігін тануда шешуші мәнге ие болды. Легитимация — ең алдымен, осы биліктің қажеттілігін, оның бағыныштылар үшін игілікті екендігін идеологиялық және құқықтық түрғыдан негіздеу.
Легитимділік термині қазіргі саяси ғылым мен саяси практикада кеңінен қолданылады. Психологиялық көзқарас тұрғысынан биліктің легитимділігі заңдылық дегенді білдіргенмен, субъективті заңдылыққа меңзейді. Әр түрлі себептермен адамдар саяси институттарға оң баға беруі мүмкін, яғни олардың басқару шешімдерін қабылдауда қатысуын мойындау мен өз еркімен бағынуға дайын болады. Адамдар мен билік арасындағы мұндай өара қарым-қатынас легитимділік деп аталады. Легитмді билік адамдар тарапынан заңды және әділетті деп мойындалып бағаланады. Легитмділік сонымен қатар билікте авторитеттің болуында білдіреді.
Дәурен Өмірәлі
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының магистранты