Жаңалықтар

Саяси партиялардың теледебаты тартысты өтіп жатыр

Саяси партиялардың теледебаты тартысты өтіп жатыр
Фото: khabar.kz 16.03.2023 20:33 1204
«Хабар» арнасында ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауына қатысатын саяси партиялардың теледебаты басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Дебат Қазақстанның Әнұранымен басталды. Бірінші раундтың өзі екі турдан тұрады. Алғашқысында қатысушылар өз партияларын таныстырды. Алдымен Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев сөз алды.
 
«Байтақтың негізгі мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау, халықтың денсаулығы мен өндірістің заманауи, таза технологияларына негізделген қуатты экономика құру. Біз үшін әділдіктің жоғары көрінісі, адамның өмірі мен денсаулығын сақтау болып табылады. Партия жақында тіркелгенімен,қозғалыс ретінде 10 жылдық тәжірибесі бар. Біздің кандидаттарымыз табиғи ресурстарды, ашкөздік пен аяусыз игеруге қарсы. Олардың табиғи байлықтарды жоюға, экологиялық заңнаманы бұзудан зардап шеккен адамдарды қорғауға қарсы орасан зор жұмыстар жүргізуде. Байтақ партиясында эко қорғаушылар, ғалымдар, заңгерлер, экономистер, менеджерлер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, дәрігерлер және мұғалімдер бар. Сонымен қатар, әр өңірдің белсенділері біздің партиямыздың мүшелері. Кандидаттарымыз қалың бұқарамен сайлау науқанында 3700 кездесу өткізді және өңірлерде 15 мың кездесу ұйымдастырды. Әлеуметтік желі арқылы 4,5 млн адамды қамтып үлкен шараларды ұйымдастырды», - деді Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.
 
Партия өкілдерді арасында өткен пікірсайыстың бірінші турының бірінші кезеңінде «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров халыққа партияны таныстырды.
 
«Бала кезімнен шаруашылыққа жақын едім. Мына қолыммен әкемнің қасында егінді өсіріп, оның өнімін алуға үйренгенмін. Қазіргі тұрғыда біздің мекемеміз белсенді компаниялардың бірі. Мыңдаған адамды нарықта үлкен жалақымен қамтып отырмыз. Миллиардтаған салықты төлеп, халыққа көмек көрсетіп жүрген», - деді ол.
 
Партия өкілдерді арасында өткен пікірсайыстың бірінші турының бірінші кезеңінде «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров халыққа партияны таныстырды.
 
«Бала кезімнен шаруашылыққа жақын едім. Мына қолыммен әкемнің қасында егінді өсіріп, оның өнімін алуға үйренгенмін. Қазіргі тұрғыда біздің мекемеміз белсенді компаниялардың бірі. Мыңдаған адамды нарықта үлкен жалақымен қамтып отырмыз. Миллиардтаған салықты төлеп, халыққа көмек көрсетіп жүрміз», - деді ол.
 
«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партия төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев соңғы жылдары партия екі рет Президент сайлауына, үшінші рет Парламент сайлауына қатысып жатқанын атап өтті.
 
«Біздің партия мемлекеттен көк тиын да алмайды. Қатарымызда елін-жерін сүйетін нағыз патриот азаматтар біріккен. Артымызда тау қопаратын мыңдаған жас тұр. Партия барлық аудандар мен қалаларда тұрақты жұмыс жасауда. Атап айтқанда, 20 өңірде филиалдар, 1200-ден астам бастауыш партия ұйымдарымыз бар. Республика бойынша партия мүшелері 300 мыңнан астам. Өткен сайлауда 237 партиялық әріптестеріміз барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары атанып, тағы 35 партия мүшесі ауыл әкімдері болып сайланды. Бұл халықтың сенімін көрсетеді. Осы сайлаудағы нәтижеміздің одан да жоғары болатынына сенімдіміз», – деді Жигули Дайрабаев
 
Қазақстан халық партиясының өкілі Оксана Әубәкірова барша аналар қауымының мәселесін көтерді.
 
«Сенімсіз біз өмір сүре алмаймыз. Ең алдымен Құдайға, сосын барып өзімізге сенеміз. Бірақ өзгеге сенбейміз. Өйткені оны жоғалтып алдық. Қазақ халқы соғысты да, аштықты да көрді. Қабырғасы қанша қайысса да түңілмеді. Өзге елге кетіп қалып немесе мен үшін барлығы шешіліп қойған деп отыру қиын емес. Мен де олай ете алар едім. Алайда міне кешкі сегізде ауырыңқырып қалған бір жасар баламды тастап, халықтың алдына шығып тұрмын. Еріккеннің ісі ме? Әйел алдымен өзгені, сосын өзін ойлайды. Әсіресе, ана. Митингке шығып жүрген ана. Үйде отырудың орнына жұмыс істеп жүрген ана. Өз басым 63 жасқа дейін жұмыс істемей, аялы әже болып, парасатты ұрпақ тәрбиелесем деймін. Біз Астананың маңайындағы ауылда тұрамыз. Газ жоқ, газ түгіл су жоқ. Ерекше қажеттілігі бар балалар, оларды ойлап жатқан адам бар ма»,- деді «Қазақстан халық партиясы» өкілі Оксана Әубәкірова.
 
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев нақты қалай жұмыс істейтінін атап өтті.
 
«Ақжол демократиялық партиясы отандық өндірушілер мен ұлт жанды азаматтардан құрылған партия. Басқа партиялар өз бетімен уәдені үйіп-төксе, біз нақты қандай жұмыс істегенімізді және бұл жұмысты қалай жалғастыратынымызды айтамыз. Біздің басымдықтар еркін экономика мен отандық өндірушілерді қолдау, парламентті республика, капиталды елге қайтару. Ақжол партиясы Парламенттегі жұмысы кезінде заң жобаларына 10 мыңнан астам ұсыныс, 600-ден астам депутаттық сауал жолдап, заң жобасының ұйытқысы болды. бюджеттің атқарылу туралы есептер, министрлердің тағайындалуы және басқа да маңызды мәселелерді талқылағанда Ақжол партиясы өзгеше пікірін айтып, дауыс беріп үкіметті ұдайы қолдай бермейді. Парламентте жұмыс істегенде біз билік тарапынан кедергі болып келген бірқатар маңызды бастамаларды көтердік», - деді «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.
 
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» мүшесі Нұрлан Әуесбаев партиямен таныстырып, мақсатына тоқталды.
 
«Азаматтар үшін қажетті заңдар қабылдану қажет. Біздің ұсыныстарымыз президенттік, парламенттік басқару жүйесін енгізу. Халықтық Парламентті құру, Сенатты тарқату. Жүйелі жемқорлықпен белсенді түрде күресу. Тергеу жүргізіп, елден ұрланған және жасырылған қаражатты елге қайтару. Табиғи қазбаларды өңдейтін және олардың экспортымен айналысатын салалы мемлекет қарамағына қайтару. Әр адамға әлеуметтік қолдау көрсету», - Нұрлан Сатыпалдыұлы.
 
«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қауіпсіздік мәселесін көтерді.
 
«Ашығын айтайық, жылдар бойы қордаланған, жұрттың жүйкесін жұқартқан мәселе көп. Халқымыз олардың шұғыл шешілуін күтіп отыр. Біріншіден, халықтың тұрмысын жақсарту. Біз азаматтардың табысын арттыру үшін нақты шаралар қабылдаймыз. Жұмыссыздықпен жүйелі түрде күресеміз. Екіншіден, жемқорлық пен әділетсіздік. Біз ұрланған, шетел асқан миллиардтаған қаржыны міндетті түрде қайтарамыз. Сот пен прокурор, полиция, әкімдер мен шенеуніктер азаматтарымызға қожайын емес, қорған болуы керек. Бұл салаға түбегейлі реформа жасаймыз. Үшіншіден, тәртіп пен қауіпсіздік Халық – мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақтылығы үшін, қоғам – көше мен ауладағы тәртіп үшін, ата-ана – оқудағы, әскердегі баласының қауіпсіздігі үшін алаңдамауы тиіс. «AMANAT» партиясы осы түйткілді мәселелерді шешуге бар күшін салады», деді Ерлан Қошанов.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға