Жаңалықтар

Саяси партия өкілдері сайлаушылармен кездесті

Саяси партия өкілдері сайлаушылармен кездесті
Фото: El.kz 15.03.2023 21:20 1050

ҚХП төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Талғат Темірханов Қарағандыдағы ЖЭО-3 ұжымымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спикер еңбек ұжымына партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Партия өкілі ең алдымен энергетика саласындағы өзекті мәселелерді атап өтті. Ол еліміздегі электр желілерінің тозуы, білікті маман тапшылығы, Екібастұздағы апат екілді қордаланған проблемаларды тілге тиек етті.

Энергетика саласындағы кәсіпорындар төл теңгемізбен берілетін арзан несиден қағылып, салдарынан шетел банктерінен несие рәсімдеп жүр. Бір сөзбен айтқанда девальвация пайданы жұтып, елде қалуы тиіс несиенің пайыздары шетел асып жатыр. Екінші деңгейлі банктерді нақты секторды несиелеуге қайта бағыттау қажет. Сондай-ақ мемлекеттік «Өнеркәсіптік ипотека» бағдарламасын қабылдау керек.

ЖСДП-дан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына партия тізімі бойынша кандидат Нұртай Қожаханов «Interoil&Services Kazahstan» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.

Іс-шара барысында депутаттыққа кандидат жұмыскерлерді партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар сайлаушылардың сұрақтарына жауап берді.

«Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері Алматы қаласы мен Алматы облысындағы жергілікті өңдеу өнеркәсібі өкілдерімен кездесу өткізді.

Басқосу барысында отандық өндірушілер мен экспорттаушылардың жүйелік проблемаларына қатысты өзекті мәселелер талқыға салынды.
«Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуге, кәсіпорындарды экологиялық таза өнім шығаруға ынталандыруға және қоршаған ортаны қорғау мүддесіне сай бірлесе жұмыс істеуге уәде берді.

Олар қазіргі уақытта экологиялық фактор әлемдік нарық үшін де маңызды болып келе жатқанын және экологиялық таза өнім нарықтағы бәсекелестікте артықшылыққа ие болуы бек мүмкін екенін атап өтті.

«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Мұрат Теміржанов пен Екатерина Смышляева Қазақстан көлік тасымалдаушыларының одағы өкілдерімен кездесті.

Кездесу аясында ЕО елдеріне жүк тасымалдау үшін қажет құжат айналымы мәселелері, жүк көлігін Қытай шекарасындағы пункттерден өткізу проблемалары, автопарктердің тозуы және жүргізушілердің жетіспеушілігі, сондай-ақ көлік пен логистиканы цифрландыру мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Мұрат Теміржанов партияның сайлауалды бағдарламасында көлік-логистика саласын дамытуға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Қазақстан аумағынан 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді: 5 – темір жол және 6 – автомобиль жолы. Ал көлік саласы 600 мыңнан астам қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Транзиттік әлеуетті дұрыс пайдалану, көлік инфрақұрылымын салуды жалғастыру, өзге елдермен байланыс орнатуды дамытуға жәрдемдесу қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға