Жаңалықтар

Саясатты бапкерлікпен алмастырған тұлға

Бапкермен сұхбат
08.02.2016 10:36 4851

Астана қаласында 2011 жылы бой көтерген оқушылар сарайында жүз елуден аса үйірме жұмыс жасайды. Үйірмелердің алуан түрлілігіне қарамастан балалардың басым бөлігі бокс секциясына барғанды жөн санайды. Ұлы ойшыл Платонның «Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады», - деген сөзі бар. Балаларды боксқа баулу оңай шаруа емес екені белгілі. Болашақ былғары қолғап шеберлерін жаттықтырып жүрген бапкер Болат Тұрсынов осы мамандықтың қиын да қызықты тұстарымен бөлісті.

Саясатты бапкерлікпен алмастырған тұлға

– Өзіңізді таныстыра кетсеңіз...

– Тұрсынов Болат: Жасым қырық үште.  Тараздың тумасымын. Бокс үйірмесіне он жасымда барған екенмін.  Кезінде Болат Жұмаділов секілді тарландармен бірге талай жарыстарға барғанбыз. Қазақстан тәуелсіздігін алған жылы арман қуып Алматыға келдім. Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түстім. Білім жолында жүріп, үлкен спорттан қалай шеттеп қалғанымызды байқамай қалдық. Оқуды тәмамдаған соң біраз жыл кәсіпкерлікпен шұғылдандым. Сол кездері қаңырап бос қалған зауыттардың бірін сатып алып, еңбек еттім.  Алайда, бұл жұмыс өзіме ұнамағандықтан ба, бірнеше жылдан кейін өз мамандығым бойынша қызмет атқаруға бел шештім. Саясатқа араласып, халық үшін де еңбек еттім.

– Бапкерлікке қалай келдіңіз?

– Меніңше адам өзінің сүйікті ісімен айналысуы қажет. Қандай қызмет атқарсам да, жұмысым өзіме ләззат әкелмейтінін байқадым. Бір жағынан үлкен спорттан қол үзіп қалғаныма қатты өкінетінмін. Ақыры тәуекелге бел байлап, өзім оқыған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде бапкерлікті бастадым.  Балаларды жаттықтыра жүріп, Қарағанды мемлекеттік университетінің спорт факультетіне түстім. 2012-ші жылы досым, қазақ боксының мақтанышы Болат Жұмаділовтың шақыруымен Астана қаласында жаңадан ашылған оқушылар сарайына қызметке келдім.

Саясатты бапкерлікпен алмастырған тұлға

– Жаттықтырушы болудың қиындықтарын айтыңызшы?

– Бокста басты ауыртпашылық бірінші бапкерге түседі. Ағаштың түзу, я қисық болып өсуі – бақташысынан демей ме? Сондықтан, боксқа жаңадан келген баланың соққысын қою, оны үлкен спортқа жетелеу үлкен жауакершілік.  Әр бала – өз үйінің еркесі. Мінездері де әртүрлі.  Барлық баланы бір әдіспен жаттықтыру дұрыс емес. Олардың әрқайсысының кілтін тауып, жаттығуға деген қызығушылығын ояту керек.  

Саясатты бапкерлікпен алмастырған тұлға

– Жақсы жетістіктерге жетіп жүрген балалар не үшін жоғарғы сыныпқа келгенде бокстан кетіп жатады?  

– Қазіргі таңда арнайы спорт колледждер болмаса, қарапайым мектепте спортшы балаларға көп жағдай жасалмаған. Оныншы сыныпты бітірген баланың алдында «Білім» бе, әлде «Спорт» па деген үлкен сұрақ туады. Әрине көп жағдайда балалар білімді таңдайды. Өйткені, спортты таңдағанның өзінде олар болашақта чемпион болып, отбасын асырайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Екінші қиындық ол – он бірінші сынып оқитын жас-өспірім боксшылар ҰБТ-ға дайындалулары қажет. Мектептерде спортпен айналысатын оқушыларды сабақтан босату немесе оларға қосымша сабақтар беру жағы қарастырылмаған. Алайда, боксқа қатысқан балалардың барлығы чемпион болуы керек деген түсініктен арылуымыз керек. Бір байқағаным – үш жыл бокспен шұғылданған баланың мінезінде өзгерістер болады.

– Бокс балаға не береді?

– Жалпы кез-келген спорт ең алдымен баланың мінез-құлқын қалыптастырады. Ал боксқа келер болсақ, шаршы алаңда қарсыласымен кездескен бала қиындықпен күресуді үйренеді. Өйткені бокстың заңы: «сен ұрмасаң, сені ұрады».  Сондықтан маған келген балалар физикалық тұрғыда шынығып қана қоймай, психологиялық жағынан да сабақ алады. Ер балаға өзінің күш-қуатының бар екендігін, кез-келген жағдайда өзін және отбасын қорғай алатындығын білу, сезіну өте маңызды. Кіп-кішкентай балалар көз алдыңда отанын қорғай алатын үлкен азамат болып ер жеткенін байқаған уақытта еңбегіңнін зая кетпегенін түсінесің.


Сұхбаттасқан Рүстем ӘЛПИ

 Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға