Жаңалықтар

Саясаттанушылар Каспий маңы мемлекеттерінің саммитіне қатысты пікірін білдірді

Саясаттанушылар Каспий маңы мемлекеттерінің саммитіне қатысты пікірін білдірді
Фото: Ақорда 29.06.2022 19:10 1926

Саясаттанушы Асхат Қасенғали мен Самат Нұртаза Ашхабадта өткен Каспий маңы мемлекеттерінің алтыншы саммитіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz  

«Каспий біз үшін ерекше маңызға ие. Ел экономикасының басым бөлігін құрайтын мұнай мен газ Каспийде және су жолы арқылы сауда жасау мүмкіндігі біз үшін тек Каспий арқылы іске асады. Өкінішке орай басқа ірі су көздеріміз жоқ. 

Тоқаевтың сөйлеген сөзін қарап шықтым. Негізгі акцентті үш дүниеге берді деуге болады, олар: транзит (транспорт), экология және азық-түлік. 

Транзит дегенде Каспий арқылы сауда қатынасын дамытуды арттыру керектігін айтты. Порттар салу, ескі порттарды модернизациялау дегендей. Су жолы ең арзан, сондықтан әрине бұл дұрыс. Сонымен қатар «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» бағытындағы темір жол қатынасын күшейту керектігі айтылды.

Азық-түлік мәселесінде Қазақстанның ет және сүт өнімдерін өндіру потенциалының бары айтылды. Қажет болса каспиймаңы елдерінің хабын жасау ұсынылды. 

Экология. Бұл өте маңызды. Әсіресе Каспий жағалауында тұратын ағайын үшін маңызды. Теңіз ресурстарын талапқа сай қолданбау, экологиялық қауіпсіздікті сақтамау мәселесі көтерілді. Оның ішінде итбалықтарды сақтау және ең маңыздысы Жайықты қорғау айтылды. Жайық мәселесін бес ел бірігіп, ортақ жоспар құрып, шешуі тиіс деді», - деп жазды саясаттанушы Асхат Қасенғали Facebook парақшасында.

Саясаттанушы Самат Нұртаза Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қадамына баға берді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта Халқ Маслахатының Төрағасы, Гурбангулы Бердымухамедовты Қазақстан Республикасының ең жоғары марапаты «Алтын Қыран» орденымен марапаттады. Бұл қадам кейбір либерал-демократтарға түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ Түрікменстанның картасын қарап отырсаңыз, көп нәрсені аңғаруға болады. 

Қ.Тоқаев Петербордан кейін Иранға ұшып, сауда-саттық келісімдер мен Каспийды айналма жолын да ұсынып, Түркияға Иран арқылы тауар таситындай қылып кетті … бірақ Иранға жету үшін жолда Түрікменстан тұр. 

Кезінде Назарбаев Кіші Бушқа бара жатып, Үлкен Бушқа ұшақты бұрған тәрізді, Қасым-Жомарт Кемелұлы да Аркадагтың көңілін аулап кетті. Орталық Азияда «Әке» ұғымы өте жоғары дәрежеде тұратынын барлығымыз білеміз. Оның үстіне наурызда ғана президент болған Сердар қиналғанда Аркадагқа жүгіретіні түсінікті. 

Тоқ етері, Түрікменстан керек ел, көрші ел. Ішкі жағдайы - ішкі проблемалары. Араласпаймыз. Бастысы Қазақстанның мүддесі. Соны естен шығармайық», - деп жазды Самат Нұртаза Facebook парақшасында.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға