Жаңалықтар

Саясаттанушылар 2023 жылы қандай мәселеге кезігетініміз жайлы айтты

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов пен саясаттанушы Әділ Сайлаубек пікір білдірді
Саясаттанушылар 2023 жылы қандай мәселеге кезігетініміз жайлы айтты
Фото: akorda.kz 12.12.2022 18:09 2457

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған мәселелер мен тапсырмаларға қатысты ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов пен саясаттанушы Әділ Сайлаубек пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Бүгінгі Үкіметтің отырысында негізінен 2023 жылы атқаратын жұмысының жоспары, Президенттің сайлауалды бағдарламасында белгіленген бағыттары бойынша жұмысты орындау мәселесі қаралды. Президент бірнеше бағытты атап өтті. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, мемлекет тарапынан азаматтарға жасалып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көру туралы мәселе қозғалды. Баса айта кететін бір жайт – еліміздің барлық өңіріндегі инфрақұрылымның ескіргені. Бұл тек кешегі Екібастұздағы апатқа ғана емес, Қазақстанның әрбір өңіріне қатысты айтылды», – деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі.

Оған қоса ол отырыста қозғалған бірқатар мәселеге тоқтала кетті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 2023 жыл биылғы жылдан да ауыр болатынын болжап айтты. Бұл жердегі ең басты мәселе – халықтың әл-ауқатын көтерудегі экономикалық дағдарыстың негізгі салдарымен күресу. Сондай-ақ инфляцияның 24 пайыздан асып кетуі азық-түлік бағасына, халыққа тікелей әсер етеді. Бұл тұрғыдан алған кезде министрлер кабинеті бағаны нақты қадағалау мен оның көтеріліп кетпеуіне төтеп беретін нарықтық механизмді қолдану мәселесі тұр», – деді Қазбек Майгелдинов.

Саясаттанушының айтуы бойынша, Мемлекет басшысы отырыста Үкіметтің жұмысын орташа деп бағалаған. Қазірдің өзінде қоғам тарапынан Үкіметтің атқарған қызметіне көңілі толмай отыр. Алдағы уақытта кезектен тыс парламент сайлауына дейін Үкімет өзінің мойнына алған міндеттерді тиянақты әрі жоғары жауапкершілікпен орындауына толықтай мүмкін берілген.

Ал саясаттанушы Әділ Сайлаубек болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі өзекті мәселелерге әрдайым өз жолдауында, бағдарламасында тоқталып отырады дейді. Оларды орындау барысы бойынша Үкіметке, әкімдікке, министрлікке тапсырма берілді. Бірақ оған көптеген сыни пікір айтылған.

«Жаңа әкімдер тағайындалды. Отырыста енді әкімдердің орынбасарын тағайындау барысында жауапкершілігі мол азаматтарды мейлінше қазіргі жағдайды ескере отырып таңдау жасау қажеттігі жайлы сөз қозғалды. Қайткенмен де мәселе көп. Президенттің берген тапсырмалары орындау барысы ұзаққа созылмауы керек деп ойлаймын», – деді саясаттанушы.

Сондай-ақ Әділ Сайлаубек 2023 жылы орын алатынын мәселеге тоқталды.

«Мемлекет басшысы алдағы жылы қаржы жағынан біраз тапшылық болатынын айтты. Ақшаның Кеңес кезеңінен бері жөнделмей келе жатқан электр станциясына, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қазақстандық тұрғындардың жағдайы әлемдік деңгейге дейін көтерілуіне жұмсалуын басты назарға алды. Отырыста ауқымды мәселелер көтерілді. Білім беру орындары мен емханаларды салу мәселесі жайлы сөз қозғалды. Бұл назардан тыс қалмайтын мәселенің бірі деп ойлаймын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қарапайым билік өкілдерін халықты тыңдауға, әрбір азаматтың құқығының қорғалуына және байбаламға салынбай нақты істерге көшуге шақырды», – деді Әділ Сайлаубек.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға