Жаңалықтар

Саясаттанушы: Бұл сайлау – демократияға жетелейтін жол

Саясаттанушы: Бұл сайлау – демократияға жетелейтін жол
Фото: Жеке мұрағаттан 27.02.2023 18:00 2426

Биылғы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттығына сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек болады деген сөз жиі айтылып жүр. Сайлау алдында жаңадан бірнеше партия тіркелді. Депутаттыққа үміткерлердің қарасы да әдеттегіден көптеу көрінеді. Оның үстіне елге танымал кісілердің барлығы дерлік депутаттыққа ұмтылып жатқан секілді. Дегенмен саясат мол тәжірибе мен терең білімді әрі табандылықты талап ететінін де ұмытпау керек.

Сонымен биылғы сайлаудан не күтуге болады? Қандай өзгерістер болуы мүмкін? Жаңа Мәжіліске қандай міндет жүктеледі? Бұл туралы саясаттанушы Мақсат Жақаудың  пікірін сұраған едік.

«Бұл сайлау 2004 жылы кеңінен демократиялық талаптарды орындап келген сайлаудың заңды жалғасы деп есептеуге болады. Себебі елімізде 2004 жылдан бері дәл осындай кең ауқымды сайлаулар болған жоқ. Бұған дейінгі сайлаулардың барлығы да бір жақты өткізілді. Сондықтан биылғы сайлауды бұған дейін қалыптасып келген саяси монополияланған, супер президенттік авторитарлы жүйеден толығымен трансформациялы өзгерістерге аяқ басу деп бағалауға болады. Бұл жерде жеке мандаттың шығуы, партиялық тізімдік сайлаудан да анағұрлым жоғары әсер береді және демократиялық  сананың қалыптасуына үлкен мүмкіндік тудырады. Әлемдегі дамыған елдердің барлығында жеке мандаттық сайлау қалыптасқан», – дейді ол.

Айтуынша осы Мәжіліс пен мәслихатқа сайлану үдерісі алдағы уақытта сайлау технологиясымен конституциялық өзгерістердің мерейін өсіріп, көптеген өзгерістердің бастауы болмақ. Және олардың барлығы дерлік халықтық шешімдер болады.

«Қазірдің өзінде бір мандатқа 63-69 адам таласып жатса, бұл өте жақсы көрсеткіш. Егер бәсекелестік 15-20 адаммен шектелсе, ол біздің демократиялық санамыздың төмен екенін көрсетеді. Қоғамдағы кез келген белсенді азаматтың сайлауға қатысу мүмкіндігі болса,  біріншіден, азаматтық көзқарас қалыптасады, екіншіден, саннан сапа шығады.  Мұндай жағдай кезінде қырғыз көршімізде де, Украина елінде де болған.  Мәселен, Қырғызстанда сайлауға 27-28 саяси партияға дейін қатысып, айыл әкімі, аудан әкімінен бастап Жоғары кеңеске дейін осындай кандидаттар тіркелген. Бұл өте дұрыс бағыт деп қабылдау керек. Сайлаушылар осы жолы руына, танысына, жершілдікке салынып дауыс беруі мүмкін. Бірақ келесі жолы олай жасамайды. Себебі, сөзінде тұрмаған, уәдесін орындамаған депутаттарды мандатынан айыруға халықтың құқықтық мүмкіндігі бар. Осылайша уақыт өте келе саннан сапаға көшіп, халық та кімнің бағдарламасы дұрыс, кім жұмыс жасай алады тек сол кандидаттарға дауыс беретін болады.  Бұл демократияға алып баратын жол деп бағалауға болады», – дейді Мақсат Жақау.

Дегенмен, саясаттанушы әлі де автолитарлық жүйенің сарқыншақтары болатынын да жоққа шығармады. 

«Егер сайлау туралы заңды бұзғаны анықталса лауазымына, атағына қарамай жауапқа тартылу керек. Қай кезде қоғамдағы барлық адам тең құқылы болады, сол кезде елде әділдік орнайды. Қазіргі таңда халықтан ештеңені жасырып қалу мүмкін емес. Себебі әрібір адам қолындағы ұялы телефонға өзі куә болған заңсыздықтарды түсіріп алады да, әлеуметтік желілерге жариялап жібереді. Бірақ бұл жерде де негізгі мақсат біреуді бопсалау немесе хайып үшін емес, елдің болашағына, әділдіктік орнауына жұмыс жасалу керек», – деді ол.

Сондай-ақ елге танымал, белсенді кандидаттардың сайлауда жеңу мүмкіндігі қандай болатынын да сұрадық.

«Танымал әрі белсенді азаматтардың бұл сайлауда жеңу не жеңілуі өздерінің сайлауалды бағдарламаларына, халықпен етене жұмыс жасауына байланысты. Егер елдің арасына бармай, барлық кездесулерін онлайын отырып жасайтын болса, халықтың сеніміне ие болмаса дауыс жинай алмайды. Халық оған не деп, қандай мәселемізді шешеді деп дауыс береді?!   Ал, сайлауды хайып үшін, өзінің атын шығару үшін пайдалану – ол барып тұрған дарақылық. Бұл сайлауда ондай дарақылық та болуы мүмкін. Біз ол жолдан да өтуіміз керек. Келесі сайлауларда мұндай әрекеттер аз болады. Қазір халық өз дауысын үкімет мүшелеріне жеткізе алатын кандидаттардың депутат болғанын қалап отыр. Біз эконмиканы күшейтеміз десек заңдарды күшейтуіміз керек. Ал заңдарды күшейту үшін мықты депутаттар бару керек. Себебі үндемейтін, бас шұлғып ғана отыра беретін Парламенттің билікке де, қоғамға да керегі жоқ», – дейді саясаттанушы Мақсат Жақау.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға