САУЫТБЕК АБДРАХМАНОВ: БІЗГЕ АНЫҚТЫҚ, АШЫҚТЫҚ, АЙҚЫНДЫҚ КЕРЕК
Біз кеше ғана Қатар мемлекетінің астанасы Дохадан оралдық. Парламентаралық Одақтың 140-шы сессиясына қатысып қайттық.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бірнеше елдер парламенттерінің спикерлерімен өткізген кездесулерде кейінгі кезде Қазақстанда орын алған өзгерістер туралы әңгімелегенде олардың бәрі де біздегі Конституциялық талаптың сақталуы, биліктің құқықты мемлекетке тән, өркениетті сипатта ауысуы жайында разылықпен айтқанына, Елбасының ішкі және сыртқы саясатының сабақтастығы сақталатынына көңілдері толатынына қуандық. Мұның өзі елдегі саяси мәдениеттің биік деңгейін танытатынына, дүйім дүниеге мемлекетіміздің жақсы атын шығаратынына тағы да көз жеткізе түстік. Елге оралысымен елдіктің кезекті келісті көрінісіне куә болдық. Тәубе дедік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі – ел күткен шешім. Демін ішіне алып күтіп отырған халықтың көңілін күпті ете бермеу, жан-жақтан жанар қадаған сырт көзді сабасына түсіру керек еді. Оның жалғыз жолы, сенімді жолы – Президент сайлауын кезектен тыс өткізу екенін жұрттың бәрі де біліп отырған еді. Бар мәселе сайлаудың қай кезге белгіленетініне ғана байланысты болатын. Ол жағдай да айқындалды. Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау 2019 жылғы 9 маусымда өтетіні ресми жария етілді. Оны Мемлекет басшысы өз бетінше, жеке-дара шешкен жоқ. Елбасымен ақылдасты. Парламент палаталарының басшылығымен, Конституциялық Кеңеспен, саяси партиялар жетекшілерімен кеңесті. Сөйтіп барып, ел тағдырына қатысты шешім жөнінде бір тоқтамға келді. Қазақстан азаматтарына арнаған Мәлімдемесінде ел Президентін сайлауды неліктен кезектен тыс өткізу керектігін негіздеді. Айтқанының бәрі де көкейге қонымды. Қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз ету, алға қарай сенімді жылжу, әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу үшін бізге анықтық, айқындық, ашықтық керек. Оның үстіне әлемдегі ахуал да бұлтаң-бұлтаң етіп, халықаралық саясаттың ауа райы бұлыңғыр болып тұрғаны тағы бар. Ал бұл ел қауіпсіздігіне тікелей қатысты жай. Осындайда билік транзитінің уақытын созып алмау өте маңызды. Мәселенің басын тез ашып, мемлекетті дамытудың жаңа кезеңін бірден бастап кету керек. Халықтың таңдауымен, елдің тікелей еркімен сайланған басшының өзі де, сөзі де салмақтырақ болатынын айтып жату артық. Жырғалып жүретін жағдай жоқ. Ұлы Дала елінің ұлы межеге ұмтылған ұлан-ғайыр көші кідірмеуі керек.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Мәжіліс депутаты