Жаңалықтар

Саусақтарды қытырлату қаншалықты зиян?

Егер саусақтарыңызды жиі қытырлататын (кейбіреулер «сықырлату» деп жатады) болсаңыз, онда сіз өміріңізде ең кемі бір рет «Олай істеуге болмайды, бұл саусақтардың саулығына зиян» деген ескертуді естисіз.
08.01.2015 04:01 16764

Егер саусақтарыңызды жиі қытырлататын (кейбіреулер «сықырлату» деп жатады) болсаңыз, онда сіз өміріңізде ең кемі бір рет «Олай істеуге болмайды, бұл саусақтардың саулығына зиян» деген ескертуді  естисіз. Жалпы қалыптасқан түсінік бойынша бұл ермек шынымен де зиян болып келеді. Бірақ, ақпарат кеңістігін ақтара отырып, саусақты қытырлатудың еш зияны жоқ деген пікірлерді де көз шалып қалады. Осы сұрақ жөніндегі ойларға шолу жасап көрелік.

Саусақтарды қытырлату қаншалықты зиян?

Ой шолу ұғынықты болуы үшін, алдымен бір-екі сұрақты қамтыған жөн.

Неліктен саусақтарымызды қытырлатуға әуеспіз?

Бұл сұраққа әркімнің өз жауабы бар: біреулер үшін жай ғана еш мағынасы жоқ әдет қана, біреулер үшін белгілі бір рахаттану сезімі, ал өзге біреулер үшін қытырлатқан кезде шығатын дыбыс ұнайды.

Дыбыс қалай шығады?

Осыған қатысты екі түрлі гипотеза бар. Біріншісіне сүйенсек, буын капсуласы (сүйектердің бір-біріне жалғасқан жерінде орналасып, буындардың еркін қозғалуына мүмкіндік беретін ағза мүшесі) көлемі бойынша үлкейіп, ондағы қысым төмендейді. Осы кезде буындағы сұйықтық ішінде газ түйіршіктері пайда болады. Қытырлатқан кезде осы түйіршіктер жарылып, біз күнделікті еститін дыбыс шығады. Бір капсуланы қатарынан бірнеше рет қытырлата алмайсыз. Араға уақыт салу керек. 10-20 минут өткеннен соң, газдар сұйықтық ішінде қайта еріп, екінші рет қытырлата аласыз. Екінші гипотезаға сәйкес, дыбыс сіңірлер бірден жылдам созылған кезде пайда болады. Капсула мен сіңірлер созылған кезде буындардың қозғалысы жақсарып, белгілі бір комфорт сезілуі мүмкін. Дегенмен, ғалымдар осындай анық, әрі қатаң дыбыстың шығуын әлі толық анықтар емес.

Сонымен, қытырлату саусақтарымызға қаншалықты зиян?

Ресейлік ортопед-трафмотолог Игорь Лазаревтің айтуынша, саусақтарды қытырлату арқылы біз буындарымызды тұрақсыз етеміз, ал бұл жүйке талшықтарына зиян.

Бұл қытырлатуға қарсы негізгі аргумент. Ал енді қарсы тараптың аргументтеріне тоқталайық.

Калифорниялық дәрігер Дональд Унгер өте қызықты, әрі ұзақ тәжірибе жүргізген. Мұндай ұзақ мерзімді зерттеу жүргізуге оның анасы себепкер болған. Жас кезінде саусағын қытырлатқан сайын анасы оған ескерту жасап, саусақтарына зиян екендігін айтып отырған. Осыдан жас Дональд күн сайын сол қолының саусақтарын қытырлатып, оң қолынан тиіспей жүреді. Араға 60 жыл салып, 83 жасқа толғанда Дональд екі қолындағы саусақтардың жағдайы бірдей екендігін мәлімдеді.

Осы күнге дейін ешбір ғалым саусақ сүйектерімен ойнайтындар денсаулықтарына шынайы зақым келтіретіндігі туралы анық дәлел тапқан жоқ.

Бірнеше зерттеу тобы саусақ қытырлатуға байланысты зерттеу жүргізіп, бұл әдеттің зияндығы, оның артритке әкелу мүмкіндігін анықтағысы келді. Алайда ешбір ғалым саусақ сүйектерімен ойнайтындар денсаулықтарына шынайы зақым келтіретіндігі туралы анық дәлел тапқан жоқ.

Тек, 1990 жылы Хорхе Кастельянос пен Дэвид Аксельрод зерттеу жасап, қытырлату әдеті салдарынан қол жұмысы нашарлауы мүмкін деген қорытындыға келді. Олар саусағын қытырлататындарда шағын ісіктер болатынын және алақан жұмуда қиыншылықтар кездесетінін байқаған. Алайда, бұл екі ғалым қол жұмысы нашарлауының шынайы себебін анықтауға шатасуы мүмкін. Себебі қол жұмысының нашарлауы буын патологиясымен де пайда болуы мүмкін еді.

Авторлық көзқарас

Саусақты қытырлатудың зиян екендігі бұрыннан айтылып келеді. Егер «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген қағидаға сүйенсек, шындай-ақ, қытырлатуды әдетке айналдырудан аулақ жүрген дұрыс. Бұған қарсы пікірге қатысты айтарым, бүгінде ақпараттық салада сенсация қуалау белең алғаны сонша, адамдар мардымсыз дәлелге сүйеніп, үлкен жаңалық ашқандай жарияға жар салып жатқанын жиі көреміз. Дегенмен, саусағын қытырлататын адамдар дүниеде өте көп және қытырлату соншалықты қауіпті болса, біз осы уақытқа дейін оның айқын дәлелдерін көрер едік. Демек, қытырлату зиянды болғанымен, оның зияндығын біз қатты әсірелейміз.  


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға