Жаңалықтар

Сәуірден бастап несие беру тәртібі қиындады. Экономистер қандай өзгерістер енгізілгенін айтты

Сәуірден бастап несие беру тәртібі қиындады. Экономистер қандай өзгерістер енгізілгенін айтты
Фото: © Pixabay.com 05.04.2024 15:01 773

 1 сәуірден бастап елімізде шағын несие беру тәртібі өзгертіледі. Бұдан-былай микронесиені электронды түрде алғысы келгендер биометриялық тексерістен өтуі тиіс, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы» қаулыға бірқатар өзгеріс енгізді. Кредит алушыларға ғана емес, енді кредит берушілерге де талап қатаңдайды.

Сондықтан микроқаржы ұйымдары несие беру алдында клиенттің төлем қабілеттілігі мен қарыз жүктемесін бағалау үшін оның ресми кірісін тексеруге міндетті. Заңға сәйкес несие бойынша барлық төлемдер адам табысының 50 пайызынан аспауы керек. Қарыз алушының ресми кірісі болмаса, микро қаржы ұйымдары микронесие беруден бас тартуға мәжбүр болады.

Енді азаматтар микро қаржы ұйымдарынан несие алғысы келсе міндетті түрде жеке кабинетте тіркеу кезінде СДАО қызметін пайдалану арқылы биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі немесе микро қаржы қызметін ұсынатын ұйымның құрылғысы арқылы алынған биометриялық деректер пайдаланылады, - делінген қаулыда.

Клиентті жеке кабинетке тіркеген соң, қарыз алушы жеке кабинетіне қайтадан кіру үшін токен (электронды кілт), смарт-карта немесе бір реттік құпиясөзді қолдана алады. Клиенттің ұялы телефонының абоненттік нөміріне немесе банктік шотының деректемелеріне өзгерістер енгізу үшін биометрия қажет.

Елімізде 9,5 миллион жұмыс күші бар. Соның ішінде 1,2 миллион адамның мойнында уақытылы жабылмаған несиесі бар. Бұл өте көп. Егер жалпы отбасын алып есептегенде 2,5 миллиондай адам несиеге мұқтаж, - деді экономист Сапарбай Жобаев.

Микро қаржы ұйымдары мен клиент арасында микрокредит беру туралы шарт жасасу, құжатқа электрондық түрде өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін де биометриядан өтуі тиіс. Банктік шот немесе төлем картасының иесін анықтау мүмкін болмаса, клиентке ақша аударылмайды. Бұл ретте микро қарды ұйымдары өз клиенттерінің жеке деректерін сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.

Бұған дейін мәжілістің жалпы отырысында депутат Ержан Бейсенбаев қазір азаматтардың көбі жалақыға дейін күн көру үшін микрокредиттер алуға мәжбүр екенін айтып сауал жолдады. Сөзінше, бұл – өте қауіпті құбылыс. Өйткені, мұндай қарыздың пайызы аса жоғары.  

Елімізде соңғы 2 жылда онлайн кредит алушылардың саны өскен. Онлайн кредит секторында 227 мың адамның проблемалық кредиті бар. Бұл бүкіл микроқаржы ұйымының  секторының проблемалық қарыз алушылар санынан 80 пайызына тең. Әсіресе, жастар арасында несие алушылар көп.

Қарыздың пайызы аса жоғары. Тіпті, кейбір жағдай 1 мың пайызға дейін жетеді. Қазір бұл – кепілсіз қарыз алудың оңай жолы. Ақша тез әрі қарыз алушының табыс деңгейі есепке алынбай беріледі. Дәл осы сегментте жастар өте көп кредит алып жатыр, ал кейбірінің басында 2-3 кредитке дейін бар. Әрине, кредиттің деңгейінің өсуімен проблемалық кредиттер саны да артып жатыр. Бүгінде проблемалық несиелер бойынша жалпы қарыз 1,7 триллион теңгеден асады. Осыған байланысты микроқаржылық ұйымдардың осындай микрокредиттер беруіне қойылатын талаптарды қатаңдату көзделе ме? Микронесие беруді алып тастау жағы қаралы ма?, - деді ол.

Мәжілістің сот және құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ бүгінгі таңда елімізде заңнамалық тұрғыда жалақыға дейін микро несие беру мүмкіндігі қарастырылғанын айтқан еді.

Ол 45 күнге дейін 50 АЕК сомасында беріледі, бұл – 184 600 теңге. Бұл шағын несиелер қарыз жүктемесін тиісті бағалаусыз қашықтықтан беріледі. Осындай 60 компания жоғары ставка бойынша тұрғындарға микро несие бере береді.

Елімізде жастар арасында несие алатындардың қатары көбейді. Тіпті әскерде жүріп те онлайн несиені рәсімдеуге мүмкіндік болды. Енді осы нәрсе заңмен шектелді. Себебі бұл көп келенсіздік алып келді. Азаматтың табысының 50 пайызы өзінде қалып, қалған 50 пайызынан артығы несие жабуға жеткілікті болуы керек деген талаптар қойылды. Осылардың барлығын реттеу мәселесінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі пайызды көтеру мәселесін көтерді. Кезінде олар өте көп пайыз қоюшы еді, қазір 56 пайыздан төменге түсіру мәселесі де қарастырылған. Бұл заңдар несие беру және алу құрылымын реттейді. Бұл жерде несие алушылардың қаржылық сауаттылығын, табысын, несиені жаба алатын мүмкіндігін реттейді, - дейді сарапшы. 

Экономист Сарапбай Жобаевтың сөзінше, несие тұтынушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың 50 пайызы мұқтаждықтан алатынын айтқан.

Мұқтаждық адамды одан бетер қиын жағдайға апарады. Елімізде мұқтаж жандарға атап айтқанда, көпбалалы жандарға, жұмыссыздарға, мүгедектерге берілетін жәрдемдердің халыққа бармауынан азаматтар микро қаржы ұйымдарының көмегіне жүгінеді. Бұл дұрыс емес. Олар жергілікті бюджетке, жергілікті әлеуметтік қорғау бөлімдеріне бару керек. Несие алмас бұрын оны қаншалықты төлей алатынын саралау маңызды, - дейді экономист.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға