Жаңалықтар

Сауда министрлігі, Ұлттық палата және ҚТЖ экспорт тауарларын жеткізу жоспарын құрады

Сауда министрлігі, Ұлттық палата және ҚТЖ экспорт тауарларын жеткізу жоспарын құрады
Фото: gov.kz 07.10.2023 02:28 799

Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев және «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың төрағалығымен өткен Экспорт жөніндегі штабтың отырысында жүктерді теміржолмен тасымалдау басымдығы талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазіргі кезде дайын қазақстандық өнімдердің негізгі көлемі Ресей, Еуропалық одақ елдері, Өзбекстан мен Қытайға тасымалданады. Экспорт жүк ағынының шамамен 60 пайызы көмір, мұнай өнімдері, түсті металдар рудасы, тыңайтқыштар мен жалпақ металл прокатына тиесілі.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша теміржолдың жалпы өткізу қабілеті 196 млн тоннаны құрайтынын көрдік. Бұл есептік деректер. Бұл ретте жүк тасымалдаудың маусымдық ерекшелігін ескеру керек: экспорттың шамамен 40 пайызы төртінші тоқсанда жүзеге асырылады. Теміржолмен жөнелтілетін жүк тасымалын реттеу үшін бізге бірлесіп басымдықтарды белгілеу керек. Кез келген құрылым секілді Қазақстан темір жолы жоспар негізінде жұмыс істегісі келеді. Сондықтан жылжымалы құрамның жетіспеушілігі ескеріп, экспорт тауарларды тасымалдау жоспарын оңтайландыруды қамтамасыз ету үшін әдістеме әзірлеу қажет. Бұл – негізгі мәселе», – деп атап өтті жиында Арман Шаққалиев.

Жоспар әзірлеуде, ең алдымен, өңделген өнімдер мен жоғары экспорттық тиімділігі бар тауарларға назар аудару ұсынылды. QazTrade есептік деректері бойынша басым тауарлар тізіміне сары май мен май, ұн тарту өнеркәсібі, ұннан дайындалатын өнімдер, негізгі металдар, машина жасау саласының тауарлары, тыңайтқыштар мен сусындарды қосуға болады.

 «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өндірістік процестер жөніндегі атқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров теміржолмен жүк тасымалдауда ретсіздік барын растады.

«Мамыр, маусым ортасында тасымалдау ағыны бәсеңдейді. Машина жасау саласының жеткізілімдері ғана тұрақты жүреді. Қалған салалар бойынша коэффициент төмен. Тұтастай алғанда, 2023 жылдың тоғыз айында теміржолмен жөнелтілген экспорттың жалпы көлемі 7,4% өсіп, 62,9 млн тоннаны құрады. Соның ішінде темір рудасы жақсы өсім көрсетті – 2 млн тонна, дәнді дақылдар 2 млн тонна. Химия өнімдері, тыңайтқыштар мен түсті металдар рудасын экспорттаушыларымыздың көрсеткіші жақсы», – деді ҚТЖ өкілі.

Спикер қазір ұлттық компанияда Инфрақұрылымды жүктеудің динамикалық моделі бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Құжатта қазақстандық теміржолдың ерекшелігі мен өткізу қуаты, сондай-ақ жүктер мен бағыттардың басымдығы ескерілетін болады.

«Оған дейін бізге бизнес өкілдерімен бірлесіп, штаб отырысында басымдықтар мен тауарлар тізімін анықтап алу керек», – деді Бауыржан Орынбасаров.

ТЖ ақпараты бойынша Алашанькоу станциясы арқылы Қытайға тауар экспорттауда контейнерлі пойыздарды қабылдау бойынша жағдай қарашада жақсарады. Осы мерзімге қарай жүк тиеу терминалдарының реконструкциясы аяқталады.

«Штабтың бүгінгі отырысының мақсаты – паритеттер мен басымдықтарды анықтау. Штаб транзит пен экспорт паритетін, сондай-ақ вагондар бойынша басымдықтарды нақты бақылауы тиіс. Бұл шара жақын арада қарашаға арналған вагондар жоспарын құру үшін керек. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ретінде өз тарапымыздан өсімдік шаруашылығы өнімдері, астық және ТМК жүктері бағыттары бойынша ұсыныстарды беруге, тауар өндірушілермен жоспарды пысықтауға дайынбыз», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

ҰКП басшысы жиында жемге кететін астық қалдығын экспорттауды қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Биыл күн райының қолайсыздығынан отандық өндірушілер жемдік астықты көп жинады.

Жиын қорытындысы бойынша бизнес өкілдері қағидаларға сәйкес ҚТЖ-ға экспорттық жүктерді теміржолмен жеткізу бойынша қарашаға жоспарларын 2023 жылғы 11 қазанға дейін ұсынуға уағдаласты.

«Ұлттық палата қарашаға вагондар жоспарын 11 қазанға дейін ұсынады. Қазір біз келісіп, тауарлардың түрлері мен көлемі бойынша қандай кесте жүріп жатқанын, осы деректердің барлығын бағдарламаға инфрақұрылымды жүктеудің динамикалық моделін қосу үшін бізге қандай бағыттар бойынша экспорт қажет екенін айтуымыз керек. Әзірге бұл бағдарлама жоқ, біз тасымалдауды оңтайландыру мәселелері жөніндегі штаб ретінде қол режимінде басымдықты айқындаймыз. Ал ҚТЖ осы жоспарға бағдарланатын болады», – деп түйіндеді сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға