Жаңалықтар

"Сәтсіздік әлде сәйкестік": Қазақстан құрамасының Азиададағы нәтижесі

"Сәтсіздік әлде сәйкестік": Қазақстан құрамасының Азиададағы нәтижесі
Фото: Тұрар Қазанғапов 16.02.2025 14:01 529

Қытайдың Харбин қаласында қысқы Азия ойындары аяқталып, спортшылардың соңғы легі Қазақстанға келіп жетті. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі еліміз үшін жарыс қалай аяқталды, нәтижелер көңілден шыға ма деген және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

 Жалпы нәтиже

Ең басында Азиада-2025-тің жалпы нәтижелеріне тоқталсақ. Харбиндегі Азия ойындарына елімізден 10 спорт түрі бойынша 137 спортшы (72 ер, 65 әйел) қатысты. Сондағы жалпы нәтиже келесідей болды. 

Қазақстан құрамасы 4 алтын, 9 күміс, 7 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады.

Осылайша 85 спортшымыз жүлде алды (43 ер, 42 әйел). Тау шаңғысы, кёрлинг, ски-альпинизм спорттарынан жүлде бұйырмады.

Биылғы Азиаданы ойын қожайындары Қытай құрамасы жеңіп алды. Олардың қоржынында барлығы 85 медаль оның 32-сі алтын жүлде. Екінші орынға 16 алтын және 45 медаль жеңіп алған Оңтүстік Корея тұрақтады. Ал үшінші орынды 10 алтын және 37 медальмен Жапония түйіндеді.

Бесінші орынды бір алтын медаль жеңіп алған Өзбекстан мен Филиппин құрамалары бөлісті. Солтүстік Корея бір күміс медальмен жетінші орынға ие болды. Тайвань (Қытай Тайбэй) мен Таиланд жарысты сегізінші орында аяқтады.

Медальдар есебі

Қазақстандық спортшылар байрақты бәсекеде барынша өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Сонымен ел қоржынына жүлде салғандар:

Алтын жүлдегерлер:

 • Хоккей (ерлер құрамасы)
 • Шорт-трек (5000 м эстафета) – Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен, Абзал Әжіғалиев, Глеб Ивченко
 • Фристайл-акробатика (ерлер, синхронды секіру) – Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов
 • Биатлон – Владислав Киреев

Күміс жүлдегерлер:

 • Шорт-трек (аралас эстафета, 2000 м) – Яна Хан, Малика Ермек, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов
 • Конькимен жүгіру (100 м) – Евгений Кошкин
 • Шаңғы жарысы (спринт) – Константин Борцов
 • Шорт-трек (әйелдер, 3000 м эстафета) – Яна Хан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Зейнеп Құмарқан, Алина Әжғалиева, Мадина Жанбусинова
 • Аралас фристайл-акробатика – Аяна Жолдас, Асылхан Асан, Шерзод Хаширбаев
 • Биатлон – Вадим Куралес
 • Шаңғы жарысы (әйелдер) – Камила Елгазинова, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина
 • Биатлон (ерлер эстафетасы) – Александр Мухин, Әсет Дүйсенов, Кирилл Бауэр, Владислав Киреев
 • Хоккей (әйелдер құрамасы)

Қола жүлдегерлер:

 • Фристайл-акробатика – Аяна Жолдас
 • Конькимен жүгіру – Надежда Морозова, Кристина Силаева, Дарья Важенина
 • Шаңғы жарысы (10 км) – Олжас Климин
 • Фристайл-акробатика (әйелдер, синхронды секіру) – Аяна Жолдас, Ардана Маханова
 • Шаңғы жарысы (ерлер эстафетасы) – Константин Борцов, Наиль Башмаков, Олжас Климин, Владислав Ковалев
 • Биатлон (әйелдер эстафетасы) – Ольга Полторанина, Дарья Климина, Арина Крюкова, Елизавета Белецкая
 • Мәнерлеп сырғанау – Михаил Шайдоров

Кей спортшылар ел қоржынына бір емес, екі жүлдеден салып отырды. Төменде бірнеше медаль иеленген спортшылар:

 • Владислав Киреев (биатлон) – 1 алтын, 1 күміс
 • Шерзод Хаширбаев (фристайл-акробатика) – 1 алтын, 1 күміс
 • Әділ Ғалиахметов (шорт-трек) – 1 алтын, 1 күміс
 • Денис Никиша (шорт-трек) – 1 алтын, 1 күміс
 • Абзал Әжіғалиев (шорт-трек) – 1 алтын, 1 күміс
 • Алина Ажғалиева (шорт-трек) – 2 күміс
 • Яна Хан (шорт-трек) – 2 күміс
 • Ольга Тихонова (шорт-трек) – 2 күміс
 • Малика Ермек (шорт-трек) – 2 күміс
 • Аяна Жолдас (фристайл-акробатика) – 1 күміс, 2 қола
 • Константин Борцов (биатлон) – 1 күміс, 1 қола
 • Олжас Климин (биатлон) – 2 қола

Ал аймақтар бойынша нәтижеге тоқталсақ, жағдай келесідей:

 1. Астана – 17 алтын, 12 күміс, 2 қола
 2. Ақмола облысы – 1 алтын, 11 күміс, 4 қола
 3. Қарағанды облысы – 1 алтын, 3 күміс
 4. Шымкент – 1 алтын, 2 күміс, 4 қола
 5. Қостанай облысы – 1 алтын, 2 қола
 6. Павлодар облысы – 1 алтын, 1 қола
 7. Алматы – 11 күміс, 1 қола
 8. ШҚО – 10 күміс, 2 қола
 9. Абай облысы – 2 күміс
 10. БҚО – 2 күміс
 11. Алматы облысы – 1 күміс
 12. СҚО – 1 қола

Маңғыстау және Жетісу облыстары жүлдесіз қалды.

Қазақстандық спортшылардың тарихи жетістігі

Қазақстан құрамасы Олимпиада бағдарламасына кіретін 5000 метрлік шорт-трек эстафетасында тарихи алтын медаль жеңіп алды. Бұл жетістік Харбиндегі қысқы Азия ойындарына қатысқан 137 спортшымыздың арасынан Денис Никишаның әлем чемпионатының күміс жүлдегері атағына ие жалғыз спортшы екенін ескерсек, ерекше маңызға ие.

Мәселен біздің отандастарымызға қарсы шыққан Қытай құрамасының тізімі келесей еді:

 • Шаонг Лю – 2 дүркін Олимпиада және 8 дүркін әлем чемпионы
 • Лим Хё Джун – Пхёнчхан Олимпиадасының және 9 дүркін әлем чемпионы
 • Шандор Шаолинь Лю – Пхёнчхан Олимпиадасының және 3 дүркін әлем чемпионы
 • Сунь Лун – әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Оңтүстік Корея құрамасында кілең мықтылар жиналған:
 • Пак Чан Хёк – Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері
 • Пак Чи Вон – әлем чемпионы

Осыған қоса Роман Иванов пен Шерзод Хаширбаев фристайл-акробатикадан синхронды секіру сайысында алтын медаль жеңіп алды. Жігіттеріміздің қарсыластарына тоқталатын болсақ, олардың арасында Бейжің Олимпиадасының чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы Ци Гуанпу (Қытай) болды.

Қазақстан әйелдер құрамасы 3000 метрлік эстафетада күміс жүлде жеңіп алды. Бұл бәсекеде Қазақстан басты фавориттердің бірі Оңтүстік Кореяны жүлдесіз қалдырды.

Оңтүстік Корея құрамасындағы қарсыластар:

 • Сим Сок Хи – 2 дүркін Олимпиада және 10 дүркін әлем чемпионы
 • Но До Хи – 2 дүркін әлем чемпионы
 • Ким Гон Хи – әлем чемпионы
 • Ли Со Ён – әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Қазақстан құрамасы 2000 метрлік аралас командалық сайыста да күміс жүлде иеленді. Бұл жарыста біздің спортшылар Қытай құрамасын жүлдесіз қалдырды.

Қытай құрамасындағы қарсыластар:

 • Шаонг Лю – 2 дүркін Олимпиада және 8 дүркін әлем чемпионы
 • Фань Кэсинь – Бейжің Олимпиадасының және 10 дүркін әлем чемпионы
 • Лим Хё Джун – Пхёнчхан Олимпиадасының және 9 дүркін әлем чемпионы

Евгений Кошкин конькимен жүгірудің 100 метрлік қашықтығында күміс жүлде жеңіп алды. Ол бұл жетістікке әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ким Джун Хо (Оңтүстік Корея) сияқты мықты қарсыластарды артқа қалдырып қол жеткізді.

Бұл жетістіктер Қазақстан құрамасының қысқы спорттағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қазақстан алғаш рет жүлде алған сайыстар

Қытайдағы қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы фристайл-акробатикадан рекордтық 11 жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ бірнеше жаңа дисциплиналар бойынша медаль бұйырды.

Фристайл-акробатика (синхронды секіру, ерлер)

Роман Иванов пен Шерзод Хаширбаев бұл бәсекеде Қазақстан үшін алғаш рет жүлде жеңіп алып, алтын медаль иегері атанды.

Фристайл-акробатика (аралас командалық сайыс)

15 жастағы Асылхан Асан, Шерзод Хаширбаев және Аяна Жолдас аралас командалық сайыста күміс жүлдегер атанды.

Фристайл-акробатика (синхронды секіру, әйелдер)

Ардана Маханова мен Аяна Жолдас бұл бәсекеде Қазақстан тарихында алғаш рет қола жүлде иеленді.

Шорт-трек (2000 м, аралас командалық сайыс)

Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Мерсаид Жақсыбаев, Яна Хан, Малика Ермек, Алина Ажғалиева және Ольга Тихонова бұл қашықтықта алғаш рет жүлдегер атанды.

Конькимен жүгіру (100 м, ерлер)

Евгений Кошкин бұл қашықтықта Қазақстан үшін тұңғыш рет күміс жүлде жеңіп алды.

Конькимен жүгіру (командалық спринт, әйелдер)

Надежда Морозова, Кристина Силаева және Дарья Важенина командалық спринт сайысында Қазақстан үшін алғашқы қола жүлдені жеңіп алды.

Бұл жетістіктер Қазақстан құрамасының қысқы спорттағы әлеуетінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осыған дейінгі нәтиже қандай еді?

Көріп отырғанымыздай спортшыларымыз кей спорт түрлерінен нәтижелерін әлдеқайда жақсартып, керемет, тіпті, тарихи көрсеткіштерге қол жеткізді. Алайда жарыс барысында иеленген 4 алтын медаль қысқы Азиада ойындарындағы ең сәтсіз нәтиже. 

Мәселен Қазақстан құрамасы ең жоғары нәтижені 2011 жылы Алматыда өткен жарыста көрсетті. Сол кезде отандық спортшылар 70 медаль (32 алтын) жеңіп алып, жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Ал 2025 жылға дейінгі ең төменгі нәтиже 2007 жылы Қытайдың Чанчунь қаласында тіркелді. Ол кезде қазақстандық спортшылар 18 медаль жеңіп алған, оның үштен бірі алтын болған еді.

Қазақстан құрамасының қысқы Азия ойындарындағы жүлделері:

1996 жыл – 14 алтын, 9 күміс, 8 қола – 2-орын.
1999 жыл – 10 алтын, 8 күміс, 7 қола – 3-орын.
2003 жыл – 7 алтын, 7 күміс, 6 қола – 4-орын.
2007 жыл – 6 алтын, 6 күміс, 6 қола – 4-орын.
2011 жыл – 32 алтын, 21 күміс, 17 қола – 1-орын.
2017 жыл – 9 алтын, 11 күміс, 12 қола – 4-орын.

Қазақстан үшін қысқы Азия ойындарындағы ең табысты спорт түрі дәстүрлі түрде шаңғы жарысы саналатын еді. Жалпы спорт тарихымызда қазақстандық шаңғышылар 69 медаль жеңіп алған, оның 39-ы алтын.

Сонымен қатар биатлон, тау шаңғысы, шаңғымен бағдарлау, фристайл, трамплиннен секіру және конькимен жүгіру спорттары да жүлделі спорт түрлері болып есептелетін. 

Жүлделер санының азаюының басты себебі – бағдарламадағы спорт түрлерінің қысқаруы. Трамплиннен секіру мен шаңғымен бағдарлау жарыстары мүлде өтпеді, ал конькимен жүгіру мен шаңғы жарысында кейбір дисциплиналар алынып тасталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға