Сатаевтың жаңа фильмі жыл соңында жарыққа шығады
Белгілі кинорежиссер өзінің «Аудандар» (орысша атауы – «Районы») атты жаңа фильміне кірісті.
Мұнда сонау сексенінші жылдардың соңындағы Алматы өмірі көрсетіледі. Режиссер оқиға желісінің кеңестік кезеңде білім алған оқушыларға да, қазіргі жастарға да қызықты болатынына сенімді.
«Көрермендер бұл фильмдегі интерьер, экстерьерлер арқылы сексенінші жылдардың аурасын сезіне алады. Тұрмыстық заттар, автокөліктер, кейіпкерлердің костюмдері, бәрі-бәрі сол кезеңнен сыр шертеді.
Ойға алған жобамызды барынша шынайы баяндауға тырысамыз. Дәл осы тақырыпта жұмыс істегенімізге қуаныштымыз. Мен өзім алматылық болмасам да, сол жылдардағы Алматы маған көбірек ұнайды» дейді Ақан Сатаев.
Туындының желісі былайша өрбиді: 1987 жыл. Басты кейіпкер Әрсеннің отбасы қала шетінен орталыққа көшіп келеді. Жаңа мектептегі қатарластарымен достасып үлгерген бозбала жоғары сынып оқушылары арасындағы «кастаға бөліну» жүйесін байқайды. Ол Хабиб және Азамат есімді жігіттермен жақын араласа бастайды. Осы тұста Әрсен қылмыстық әлемнің шырмауына тап болады.
Бір айта кетерлігі, бұл фильмге көрерменге бұрыннан таныс емес, жаңа есімдер қатысады. Кастинг директоры Жайна Әбдиева талантты жас әртістерді екі ай бойы іріктеген. Нәтижесінде, басты рөл Е. Нұржановқа бұйырыпты. Одан бөлек, туындыда Шәріп Серік, Санұржан Сүлейменов, Нұржигит Қалдыбеков, Данияр Әлшінов, Мәриям Сатаева, Жеңіс Омаров, Әсель Сағатова, Жандос Айбасов, Жанна Қуанышева және Гүлнара Досматовалар ойнайды.
17 маусымда басталған түсірілім жұмыстары шілде айының соңына дейін жалғасады. Ал фильм жыл соңында жарық көреді деп жоспарланып отыр.
Сценарий авторы – Тимур Жақсылықов;
Қоюшы-оператор – Хасан Қыдырәлиев;
Қоюшы-суретші – Нәзира Байбекова;
Костюм суретшісі – Елена Рубанова;
Композитор – Әлим Зайыров;
Продюсерлер – Ақан Сатаев, Ернар Құрмашев және Әлия Меңдіғожина.
Картинаны «AstanаFilmFund» компаниясы «SataiFilm» және «KCG» студияларымен бірлесіп түсіріп жатыр.
Әзірлеген – Айбота Өтеулі