Жаңалықтар

Сарыарқаның төсіндегі Қарағандыны мекендеген достығы жарасқан литвалықтар

Сарыарқаның төсіндегі Қарағандыны мекендеген достығы жарасқан литвалықтар
23.03.2019 06:54 4842

Тарихы сонау 1932 жылдан бастау алатын киелі Қарағанды жері сол кездегі Петропавл қаласынан бөлініп шығып, өз алдына дербес 14 ауданы бар облыс болып құрылғанына биыл 97 жыл толады екен.

Аймақтың көрнекті өкілі Абдолла Асылбеков облыстық кеңес атқару комитетінің тұңғыш төрағасы қызметінде басшылық еткен облыс бүгіндері экономикалық-әлеуметтік дамуы алдыңғы шенде келе жатқан аймақтардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде еңбек жолын бастап, отбасын құрған, тарихы өте бай өлкелердің бірі.

1938 жылы құрылған екі жылдық мұғалімдер институты араға 90 жыл салып еліміздің бетке ұстар жоғары оқу орындарының бірі - Е. Бөкетов атындағы мемлекеттік университетке айналып шыға келді.

Сол кезде бірнеше ғана мың тұрғыны бар Қарағанды аз уақыт ішінде өсіп, көркейіп, халық саны 162 мыңға бірақ жетті. Қазіргі таңда Қарағанды облысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, халық саны жақын арада 1 млн-ға жететін еліміздің ірі қалаларының біріне айналуы тиіс. Қазір облыс орталығында 500 мың тұрғын бар.

Алыстағы 1944 жылы Қарағандының түбінде жатқан Теміртауда Қазақ металлургиялық қайта өңдеу зауытының негізі қаланып, мартен пеші қатарға қосылып, отандық тұңғыш болат қорытылды. Араға үш жыл салып 12 млн тонна көмір өндіріліп, Қарағанды аймағы Одақтағы үшінші отын ошағы ретінде әйгілі болып шыға келді.

Бертін келе, 1950 жылы облыстағы екінші жоғары оқу орны, алғашқы медициналық жоғары оқу орны студкнттерге өз есігін айқара ашты. Ал 1953 жылы облыстағы үшінші жоғары оқу орны Қарағанды тау-кен институты (қазіргі мемлекеттік техникалық университет) тұңғыш рет студенттер қабылдап, техникалық, инженерлік мамандарға тапшылықты жоюға көшті.
Атақты ғарышкерлер мен көмір кен орындарын байытумен айналысқан қарағандылықтардың құтты мекені болып саналатын Қарағандыда облыс атын елге ғана емес, бүкіл әлемге танытқан әйгілі жерлестер жетерлік. Олардың қатарында Тәттімбет Қазанғапұлы, Ғабиден Мұстафин, Евней Букетов, Нуркен Абдиров, Қасым Аманжолов, Владимир Шаталов,Тоқтар Әубәкіров, Геннадий Головкин, Серік Сапиев сынды Қарағанды жерінің көрнекті өкілдерін атап өтсек, жеткілікті болар.

Айтпақшы, Шешенстан Республикасының тұңғыш Президенті Ахмат Қадыров та Қарағанды облысының тумасы болып шықты. Сөйтсе, сонау 1944 жылы оның отбасы мыңдаған ингуштар мен шешендер секілді Қазақ жеріне жер аударылған екен. Алайда, 1957 жылы Қадыровтар отбасы өз отандарына аман-есен оралады.

Алайда Сарыарқа жері Шешенстанның тұңғыш Президентін ұмытпапты. Оған арнап Ахмат Абдулхамитұлының «Халықты сүю - Алладан қорқу» деген сөздері жазылған арнайы монумент орнатыпты. Ал 2014 жылы Қарағандының жаңа мөлтекауданындағы көшелердің біріне Ахматтың құрметіне көше аталған екен. «Вайнах» жергілікті шешен-ингуш этномәдени бірлестігі кезінде терроритстік шабуыл кезінде құрбан болған саясаткердің есімін келер ұрпақ үшін тарихта қалдыру үшін арнайы ұсыныспен шыққан екен.

Орталық Қазақстанның этникалық құрылымының қалыптасуы мен даму тарихының өзі де сан қилы әрі ұзақ уақытқа созылады. Өлкені қоныстандыру әртүрлі уақытта және түрлі жағдайларда жүргізілгені тарихтан белгілі.

Облыс ХХ ғасырдың 30-40 жылдары Сталин қуғын-сүргініне ұшыраған халықтың орналасқан мекеніне айналды. Бұл жерде атақты КАРЛАГ орналасты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия, Жапония, Италия және Румыния әскери тұтқындарының концлагеріне айналып, 5152 әскери тұтқын жерленген деген ақпарат бар. Бүгінгі таңда ол жерде Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына арналып Мемориалдық ескерткіш орнатылған.
Жалпы Қарағанды облысын бүгінгі таңда қазақтардан басқа көптеген ұлт өкілдері мекендейді. Олардың қатарында ең көп шоғырланғандары - орыстар, украиндар, беларустар, немістер. Ал сайып келгенде, Қарағанды өңірі 100-ден астам этнос өкілдері қоныс тепкен құтты мекен деуге әбден болады. Солардың барлығына  ұйытқы болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырған достықтың киелі шаңырағы - Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдың наурыз айында құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына сәйкес, ұлттардың бірлігін асырып, этностардың салт-дәстүрлерін, мәдениеті пен бай тарихын, жас ұрпақтың ана тілін сақтап қалуға, үйренуіне жәрдемдесу, жағдай жасау үшін жер-жерлерде құрылып, қызмет жасап отырған этномәдени ұйымдарға жан-жақты қолдау көрсету үшін құрылған ҚХА еңбегі өз алдына бір төбе.

ҚХА дамыту тұжырымдамасы (2025 жылға дейін) негізінде облыстық ҚХА мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға негізделген жұмыстарды тиянақты іс жүзіне асырып келеді.

Оның қызметі Елбасының 2018 жылғы сәуірдегі ҚХА ХХVI сессиясында белгілеген негізгі міндеттерге негізделген: «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету бойынша ғылыми-ағартушылық жобаны іске асыру бойынша жұмыстарды іс жүзіне асыруға, қайырымдылық жұмыстарын, сондай-ақ ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмысын ілгерілетуге, жастарды бай тарихымызды құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталған.

Облыс әкімі қасынан құрылған консультативтік-кеңесші органның құрамына 105 адам кіреді. Олар этномәдени бірлестіктердің, аймақтың зиялы қауымының, ардагерлер кеңесінің, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері болып табылады.

Қарағанды облысы ҚХА төрағасы болып аймақ басшысы саналады. Қазіргі таңда ол қызметті Ерлан Қошанов атқаруда. Төраға орынбасарлары — «Понтос» Грек мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Деспина Касапиди мен облыстық мәслихат депутаты, білім беру меценаты Бекзат Алтынбеков.
Республикалық Ассамблея құрамына 21 қарағандылық кіреді. Олар облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ұлттардың қалаулы топ және дін өкілдерінен жасақталған.

Облыстық Ассамблеяның хатшылығы сессияларды, облыстық ҚХА Кеңесінің, ғылыми-сараптамалық топтың, қоғамдық келісім мен аналар кеңестерінің отырыстарын, семинарларды, ғылыми-практикалық конференцияларды, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып өткізумен айналысады.

Онда этносаралық келісімді нығайтуға, аймақта тұратын этностардың мәдениетін, тілдерін сақтауға және дамытуға бағытталған бір топ мәселелер талқыланып, қарастырылады, тиісті шешімдер қабылданады.

Қарағанды қаласында 2015 жылы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, ол аймақтағы ҚХА жұмыс органы болып бекітілді. Қазіргі таңда облыста 3 Достық үйі жұмыс істейді. Оның ішінде біреуі Қарағандыда, екеуі аудандрда - Жезқазған мен Сәтбаевта.
Бір айта кетерлігі, облыстық ҚХА жанындағы журналистер мен сарапшылар клубы белсенді жұмыс атқаруда. Ол үшін арнайы «Достық аймағы» альманах-журналы да шығарылып тұрады.

Сонымен бірге «Қоғамдық келісім» мен Аналар кеңесі, қайырымдылық пен меценаттар клубы, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық штабы, Қарағанды облысының ҚХА Жастардың үйлестіру кеңесі құрылып, аймақта қарқынды қызмет атқаруда.

Аймақта тіркелген 55 этномәдени бірлестік 23-і облыстық, 32-ы қалалық және аудандық болып бөлініп, өз қызметтерін жүзеге асыруда. Қалалар мен аудандарда облыстық қоғамдық бірлестіктердің 4 филиалы және 22 бастамашыл тобы қызмет жасайды.

Солардың арасында ең белсенділерінің бірі - «Lituanica» қоғамдық бірлестігі десек, қателеспеген болармыз. Аталмыш ұйымға Мемлекет басшысының өкімімен 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болып тағайындалған Виталий Тварионас жетекшілік етеді. Ол  Қазақстан және Литва Республикасы Президенттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Сұхбатқа тартқан басты кейіпкеріміз – Виталий Тварионос мырза Қазақстанның азаматы, осы жердің тумасы. Сонау зобалаң жылдары оның арғы аталары тағдырдың тәлкегімен, сол кездегі саясаттың қыспағымен Қазақ жеріне жер аударылған. Арғы ұрпағы Қарағанды жеріне қоныстанып, ошақ құрып, біржолата осы жерді мекендеп, екінші отаны ретінде ыстық ықыласымен қабылдаған. Құшағын жайған қазақтарға ризашылықатырынан басқа еш айтарлары жоқ.

Өскелең ұрпақ бейбіт туы желбіреген көк аспанның астында Қазақстан азаматы ретінде ғұмырлы өмір кешіп жатқандарын қайда жүрсе де зор мақтаныш сезіммен айтатындықтарын алға тартады.

«1947 жылы литвалықтардың басым көпшілігі дәл осы Қарағанды облысына жер аударылған. Олардың арасында менің де арғы аталарым бар еді. Қазіргі таңда мұнда 2500 мыңнан астам литвалықтар өмір сүреді.

Біз сонау 2003 жылы, шама-шарқымыз келгенше, «Литуаника» деген атпен ұйым құрдық. Ең алғашқы қадамымыз сәтті болды. Ал бертін келе Қарағанды қаласында «Достық» үйі ашылғалы тынысымыз кеңейіп, рухани жаңғыруға алған қадамымыз бен мүмкіндіктеріміз арта түсті. Осыған дейін тек қана «Литовский двор» деген қонақ қарсы алатын өзіміздің ұлттық нақыштағы шағын ауылымыз ғана болса, енді міне облыста орналасқан 22 ірі этностың басын біріктірген үлкен достық шаңырағы – зәулім ғимарат пайда болды», - дейді В. Творионос. 

Орталық облыстың және қаланың мерекелік іс-шараларына белсенді ат салысады, ана тілі мен мемлекеттік тілді оқыту, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға баулып, литва мәдениетін дамытуға ерекше мән береді. Литва бірлестігі жанында демалыс мектебі жұмыс істейді, онда түрлі жастағы тілек білдірушілер білімдерін жетілдіреді. Орталық барлық қажет әдебиеттермен толық қамтамасыз етілген. Қоғам мүшелері Литваға барып тілдік тәжірибеден өтіп, өнермен айналысуға мүмкіндік алып отыр. Бірлестік патриоттық тәрбиеге деген мәселені ерекше назарда ұстайды.

«Өз ұлтымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеп, тілімзіді, тарихымызды ұмытпай, оны келесі ұрпаққа жалғастырып, аманат ету үшін қолдан келгенше тырысып-бағып жатырмыз. Оңай емес әрине, дей тұрғанмен де, оң нәтижесі бар. Өскелең ұрпақ аз да болса, ана тілін үйренуге бет бұруда, арнайы Литвадан сатып әкелінген дискілерді тыңдап, өлең, әндер, әңгімелер, сұхбаттар түрінде құралған тілдік курстарды үйренуде», - дейді сұхбаттасушы.

Этномәдени мүшелері Президент Жолдауының негізгі тұстарын, Тәуелсіздік жылдардағы Қазақстанның қол жеткізген жетістігін, этносаралық төзімділік пен шыдамдылық үлгісін үнемі насихаттайды.

Қарағандылық литвалықтар Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп «Память во имя будущего» жобасы аясында жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шараларға молынан қатысып, ғылыми еңбектердің тұсаукесерін, семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар, репрессияға ұшыраған азаматтардың тағдыры жайында көрме ұйымдастырып, өткізіп тұруды жақсы дәстүрге айналдырған.

«Литуаника» бірлестігінің шығармашылық ұжымы облыстық, республикалық деңгедегі шараларға белсенді атсалысады.

«Литва стилінде тұрғызылған «Литовский двордың» біз үшін киелігі соншалық, онда осы күнге дейін балаларға арналған түрлі шараларды өткізіп тұрамыз. Литва халқының ұлттық мерекелерін де осында атап өтеміз. Айтпақшы, мына зәулім ғимарат арнайы технологиямен салынған, ғасырлар бойы қызмет етуге дайын.

 

Біз мұнда түрлі қайырымдылық шараларын да өткізіп тұрамыз. Жалпы мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, шама-шарқың келгенше көмек жасап тұрған жақсы ғой, сауабы мол болады. Сол себепті біз Ассамблеяның бастамасымен де, өзіміздің жеке ынтамызбен де жылына ондаған қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, көпбалалы отбасыларға, мүгедек жандарға, жетім-жесір балаларға, соғыс ардагерлеріне аянбай ақшалай да, азық-түлікпен де көмек көрсетіп тұрамыз.

Біз ай сайын қайырымдылықпен, Литва мен Қазақстанның мерекелерімен байланыстырылған кем дегенде екі шара ұйымдастырып тұрамыз.», - дейді В. Творионос мырза.

Айтпақшы, ғимараттағы әрбір ас ішетін стол таза ағаштан шебердің қолымен жасалған екен. Ал мына рояльдің өзінің ерекше тарихы бар, қаншама иесін ауыстырған екі ғасырлық тарихы бар немістің музыкалық аспабы ақыры аяғында литвалықтардың ауласына бұйырған сыңайлы. 

«Литовский двор» кешені өзіне қажет электр қуатын желден алады екен, ол үшін мұнда арнайы екі жел диірмені орналастырылған.

Ал ғимаратты жылыту үшін орнатылған барлық радиаторлар арнайы Литвадан алдыртылған. Мұндай жылу радиаторларын Қазақстанның еш жерінен таппайсыз.

7000 мың шаршы метрді алып жатқан ғимарат балалардың алаңсыз ойнауына қажет арнайы бөлмемен жабдықталған.

Ал ар жағында жазда немесе қыста емін еркін отырып демалуға жайғасатын қосымша кең жарық бөлме салынған.

Айтпақшы, Қарағанды, Балхаш, Жезқазған қалаларында саяси-қуғын сүргінге ұшыраған литвалықтардың есімдерін дәріптеп, тарихта сақтау үшін ескерткіш тақтайлары орнатылған. Ол үшін де литвалық этномәдени бірлестік белсенділері аянбай үлкен үлес қосыпты.

Бірлестік төрағасы Литва астанасы Вильнюсте өтетін литвалықтардың халықаралық конференциясына және Литваның Евросоюз шараларына жиі қатысады. Сол арқылы өздерінің тарихи отандарымен байланыстарын нығайтып, екі  ел арасындағы достастық қарым-қатынастың нығаюына өзіндік септігін тигізуде.

Виталий Творионос Литва мен Қазақстан арасындағы көлік тасымалдары шартының дәнекершісі ретінде де бірталай қызмет атқарып үлгерген. Логистика саласында бірнеше қызмет түрлерін ұсынумен айналысады.

Айта кету керек, 2018 жылдың маусымында «Литуаниканың» ұйымдастыруымен Қарағандыда «Литвалықтардың мәдени мұрасы. Қазақстандағы литвалықтар» атты мерекелік іс-шара өтті. Облыс көлемінде атқарылып жатқан игі істерді насихаттап, халықтар достығын нығайтып, ел бірлігін сақтауға сүбелі үлес қосып отырған литва этномәдени бірлестігінің бұл қомақты шарасы десе де болады.

Оған Қазақстан Республикасы ҚХА төрағасының орынбасары Виталий Тварионас, Литва Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Витаутас Науджужас, Литва Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Регимантас Гецявичус сынды жоғары меймандардың қатысуының өзі шараның қандай жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілгендігін аңғартса керек.

«Бізде отандық және шетелдік тауар өндірушілердің өнімдері саудаланатын сауда, көрме залдары бар. Орталыққа келушілерге, сонымен қатар, ұлттық тағамдардан дәм татуларына мүмкіндік жасалған. Мұның барлығын біз тегін жасаймыз. Сонымен қатар, бізде орталығы Қарағандыда орналасқан Литваның Қазақстандағы Құрметті консулдығы жұмыс істейді.

Бір қызық жайт бар. Қарағандыға сүрапыл кезде жер аударылған литвалықтар қазір Литваның өзінде құрып бара жатқан кейбір салт-дәстүрлердің генофондын сақтап қалып отыр.

Литвалықтар нанды ерекше қадірлейді. Бізде арнайы нан кесетін тақтайшалар да бар. Оның ерекшелігі сол, сіз нанды кескенде оның үгітінділері столға немесе жерге шашылмай, тақтайшаның екінші деңгейінде орналасқан торқапшыққа жиналады. Кейін ол нан үгінділері жинап алынады да, одан шаруадағы әйелдер тағы бір ас түрін жасап шығарады. Ысырапсыздықтың керемет үлгісі деп осына айтыңыз.

Біз Қарағандыны Қазақстаннның мәдени орталығы деп санаймыз, сол себепті де Литвадан арнайы қонақтарды рақаттана молынан шақырамыз», - дейді В.Тварионос.  

Өткен ғасырдың еңбекпен түзету лагерьлерінің ең атақты да ауқымдысы – Карлагтың естеліктері Долинка елді мекенінде жиналып сақталған. Ондағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы соңғы жылдары шетелдіктердің ерекше қызығушылын арттыруда. Литва Республикасынан арнайы «Экспедиция Карлаг» арнайы жобасымен туристер делегециясы Қазақсанға ат басын бұрғаны белгілі.

Делегаттарды Литва сеймінің депутаты Паулюс Саударгас мырза бастап келді.

Жоғары меймандар солақай саясаттың құрбаны болғаны көптеген елдің азаматтары жерленген Спасск мемориалды кешенінде гүл шоқтарын қалдырды. Бұл жерде қуғын-сүргінге ұшыраған бейбіт халықтың рухына Литва мемлекеті атынан арнайы белгі де орнатылған. 

Сонымен қатар, Қарағандыға жұмыс сапарымен «Сібір Миссиясы» жобасы аясында Литва делегациясының келіп кеткенін де В. Тварионос мырза ерекше ілтипатпен атап өтті.

 Аталмыш ауқымды жоба  ҚХА қолдауымен Қазақстан мен Литва елдерінің арасындағы қарым-қатынасты нығайту және жер аударылған литвалық азаматтардың зираттарын жөнге келтіру, шет елдерде тұратын литвалықтармен кездесулерді өткізу мақсатымен әс жүзіне асырылуда.

Литва Республикасының шетел істері жөніндегі вице-министрі Дарюс Скусявичюс бастап келген делегация мүшелері Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен де кездесті. Литва жағы екі ел арасындағы әріптестік үшін, аталмыш экспедицияның жас мүшелері 2018 жылы жаз айларында Қарағанды облысына келіп, естелік белгілерін орнатқан кезінде көрсетілген қолдаулары үшін ризашылықтарын білдірді.

Сол сапарларында экспедиция  мүшелері Қазақстанға жер аударылған литвалықтардың Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш, Шахтинск, Саран қалалары мен Абай ауданындағы зираттарының басындағы естелік белгілерін қалыпқа келтіріп, зираттардың аумағын абаттандырған еді.  

Сөйтіп, кең байтақ Қазақ елін 7000 мыңнан астам литва ұлтының өкілдері мекендейді екен. Біреулері жер аударып келсе, енді біреулері кезінде тың даланы игеру үшін арнайы комсомол жолдамасымен жол тартқан дейді. Қалай болғанда да, олардың барлығы 80 жылдан астам Қазақ жерін мекендеп, оны жатсынбай, өзінің екінші отаны деп жүрек басып кеткен. Кезінде жел-дауылы соққан қазақ даласына көшкен литвалықтар қазақтардан пана тауып, кейінірек өз алдарына отау тігіп, жергілікті ерекшеліктерге сәйкес өмір кешудің қыр-сырын игеріп, саманнан үй салып, малды қалай бағу керектігін үйренген. Жергілікті тұрғындар керісінше, литвалықтардан ағаш пен темірден, саз балшықтан ыдыс аяқтар жасаудың қыр-сырымен алмасқан.

Сөйтіп, бір-біріне бауыр басып кеткен екі халық етене араласып, 80 жылға созылған ортақ тарихын көзінің қарашығындай сақтап келеді. Мұның барлығы екі халықтың болашағы – жас ұрпақтың бойына мейірбандылық, достық пен ынтымақшыл қасиеттерін дарыту мақсатында атқарылып отырған игі істер. Себебі, мына аумалы-төкпелі кезеңде, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру қиын болып бара жатқан заманда татулық, бүтіндік, жарастықты, береке-бірлікті сақтап қалу өте маңызды екені айтпаса да түсінікті болар.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Оқи отырыңыз: 

ЕЛБАСЫ: ЕҢ БАСТЫСЫ - БІРТҰТАС ҰЛТТЫҢ - ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ БАСТАЛДЫ

ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ БІРЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛГІСІ – ЕЛБАСЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН АТАП ӨТУДЕ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға