Сарыағашта 5 жасар қызды зорлап өлтірген қылмыскер сотталды
Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өліміне күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровқа кастрация жасалады.
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Адам өлтіру" және "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті.
Сондай-ақ сот айыпталушыны жәбірленуші жаққа 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
Марқұмның ата-анасы үкімге келісетінін жеткізді. Бірақ бұрын сотталушыға жеңіл жаза берген судья мен прокурорды жазалауды сұрады.
Ал айыпталушы сотта өзіне жазаны жеңілдетуді өтінді.
Айта кетейік, сот ауылдасын балтамен ұрып денсаулығына ауыр зиян келтірген тұрғынға 3 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған. Оның бұған дейін кісі өлтіріп, 10 жыл түрмеде отырғаны ескерілмеген. Кейін дәл осы ер адам 5 жасар қызды бірнеше рет пышақтап өлтірген.