Сары бәйбіше
Айдаушы атқосшылар түгелдей шулап:
– Апа соны қаласа, ала берсін, ол бәрібір жылқыға ілесе алмайды, - деседі.
Жігіттер алдын орап кеткен соң Қара Хайдар өзге шешім айтпады. Құласары айғырды алып қалуға рұқсат етті. Нұрила белбеуін айғырдың мойнына байлап, жетеледі де жүре берді. Жаман лашықтың белбеудің екінші ұшын қыстыра салды. Айғырдың мүлдем жуасып, тырпаңдық танытпағанына Қара Хайдар қайран қалды. Құлыны бар сауын биені таңдамай, Нұриланың кәрі айғырды қалағаны. Жұмбақ болып көрінді. Мұнда не сыр бар, деп қатты ойланды. Түбінде бұл тегін әйел емес деген түйінге тірелді. Нұриланы өзіне ана тұтқаны есіне оралып, тілеулес, түптес жанашырдай сезінсе де, көңілін мазалаған бір бір күйбең күдікті білгісі келді. Бірақ өмірдің өзі анықтай жатар деп, бұл ойынан тез тыйылды.
– Алла көруге жазса, сізбен тағыда жүздесерміз, апа – деп Қара Хайдар Нұриламен қоштасты. Көп жылқыны алдына салып, қуған айдаушылар Кіші Тұраның шығыс иығыныдағы жайуат асудан асып, ұлы сәске кезінде көзден тасаланады.
Жылқы түлігінің ішіндегі ерекше бәйге жүйріктер үйірін қарақшылар айдап әкеткені жайлы хабар Сары бәйбішенің ауылына ертеңіне азанда жетті. Бестоғайдағы көп жылқының жауапкершілігі ағайынды Жантас пен Тоғанаста болатын. Сол күні жылқыларды күзетсіз қалдырып, үйлерінде шілдехана той өткізген еді. Қарақшылардың жолы болып, егесіз малды еркін игеріп, айдап әкеткен болатын. Бұл жағдай екі жылқышыға аспаннан жай түскендей әсер етті. Олар дереу бақташы жігіт Бекқұлыны Сары бәбішенің ауылына жіберіп, түс кезінде теректі бекінісінде күтетінін мәлімдеді. Өздері қарақшы әкеткен жылқылардың ізіне түсті. Әуелі айнала төңіректі сүзіп шықты, бірақ ешқандай белгі байқалмады.
Екі жылқышы теректі бекінісіне келіп, аттарын демалдырып, өздері бұлақтан су ішті. Сары бәйбішенің адамдарын осы жерде тосты. Кешікпей суыт жүрісті қуғыншылар төбе көрсетті. Топ басшысы Сары бәйбішенің баласы Байтоқты болып шықты. Олар тобына екі жылқышыны қосып алып, Кіші Тұра тауына бет түзеді. Бұл кезде күн екпіндіге ауып қалған еді. Қуғыншылар Ырғайлы бұлағына келгенде, қара лашық үйдің белдеуінде байлаулы тұрған Құласары айғырды көрді. Топ атты енді солай бұрылды. Дереу аттарынан түсіп, жағдай сұрады. Нұрила кешеден бергі көрген білгендерін қуғыншыларға айтып берді. «Жылқыны қумаңдар, қарақшылар қарулы, өздеріңді мерт қылады» деді.
– Енді не істейміз, - деп Зеріптің ұлы Жалмамбет сөзге араласты. (жалғасы бар)