Жаңалықтар

Сары, Баян батырлар

Халқымыздың сан қырлы тарихы мен сан қырлы тағдырына үңiле қарасақ, бiздерде өнеге тұтар iрi тұлғалар да, тәлiм аларлық қанды­қансыз оқиғалар да баршылық екен.
04.09.2014 03:36 6151

Халқымыздың ,басынан өткерген сан қырлы тарихы мен сан қырлы тағдырына үңiле қарасақ, бiздерде өнеге тұтар iрi тұлғалар да, тәлiм аларлық қанды-­қансыз оқиғалар да баршылық екен. Отаршылықтың илеуi, тоталитарлық өкiметтiң билеуi кезiнде шаң-­тозаң басқан тарихымызды, аттары халық жадынан ұмытыла бастаған бiртума арыстарымызды аршып ала бастасақ, «Осылардың батыр-­билерi таусылмайды екен. Ұшарымызды жел бiледi, қонарымызды сай бiледi деп, қаңбақ сияқты қысы­-жазы көшiп жүрген қазақтарда қандай мемлекет болсын, қараңғы, жартылай жабайы халықтың не  тарихы бар дейсiң?! Ел бастаған серкесi, қол бастаған батырлары да болмаған» деп күңкiлдейтiндер көбейiп бара жатыр. Қазақтың бытырай қонған елiн, ұлан­байтақ жерiн қызғыштай қорғап, «толарсақтан қан кешкен» ата-бабаларымызды ұлықтай берудiң бiр қажеттiлiгi осында.

Күңкiлдеушiлер ғана емес, басқа ұлт өкiлдерi де қазақтың егемендi, iргелi ел болғанын,  шетiнен  жауынгер,  айбынды ер болғанын бiле берсiн. Бiз әңгiмелеп отырған Сары, Баян батырлар да қазақ халқының ұлт болып қалуының өзi қыл үстiнде тұрған кезде Қабанбай, Бөгенбай батырлармен тiзе қосып жоңғар басқыншыларына төтеп берумен қоймай, оларды жер бетiнен жойып жiберуге атсалысқан сардарлар. Екеуi де Уақ руынан. Он екi аталарына дейiн батыр болған екен. Орта жүздiң алты арысының екеуiн құрайтын Керей мен Уақ (шын аты – Жанар) – ағайынды екi кiсiнiң баласы. Керейдiң әкесi – Ошыбай, Уақтың әкесi – Жаубасар, екеуi де ел ұранына айналған адамдар. «Жаубасар» деп жауға шабатын Уақ руынан шыққан батырлар – Қарақасқа атты Қамбардан бастасақ та бiр төбе. Қазақ қауымына танымал тұлғалар: Еркөкше, Ер­ қосай, Бетеге, Қылды батыр, Өтемiс, Ерсары, Батыр Баян – ел тарихында iздерi сайрап жатқан батырлар.

Кейбiр тарихшылар Сары мен Баянды бiр­ақ адам, Баян батыр денелi сары кiсi екен, сондықтан халық «Сары Баян» деп атап кеткен дейдi. Ол – қате, Сары, Баян батырлармен жорықта бiрге болған Тәтiқара ақынның:

 Бөкейдi айт Сарыменен Дулаттағы,

Дәрiпсәлi, Маңдайды айт Қыпшақтағы.

Өзге батыр қайтса да, бiр қайтпайтын

Сары менен Баянды айт Уақтағы, – дегенi бар («Әй, заман-ай, заман-ай». І том, 70-бет).

Үмбетей жырау да Сары мен Баянның ерлiгiн көзiмен көрген адам:

Қаракерей  Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Сары, Баян мен Сағынбай

Қырмап па едi жауыңды,

Қуантпап па едi қауымды,

Ұмыттың ба соны, Абылай?

(«Әй, заман-ай, заман-ай». І том, 79-бет).

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға