"Сардар А" командасы Дубайдағы турнирде үздік үштікке енді
Еліміздің "Сардар А" командасы UAE SWAT CHALLENGE-2025 турнирінде жалпы есепте үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Дубайда өтіп жатқан UAE SWAT CHALLENGE-2025 халықаралық турнирінде Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметінің "Сардар А" арнайы бөлімшесі екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша жалпы есепте үшінші орынға тұрақтады. Мемлекеттік күзет қызметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Сардар А" командасы екінші кезеңнің жеңімпазы атанып, тапсырманы 00:53:39 минутта орындаған. Алда әлі үш сайыс күні мен кезеңдер күтіп тұр.
1-5 ақпан аралығында Дубайда өтіп жатқан бұл турнирге Мемлекеттік күзет қызметінің "САРДАР" арнайы бөлімшесінен екі команда – "Сардар А" және "Сардар Б" қатысып жатыр. Айта кетейік, былтырғы жарыста "САРДАР" командасы жүлдегерлер қатарынан көрінген болатын.
UAE SWAT Challenge – әлемнің арнайы жасақтары арасындағы бейресми әлем чемпионаты. Оны "Спецназ Олимпиадасы" деп те атайды. Биыл бұл жарыс алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Командалар тактикалық сайыс, шабуылдық жарыс, офицерлерді құтқару, биік мұнаралардағы тапсырмалар және кедергілер жолағынан өту секілді номинацияларда сынға түседі.