Сарбаздардың аналары әскерге шақырушылардың тұрмыс жағдайымен танысты
Әскерге шақыру науқанын өткізу кезеңінде "Аналар жүрегі" сарбаз аналары комитеті" РҚБ төрайымы Лилия Хайруллина Фарида Баубековамен бірге қалалық жинақтау пунктінде болып, оның қызметімен жақынырақ танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі
Қоғамдық ұйым өкілдері медициналық кабинеттерді, қызмет орнына жіберілгенге дейін әскерге шақырылушылар орналастырылатын тұрғын үй бөлмелерді аралап, тамақ өнімдерінің сапасы мен жинақтау пунктінің асханасындағы мәзірмен танысты.
Казармалық үй-жайларды аралау кезінде аналар әскерге шақырылушылармен әңгімелесіп, олардың көңіл-күйін сұрады. 21 жастағы әскерге шақырылушы Аспандияр Әбілхасенов жергілікті әскери басқару органына шақыру қағазы бойынша келгенін айтты. Ол:
Мен Қарағандыдағы "Спасск" полигонында қызмет ететін боламын. Ештеңеге алаңдаушылық жоқ. Сәл ертерек шақырылмағаныма өкінемін. Отбасылық жағдайға байланысты кейінге қалдырылған едім. Жақындарым өмір мектебінен өту туралы шешімімді толық қолдады. Менің мерзімді қызметті лайықты атқарып, келісімшарт бойынша қызметімді жалғастырамын деген үмітім бар, – дейді.
Лилия Хайруллина Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Айдын Сағымбековке ата-аналар қауымымен тығыз қарым-қатынас жасағаны және әскерге шақырылушыларға жасалған жағдаймен жақынырақ танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.
Алғашқы әсеріміз жақсы. Барлық жерде тазалық сақталған екен. Ас ішер асхана мен жуынатын орын да бар. Біз казармаға барып, дәрігерлермен және әскерге шақырылушылардың өздерімен сөйлестік. Қорғаныс министрлігінің қазіргі басшылығымен ашық, әрі сенімді қарым-қатынасқа қол жеткізгенімізге қанағаттанамыз. Бұл әскерге шақырылушылар мен сарбаздардың туыстары мен жақындары тарапынан туындайтын көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Қалалық әскерге шақыру комиссиясының мүшесі запастағы полковник Ғани Артықов әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды цифрлық есепке алу туралы айтып берді. Ол бұл инновацияның көптеген мәселелерді қашықтан шешуге мүмкіндік беретінін түсіндірді. 17 жастағы жігіттерге енді жеке істі жинап, тіркелу үшін шақыру пункттеріне келудің қажеті жоқ. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың арқасында бұл рәсім автоматты түрде жүзеге асырылады. Әскери қызмет өткермегендерге әскери билеттер беру де тоқтатылды.