Жаңалықтар

Сарапшы: Жазаны күшейту – елдегі зорлық-зомбылықтың алдын алады

Сарапшы: Жазаны күшейту – елдегі зорлық-зомбылықтың алдын алады
Фото: Жеке мұрағат 03.10.2023 10:00 1957

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздегі бірқатар маңызды мәселелерді қамтыды. Бұған қатысты «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КеАҚ ғылыми қызметкері Ерболат Шайланов өз пікірін білдіріп, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі.

Елімізде соңғы уақытта болып жатқан жаңалықтар әлі де балалар үшін қолайлы орта құру мәселесі өзекті екенін көрсетті. Жолдауда кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық, буллинг және оқу сапасы туралы мәселелер көтерілді. Аталған мәселелердің шешу жолдары да ұсынылды. Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық үшін тағайындалатын жазаны күшейту еліміздегі зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алады деп ойлаймын, - деді Ерболат Сексенбайұлы.

Сондай-ақ Ерболат Шайланов білім беру ұйымдарында әлемнің оң тәжірибесі мен еліміздің ұлттық ерекшелігін ескере отырып, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуға бағытталған бағдарламаны енгізу осы мәселені шешудің бір жолы екенін айтады.

Жолдауда көтерілген мәселелерді іске асыру қарқынды жүргізілуде. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023 – 2025 жылға арналған кешенді жоспары жолдауда көтерілген бірқатар мәселелерді шешу бойынша шараларды қамтиды. Кешенді жоспар «Балалардың зорлық-зомбылықтан, жәбірленуден және оларға қатыгездікпен қараудан қорғалу құқығын іске асыру», «Балалардың суицидтік және аутоагрессивті мінез-құлқының профилактикасы және оны түзету» және «Қазақстандық балалардың саламаттылық деңгейін арттыру» бойынша жұмыстарды жүзеге асыруды көздейді, - деді ол.

Ғылыми қызметкердің айтуынша, кешенді жоспарда Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту мәселелері де қамтылған.

Оның ішінде, финдік KiVa бағдарламасының тәжірибесі бойынша білім беру ұйымдарында балаларды жәбірлеудің профилактикасы жөніндегі бағдарламаны әзірлеу, педагог-психологтардың штат санын ұлғайту, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында педагог-психологтарды, психологтарды, әлеуметтік педагогтерді даярлау мазмұнының бағдарламасын қайта қарау, білім беру ұйымдарының педагог-психологтарына, әлеуметтік педагогтеріне супервизия ұйымдастыру және өткізу секілді шаралар Жолдауда көтерілген мәселелерді жүзеге асыруда нәтижеге қол жеткізуге ықпал етеді деп ойлаймын, - деді Ерболат Сексенбайұлы.

Ерболат Шайланов жоғарыда аталған шараларды жүйелі іске асыру кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық, буллинг секілді Жолдауда көтерілген мәселелерді шешіп қана қоймай, балалардың әл-ауқатын арттыруға оң ықпалын тигізеді деген ойда.  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға