Сарапшы: Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтудың сәтті тетігі – қосымша білім беру
Компетенцияларды дамыту орталығы «IteachMe» қоғамдық қорының директоры Бегалиева Захира Оңғарбайқызының айтуынша, онлайн формада қосымша білім беру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір бойын өзін дамуына мүмкіндік береді.
Жастардың қоғамда өз орнын табуы, нарықта сұранысқа ие болуы үшін цифрландырудың маңызы зор екені ешкімді таң қалдырмас. Бұл жерде білім алуға, білімін жетілдіруге кез келген адамға физикалық мүмкіндіктеріне және жасына қарамастан, мүмкіндік бар. «IteachMe» қоры «Шеврон» компаниясымен бірге оқу бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Бағдарламаның басты ерекшелігі – қатысушылар өздерінің digital дағдыларын жетілдіріп, монетизациялай алады, - деді ол.
Оның айтуынша, осының арқасында қатысушыларға деген сұраныс артады. Маман бағдарламаның жеке методологиясы бар екенін айтты. Қатысушылардың 80%-тен астамы мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Курста қатысушылар психологиялық тұрғыдан да саналарын шынықтырады. Апатиядан қалай шығуға болатыны үйретіледі.
Ең бастысы, олар тәуелсіз әрі өз-өзіне сенімді бола түседі. Жаңа мақсаттарға жетуге ұмтылыс пайда болады. Курсты жасаушылар нарықты үнемі зерттеп отырады. Жұмыс берушілердің сұранысына сай оқу бағдарламасын жасақтап отырады, - деді ол.