Сапарбай Жобаев: Қосымша құн салығын көбейту – қажет шешім
![Сапарбай Жобаев: Қосымша құн салығын көбейту – қажет шешім Сапарбай Жобаев: Қосымша құн салығын көбейту – қажет шешім](/storage/storage/element/2025/02/07/mainphoto/141537/1200xauto_C5A1oBCqseu3Foo6JSq0MTV7gGZ0ad9jO629Dj2K.jpg)
2025 жыл әлемдік және ұлттық экономика үшін жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктер кезеңі болмақ. Пандемиядан кейінгі қалпына келтіру үдерісі аяқталып, жаһандық нарықтар тұрақтылыққа ұмтылғанымен, геосаяси шиеленістер, инфляциялық қысым және технологиялық өзгерістер экономикалық жағдайға айтарлықтай ықпал етуде. Осыған орай, El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі белгілі экономист Сапарбай Жобаевпен сұқбаттасып, 2025 жылы Қазақстан экономикасын қандай өзгерістер күтіп тұрғанын біліп қайтты.
El.kz: 2025 жылы әлемдік экономиканың даму перспективалары қандай? Толығырақ тоқтала кетсеңіз.
Сапарбай Жобаев: Әлемдік экономиканы Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банкі сияқты халықаралық ұйымдар 3%-ға өседі деп болжап отыр. Себебі АҚШ билігіне Трамптың келуі бұған дейін орнатылған әлемдік тәртіпті өзгертейін деп тұр. Мәселен, бүгінде АҚШ Канада мен Мексикадан келетін тауарларға 25%-дық кеден салығын салса, Қытайға 60 пайыздық баж салығын саламыз деп отырған еді. Қазірше Қытай товарларына 10 пайыз кеден салығын салды. Қытай мен Америка арасында ең үлкен сауда айналамы бар. Олар 600 миллиард долларлық сауда жасайды. АҚШ кеден төлемін осылай көбейте берсе, сауда айналымы төмендеп кетуі мүмкін. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, Израиль мен Хамас, Иран арасындағы қақтығыстар әлемдік экономиканың қарқынды дамуына кедергі болатыны сөзсіз.
El.kz: Сіздің ойыңызша Қазақстан экономикасын қандай ұзақ мерзімді өзгерістер күтіп тұр?
Сапарбай Жобаев: Қазақстан экономикасын салыстырмалы түрде жақсы десек болады. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде күтілген нәтижелерге жеттік. Біздің нарық бар болғаны 20 млн. адам, ал Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде 180 млн-дық нарық бар. Сондықтан өндірісті дамыттық. Шетелдік инвестицияларға, әсіресе Қытайдың инвестициясына көңіл бөлдік. Пандемия сәл кедергі жасағаны болмаса, жалпы бет алысымыз жаман емес. Бүгінде көрші Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс бізге де зиянын тигізіп, санкциялардың кесірі экономикамызға теріс әсер етуде. Біздің сыртқы экономикалық байланыстарымыздың 80%-ы Ресей территориясы арқылы жүзеге асырылады. Ашық теңізге шыға алмайтынымыз – тағы бір шешуін күтіп тұрған мәселе.
Сондай-ақ Ресейдің экономикасы өзгеріске ұшырады. Олар қорғаныс саласына бюджетінің 25-30%-ын аударып жатыр. Ал бұл - біздің өнімдерге сұраныс азаяды деген сөз. Біздің ең үлкен сауда әріптесіміз - Қытай. Оның да бүгінгі жағдайы мәз емес. Кезінде олар 10-11 пайыз өскен болса, қазір 5-6 пайыздық өсімді зорға беріп жатыр. Ал ондай үлкен экономиканың әлсіреуі мұнайға, біздің шикізаттарға сұраныстың азаюына әкеледі. Қытай экономикасындағы күрделі мәселелердің бір себебі - халқының жастары аз болуы. Ал зейнеткерлер саны, керісінше, 300 млн-нан асып жығылады. Оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі бар. Осыған орай Қытай басшысы «Бір белдеу, бір жол» жобасын ұсынып, Орталық Азияны, Оңтүстік-Шығыс Азия, Лаос, Тайландты қоса алғанда өзінің экономикасын жергілікті көрші мемлекеттермен сауданы нығайтып, дамытпақшы. Қытайдың АҚШ пен Еуропаның дамыған мемлекеттермен байланыстары шиеленіскен. Мәселен, бұрын олар Ресей арқылы Еуропаға экспорттық тауарларды жіберуші еді. Ал қазір Ресей мен Белорусь мемлекеті жабық. Украинада соғыс. Олар біздің Каспий теңізі, Кавказ арқылы жіберуге мәжбүр болып тұр. Өте үлкен мөлшерде инвестиция салынуда. Осы мәселелер Қазақстан экономикасына кедергі болса, бір жағынан транспорттық-логистикалық экспорттық әлеуетімізді өсіріп тұр. Дамудың және бір бағыты, Қазақстан Түркі және Орталық Азия республикаларындағы байланыстарды шешіп, еркіндету керек.
El.kz: Инфляция, пайыздық мөлшерлемелер және геосаяси тұрақсыздық әлемдік нарыққа қалай әсер етуі мүмкін деп ойлайсыз?
Сапарбай Жобаев: Әлемдік экономикада да, ішкі экономикамызда да монтерлық саясат деген түсінік бар. Монетарлық саясатты біздің Ұлттық банк жүргізеді. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда, бізде инфляция деңгейі жоғары. Неліктен? Біз - дамушы елміз. Жыл сайын мемлекеттік, квазимемлекеттік кәсіпорындарда істейтіндердің жалақысын көтеріп отырамыз. Десе де өнімнің өсуі аздау, ал жалақы көбеюде. Бұндай кезде инфляцияны тоқтата алмайсың. Осыған орай экономистер, әсіресе, қаржыгерлер тек, 350 мың теңге көлеміндегі орташа жалақыға дейінгілерін индексациялау керек деген ұсыныс айтуда. Ал миллиондап жалақы алатын биліктегілер мен олигархтардың мемлекеттен жалақы алуларын шектеу керек. Президент бастапқына 2019 жылы осы мәселелерді шектеу үшін прогрессивтік салық жайлы айтқан еді. Содан бері біздің билік бұл нәрсені істегісі жоқ. Осы мәселе соңғы кездері лайықты дәрежеде көтерілмей жүр. Салаға жауаптылар инфляцияны шектеуге, пайыздық мөлшерлемені жөнді түзеуге, шағын және орта бизнесті дамытуға құлқы жоқ. Олар өз табысын ғана ойлайды.
El.kz: 2025 жылы Қазақстан экономикасында қандай негізгі тенденциялар болуы ықтимал?
Сапарбай Жобаев: Әлемдегі геосаяси жағдай, Трамптың билікке келуі біздегі саясатты көп өзгерістерге ұшыратты. Неге? Оның «Американы ұлы елге айлантырамын» атты ашық саясаты дүниежүзіндегі қаржылық қорлардың ендігі ретте АҚШ-қа қарай ағылады дегенге саяды.
2025 жылда Қазақстан экономикасында ең негізі мәселе - Президентіміздің алдымызға қойған, 2029 жылға дейін ЖІӨ екі есе көбейту. Ол 450 млрддолларға жеткізу үшін кемінде жыл сайын 5-7 пайызға өсуіміз керек. Ол үшін жоғарыда айтқан кейбір қауіп-қатерлердің барлығын шешіп, көрші мемлекеттермен әсіресе Түркі мемлекеттері ұйымымен байланысымызды бұдан да дамытуымыз керек. Ол үшін ең әуелі біздегі кейбір жемқорлық мәселелерін шешу керек. Сосын аграрлық өнеркәсіпке инвестиция тарту үшін жерді қаладағы латифундисттердің қолынан алып, дихандарға беру керек. Себебі ауылдағы жастар ауылда жер ала алмай, қалаға көптеп ағылуда. Квазимемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру керек. Себебі инвестор ешқашан әкімге, министрге емес, жеке кәсіпкерге, жер және өндіріс иеленушіге инвестиция береді. Әрине біздің мүмкіндіктеріміз мол. Президент тапсырмасын орындау үшін машина жасау, металлургия, қайта өңдеу салалары, туризм, фармацевтика, азық-түлікке ерекше мән беріп, Қытаймен көбірек бірлескен кәсіпорындар құрып, осы тенденцияны дамытуымыз керек. Бастысы транспорттық-логистикалық әлеуетімізді көбейту қажет. Осы жағынан бізде өте көп мүмкіндіктер бар. Десе де әлі де шешімін таппаған мәселелер жеткілікті.
El.kz: Ұлттық валютаның тұрақтылығы мен девальвация қаупі туралы не айтасыз?
Сапарбай Жобаев: Ең жақсы валюта – бір қалыпты, тұрақты ұлттық валюта. Жоғары, төмен түсіп, өзгеріп тұрған валютада шетелдік инвесторлар өзінің бизнес-жоспарын түзе алмай қалуы мүмкін. Сондықтан валютаны тұрақтандыруға әрекет жасаймыз. Сонда да дамушы мемлекет екенімізді ұмытпаған жөн. Әр жылы инфляция деңгейімен теңгеміздің сатып алу қабілетін төмендетіп тұрсақ, біздің экспорттаушы кәсіпорындарды ынталандырады. 1 миллионға экспорт жасаған кәсіпорын, ұнын немесе өсімдік майын экспорттаса, бүгін 517 млн теңге алады. Ал егер 2025 жылдың жаз ортасында 540-қа барса, 540 млн тг алады. Көріп тұрғанымыздай, 23 млн теңге көп алады. Сол себепті сәл де болса, девальвация емес, сатып алу мүмкіндігін төмендетіп тұруымыз керек. Ресейдің экспорттық саясаты сондай. Өйткені олар рубльдің бағамын төмендетеді. Ойлап қарасақ, Қазақстан сөрелерінде Ресей тауарлары неге көп? Олар өзінің ақшасын төмендетіп, біздің тауарлармен бәсекелестікті арттырады. Біз де сондай саясатты ұстауымыз керек. Сол себепті жылына бір рет теңгенің сатып алу қабілетінің 5-7 пайыз төмендеуіне таңданудың қажеті жоқ. Үйренуіміз керек. Мәселе осыда.
El.kz: Шетелдік және отандық инвесторлар үшін Қазақстанда қандай мүмкіндіктер қатары қарастырылған? Сондай-ақ, қандай қауіп-қатерлер бар?
Сапарбай Жобаев: 1995 жылдардан бастап біз инвестиция тарта бастадық. Әрине, ол кезде әрбір инвестормен жеке жұмыс істедік. Өте көп жеңілдіктер бердік. 2003 жылы «Инвестиция туралы заң» қабылдадық. Сол кезде шетелдік инвесторларға негізгі үш түрлі преференция, жеңілдік берілген. Яғни, қондырғыларды қосымша құн салығынан және мүліктік салықтан азат еткенбіз. Кедендік төлемдерден, жерге өндіріс салынатын болса, сол жерді жалға беру төлемінен босатқанбыз. Табыстарынан 20 пайыздық салықтың 5 жылғы түріне қарап, 10 жылға дейін жеңілдіктер бердік. Осы тектес мүмкіндіктер бергеніміз үшін Қазақстанға шетелдік инвесторлар көптеп тартылды. Шикізат саласына, басқа салаларға да келді. Бұл инвестициялық климаттың осы күнге дейінгі жақсы болғанын білдіреді.
El.kz: Шағын және орта бизнес үшін 2025 жылы қандай мүмкіндіктер ашылады?
Сапарбай Жобаев: Шағын және орта бизнес адамдарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Өзін-өзі қаржымен қамтамасыз ету мүмкіндігін береді. Олар мемлекетке жәрдем қажеттілігінен өздерін құтқарады. Шағын және орта бизнестің мақсаты да, әлеуеті де сол. Шағын және орта бизнес Еуропа мемлекеттерінде Жалпы ішкі өнімнің 50-60 пайызын береді. Ал бізде 30-35 пайыздан аспай жатыр. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, мемлекеттік меншіктегі квазимемлекеттік кәсіпорындар кедергі жасайды. Мәселен, кез келген кәсіпорын транспорттық қызмет немесе басқа да коммуналдық төлемдері үшін шағын және орта бизнеске жүгіну керек. Біздің әкімдіктер қымбат көлікті сатып алып, гараж ашып алады. Осылайша, шағын бизнеске мүмкіндік бермейді. Өзінің гаражына өте көп ақша төлейді. Кейін әрбір екі-үш жылда көліктерді баланстық бағада өздері сатып алады. Сол үшін біздің әкімдіктер мен министрліктердің сондай қызметтері бар. Квазимемлекеттік кәсіпорындар да сондай. Сол себепті оларды жекешелендірместен шағын және орта бизнесті дамытамыз деу - жай тыраштану. Халықты алдау.
El.kz: Салық саясатының өзгеруі кәсіпкерлікке қалай әсер етеді? Сондай-ақ, қаржы секторындағы реформалар туралы не ойлайсыз?
Сапарбай Жобаев: Салық саясатымыз туралы ұзақ дәріс оқуға болады. Бұл - фискалдық саясат. Экономикалық саясатта фискалдық және монетарлық саясат деген түсінік бар. Ал фискалдық саясат бұл - салық және бюджет саясаты. Бізде бүгінде 115 трлн теңгелік жалпы ішкі өнім болса, бюджетке бар болғаны 17-18 триллион салық жиналады. Бұл 17 пайыз ғана. Сол үшін бізге инвесторлар келеді, көрші мемлекеттердің адамдары келіп жұмыс істейді. Ал дүниежүзінде бұл көрсеткіш 20-25 пайыз. Сондықтан қосымша құн салығын көбейту қажет. Кейін әлгі бай-бағландарға қатысты жеке табыс салығын кіргізу керек. Кейін қыруар табыс тауып жатқан квазимемлекеттік кәсіпорындар, банктерге 20 пайыздық корпоративтік табыс салығын 25 пайызға көтеру керек деген әңгімелер шығады. Бірақ біздің олигархтар «жабулы қазан жабулы қалсын» деп мәселені ысырып қояды. Президентіміз 2019 жылы «монополистерді азайтамыз» деген еді. Бірақ бұл тапсырманың орындалуына елімізді жайлап кеткен жемқорлық кедергі болып тұр. Ендігі үміт келесі 2026 жылда. Әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға бюджет түсімі өте аз. Сәл болса Ұлттық қорға жабысады. Облигация шығарып, қарыз аламыз. Ол өз кезегінде экономикамызға ауырлық түсіреді. Ұлттық қорға тиіспеу керек. Ұлттық қор - болашақтың ақшасы. Ол бізге табыс әкелуі керек. Ал біз оны байлардың қалтасына салып беріп отырмыз. Салықтық саясатын оңтайландыру дегенде осыны айтамыз.
El.kz: Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін қандай шаралар қажет деген ойдасыз?
Сапарбай Жобаев: Осы мәселеде біздің кейбір популистік саясаткерлермен келіспеймін. Қазақ халқы өте сауатты. Кей кездері «Қазақтар қаржы пирамидаларына ақша салып, алданып жатады. Сауатсыз. Несие ала береді» деп айтатындары бар. Ойлап қарасаңыз, ең күрделі мәселе - ипотекалық несие. Несиенің бұл түрін қазақстандықтар өте жақсы меңгеріп алған. Сол себепті қаржылық сауаттылығымыз жоғары десем қателеспеймін. Дегенмен, Үкімет қаржылық сауатттылығымызды бұдан да жоғарылатуға ат салысуы қажет.
El.kz: Сұқбатыңызға рақмет!
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)