Жаңалықтар

Сапалы қарбызды қалай таңдау керек? 

Диқандар кеңес береді
Сапалы қарбызды қалай таңдау керек? 
23.08.2019 11:21 12370

Жадыраған жаз аяқталуға жақын. Осы мезгілде елімізге сырттан келген көкөніс пен жеміс-жидектің санында есеп жоқ. Экспортталғаны да қаншама? Дәл қазір дәмі тіл үйіретін маусымдық бақша өнімдерінің саудасы да қызып тұр. Әсіресе, қарбыз сатушыларының наны жүріп жатыр. Ал сол өнімдердің сапасы сын көтере ме? El.kz интернет-жобасы Нұр-Сұлтан қаласындағы базарлар мен сауда орындарында, сондай-ақ, апта сайын өтетін жәрмеңкелердегі қарбыздың сапасын анықтауға тырысты. Ендеше, елордалықтар қандай қарбыз жеп жүр және жемісті таңдау мен сатып алу кезінде нендей заңдылықтар сақталуы керек? Оның пайдасы мен зияны жайында не білеміз немесе білмейміз? Осы және өзге де сауалдардың жауабын бүгінгі мақаламыздан оқи аласыздар...

(Суретте: «Астаналық» базарындағы сөреде тұрған қарбыздар)

Пайдасы мен зияны қандай?

Қарбыз калориясыз болғандықтан оның ағзаға тигізер пайдасы көп-ақ. Диетологтар бұл өнім өзінің бірегей диеталық тағам ретінде құнды екенін алға тартады. Десе де, құнарсыз екен деп қомағайлыққа салынуға тағы болмайды. Тәулігіне 2-3 келіден көп қолдансаңыз пайдасынан зияны көбейіп кетуі әбден мүмкін. Жемісті емдік мақсатта қолдануға болатынын бірінші арабтар анықтаған екен. Кейіннен мұны медицина саласының мамандары да қуаттайды. Яғни, ас ішер алдында қарбыз жеген адам ағзасы толықтай тазаратын көрінеді. Ал халық емінде бұл жемісті шемен және сары ауруға шалдыққандарға көбірек жегізеді. Демек, қан мен лимфа сұйығы көбейіп, ағзаға қайта сіңе алмауынан терінің астыңғы бөлігіне, тіндер мен буынға, ағзаға сұйықтықтың (транссудаттың) жиналуы кезінде жиі қолданса адам ауруынан бірден-ақ айығады екен. Қарбыздың тек ішіндегі шырынды бөлігі ғана тұтынуға жарамды десеңіз де қателесесіз. Оның дәндері мен қабығы, шырыны да дәрілік мақсатта пайдаланылады. Бұл несеп жүргізуде таптырмайтын ем.

Әлгінде айтқанымыздай, тәтті ас бүйрек пен бауырға, ішкі ағзаға тұз, тас жиналғанда өзінің айтарлықтай көмегін тигізеді. Сондай-ақ, ол темірге бай. Сондықтан қан аздық (анемия-авт.) ауруымен ауратындарға да көп тұтынуға кеңес беріледі. Бойымыздағы артық холестеринді тысқа шығаруға, қан тамырларының ішкі бетіне холестериннің сіңіп, түйіншек болып жиналып, шоғырланып қалуын болдырмау (атеросклероз-авт. ) үшін де пайдалы. Әсіресе, жаз мезгілінде буын ауруларымен ауырғандарға (артрит-авт.), ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылған кезінде немесе қанда несеп қышқылы артып, тұздардың буындарда, дене мүшелерінің басқа тіндерінде жиналуынан пайда болған созылмалы сырқаттарға (подагра-авт.), қант диабеті дертіне ұшырасқандарға жемісті көп мөлшерде тұтыну ұсынылады. Тіпті, аталған ауруларға бой алдырғандардың ас мәзірінде қарбыз күн сайын болғаны жөн.

Ал семіздік «синдромымен» басы қатқандар үшін қарбыз жеп, тез-ақ қалыпқа келуге болады. Диетаның бұл түрі өз нәтижесін аз уақытта-ақ көрсетеді. Безгекке шалдыққандар болса өнімді шырын ретінде тұтынғандары абзал. Көру қабілеті төмендеген жандар мен тынымсыз тіршіліктен шаршағандар үшін де қарбыз жеу ең дұрысы. Ультракүлгін сәулелерден оқшаулап, ағзадағы жетіспейтін «С» және «А» дәрумендерін байытып алуға болады. Қарбыздың сыртқы қабаты бас ауруын дереу жазуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ағза үшін тым ерте піскен қарбыздан гөрі, қабығы дұрыс жуылмаған өнім әлдеқайда қауіпті екен. Бұл жөнінде украиналық шенеунік, нақтыласақ осы елдің денсаулық сақтау министрі Ульяна Супрун өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, елді бір шулатқан. Министрдің постында сырты тазаланбаған қарбызда «Salmonella» немесе «Listeria» деп аталатын ішек инфекциялары көп болатыны айтылады. Әсіресе, жол шетінде, ет базарының жанында сатылатын өнімдерде аталған вирустар көптеп кездеседі. Сол үшін қарбызды қолданар алдында оны міндетті түрде тазалап, сумен жуу керек. Әйтпесе аса қауіпті бактериялар ағзаға, яғни ішекке түсіп кетуі мүмкін. Қанында калий көп адамдар бұл өнімге тым әуес болмағандары жөн деп кеңес беруді де ұмытпаған. Себебі, аталған аурумен ауратындардың бұлшық еті немесе аритмиясы асқынып, адам төзгісіз ауруларға әкеліп соғуы ықтимал.

(Суретте: Қарбыз құрамындағы нитрат мөлшерін тексеретін құрылғы)

«Қарбыздың құрамында қант мөлшері салыстырмалы түрде аз, дегенмен өнімнің шырынды бөлігінің литрінде 60 грамм қант болады. Сол үшін бұл өнімді аса көп жеу де кері әсерін береді. Ол көп жағдайда гликемиялық жүктемеге соқтырады. Ал жемісті талшыққа бай, өзге де өсімдік тағамдарымен араластырып жесеңіз қауіптілігі азайып, пайдасы арта түседі. Яғни, қандағы глюкозаның бірден арттырып жіберудің алдын алады», - деп жазады Супрун.

Сонымен бірге, ол қарбызда пайдалы дәрумендермен бірге оксал қышқылы және трипсин тежегіштері секілді антинутриенттер барын қаперге салады. Сондықтан жемістің дәндерін кептіріп, қуырып тұтынса пайдасы әлдеқайда жоғары болмақ.

Қарбыздың осынша көп пайдасы химиялық қоспалар мен көктей жұлынудың әсерінен де жоғалады. Сосын тұтынушы ағзасына кері әсерін тигізетін жайттар да жиі кездеседі. Бұған елімізде жаз мезгілінде тамақтан уланатындардың көбейіп кететіні дәлел. Ал қарбызды сатып алу кезінде піскенін немесе піспегенін анықтау үшін арнайы белгі салмаған жөн. Біріншіден, ондағы пышақтардың тазалығы сақталмайды, екіншіден қарбызға пышақ тигеннен соң оны 60 минут ішінде жеп үлгеру керек. Әйтпесе, ол өзінің тағамдық құндылығын жоғалтады екен. Қарбыздың неғұрлым дәндері көп әрі қара-қоңыр түсті болғаны жөн. Бұл олардың табиғи жолмен өсірілгенінен хабар береді. Керек десеңіз, жемістің өте қызыл, тым тәтті болғаны да ағзаға зиян. Өйткені, химиялық қоспаларсыз піскен өнім қып-қызыл болмайды. Күннің тікелей сәулесі түскен қарбыз да денсаулыққа айтарлықтай залалын келтіріп, түрлі дертке шалдықтырады. Сол үшін жемісті таңдарда қателеспеген жөн.

Ал оны қалай таңдау керек?

Сонымен дәрісіз өсірілген қарбыз қашан піседі? Сынап бағанасы 40-тан түспейтін өңірлерден келген жемісті маусым мен шілде айынан бастап тұтынуға бола ма? Жемісті қалай таңдау керек? Осы жөнінде диқандардың өздерінен сұрап көрдік. Егінші, жас кәсіпкер Бақберген Нұртілеуұлының айтуынша, қарбызды ыстық аймақтарда наурыздың соңғы күндерінде еге бастайды. Диқандар көбінесе «холер» деп аталатын қарбыз тұқымдасын өсіреді екен. Жемісті өсіру кезінде оны клеенкамен қымтап, қарбызды 9-10 күн сайын, ал қауынды 20 күнде бір суаратын көрінеді. Клеенкамен жабу үрдісі түйнек пайда болғаннан соң барып жасалады. Бұл өз кезегінде ыстықты бірқалыпты ұстап тұруға көмектеседі.

(Суретте: Егістікте пісіп тұрған қарбыз)

– Бізде қызылордада Шиелі деген аудан бар. Осында маусымдық жемістерді өсіреміз. Негізі, қауын-қарбыздың пісетін уақыты шілденің аяғы. Бірақ оның небір сорттары болады. Олардың пісетін мерзімдері де әртүрлі. Ақша табу мақсатымен қарбызды көктей жұлатындар бар. Бірақ алып-сатарлар, қарбыз сатумен айналысып жүргендер жемістің қалай, қашан пісетінін сыртына қарап-ақ біледі. Оларды алдай алмайсың. Сондықтан қарбызды піскенінше өсіріп, кейіннен барып егіннен жинай бастаймыз. Жасыратыны жоқ, жинаудың өзіне 2-3 күндей уақыт кетеді. Бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Қарбызды салқындау әрі таза жерде сақтасаң қалпын бұзбайды. Кесілмесе болды. Сосын тонналап сата бастаймыз. Үйреншікті сатушыларымыз бар. Солар алып, Нұр-Сұлтан қаласында сатып жатады. Өкпелеп, арыз айтқан ешкім болған емес, - дейді егінші.

Сонымен бірге, диқан қарбыз таңдауда өзінің кеңестерімен де бөлісті. Ең бірінші қарбыздың қабығына мән берген жөн. Оның домалақ, ал сыртының түсі қанық болғаны жөн. Ал сабағы жағында жырығы болса, ол тәп-тәтті дегенді білдіреді. Негізі, жеміс күннің ыстығы мен өзінің тәттілігінің арқасында жарылады екен. Қарбызды қолға алып, оны алақанмен ұрып көру де сапалы өнім алуға септігін тигізеді. Жемісті ұру барысында ол тақылдамай, дүңк етсе шырынды бөлігінің айтарлықтай таза әрі жеуге жарамды екендігін білдіреді. Бұзылмаған қарбыз айтарлықтай ауыр болады. Сондықтан салмағы ауыр қарбызды тұтынған абзал.

– Қарбызды қай жерден алсаңыз да 5-6 күннен асырмай жеген дұрыс. Себебі, әлгінде айтқанымдай, ол егін даласында жиналып жатқанның өзінде 2-3 күн жатып қалады. Сосын оны тиейсің. Сосын оны бас қалаға жеткізу кезінде ұрылады, іші түсетіндері болады. Ол жолда 1-2 күн жүруі мүмкін. Сосын оны базарға шығарады. Ол базарда 2-3 күн тұрады. Ал дүкенде 4-5 күндеп тұрып қалады. Міне, осы процесстің өзіне кемі 10 күндей уақыт кетеді. Сондықтан алған өнімді көп сақтамаған жөн, - деп өзінің кеңестерімен бөлісі диқан.

Негізі, қарбызды тамыз айының соңында ғана жеген дұрыс. Әсіресе, еліміздің оңтүстігі мен көрші Өзбекстаннан жеткен қарбыздарды жаздың аяғында тұтынған жөн.

Базар мен баға

Тамыз басталғалы бері қарбыздың бағасы едәуір төмендеді. Бұған түрлі себеп бар. Алғашқысы жемістің пісетін уақыты жетті. Сондықтан егіншілер жинаған өнімдерін астанаға ағылтып жатыр. Тауар көп болғандықтан тұтынушының таңдау еркі артып, арзан өнімдерге қарай жүгіреді. Сондықтан сатушылар аспандаған (90-120 теңгеден сатылған-авт.) бағаны төмендетуге мәжбүр. Қазір шөл басатын астың келісі 70-90 теңге арасында сатылуда. Кейбір жерлерде келісін 40-45 теңгеден де алуға болады. Алайда «арзанның сорпасы татымайды» демекші, мұндай арзаншылықтың артында бір гәп бар дейді сатушылар.

– Қарбыздың 10-шақты күн тұрып қалғандары арзандау. Ал қазір келгендерін ондай бағада сату мүмкін емес. Жолды ақтамайды. Оны полядан сатып алғанда-ақ 20-25 теңгеден аламыз. Салық бар. Жанар-жағармай бар, сатушы мен жүк тиейтін жігіттерге төленетіні бар дегендей. Сондықтан оның бағасын 40-45 теңгеден саудалау мүмкін емес. Бірақ әркім қалтасына қарай өнімді алады ғой. Бірақ арзан деп ала берген де жөн емес. Тауар келген соң міндетті түрде Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемесінің мамандарына 2000 теңге ақша береміз, сонымен бірге 3 қарбызды зертханаға алып кетеді. Қорытынды шықпайынша қарбызды сатуға рұқсат жоқ, - дейді сатушы (атын атамауды өтінді). 

Зертханада өнімнің сапасына талдау жасалып, оның құрамындағы нитраттың (селитра-авт.) мөлшері сынамадан өткізіледі. Егер алда-жалда қарбыз құрамындағы нитрат келісіне 60 миллиграмнан асып кетсе оны сатуға болмайды. Мұндай жағдайда өнім жойылады. Ал Ұлттық сараптама орталығының зерттеуіне сәйкес еліміздегі қауын-қарбыз құрамындағы нитраттар сыртқы қабатына жақын тұсында көбірек кездеседі екен.

Бау-бақша өнімдері шаһарға маусым басталысымен-ақ әкеліне бастайды. Басым бөлігі – оңтүстік өңіріндегі Жетісай, Түркістан, Шардараның қарбыздары. Биыл өнімнің бітік шыққандығынан ба, әйтеуір базарларда қарбыздар тау-тау болып үйіліп жатыр. Бірі-бірінен өтеді. Ал жеміс тасушылар мен сатушылар маңайлай кетсеңіз болғаны жемістерін мақтай кетеді. Кейбірі аталған өнімнің пісетін уақыты деп өнімдерінің балғын екендігіне иландырады. Тіпті, қарбыздың ішіндегі сулы астың тәтті екеніне кепілдік береді. Осындай қызған сауданың үстінен түсіп, елордадағы Алаш көшесі бойындағы базарлардағы қарбыз сату науқанына бақылау жүргіздік. Мұндағы сатушылар шарт бойынша қарбыздың астына ағаш тақтайлар төсеп, төбесіне шатыр ілуді ұмытпаған. Бұл өнімге күн көзінің тікелей түсуіне мүмкіндік бермейді. Ал қаланың орталық көшелерінде әрбір сенбі мен жексенбі сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелердегі қарбыздардың сапасына күмәнмен қарауға негіз бар. Себебі, тәуліктеп сөреде тұратын жемісті сату кезінде әртүрлі тіліктер салынады, сондай-ақ, жоғарыға ілінген шатырлардың алқам-салқамы шыққан. Сондықтан жергілікті тұрғындар қарбызды жүк көліктерінде сатылымда тұрғандарын алады.

– Әр аптаның сенбісі мен жексенбісінде мына Сауран 7 мекенжайында өтетін жәрмеңкеден түрлі тауарды сатып аламыз. Алыстағы базарға барып жүретін уақыт тапшы. Осы жер жақын болғандықтан сауда жасаймыз. Ал сауда орталықтарындағы баға қымбат. Әрине, үйге заттар алған соң, қарбызды да алып жатамыз. Бірде іші бұзылған болып шығады. Ал кейде тәп-тәтті, балғын болып шығады. Егер тым жеуге жарамсыз болып жатса үйіміз жақын. Қайтадан әкеліп береміз ғой. Сатушылар сөзге келмей ауыстырып беріп тұрады, - дейді қала тұрғыны Жазира Әшірбек.

Ал мұндағы сатушылар болса, қарбыздың тыңайтқыштардың көмегімен өсірілетінін жасырмайды. Десе де, ондай өнімді жаз маусымында кездестірмейсіз. Өйткені, олардың көбісі сәуір мен мамырда сатылады екен.

– Халық қауын-қарбызды алғанда өте көп қарап алады. Мәселен, картопты, жуа мен сәбізді не болмаса алманы алғанда күмәнсіз алады. Ал бұл жемісті алғанда қорқады ма, әлде сенбейді ме көп сұрақтар қояды. Әрине, ондай жағдайда құжаттарымызды көрсетеміз. Бірақ көпшілік қарбыз таңдауды білмейді. Біз осында апта сайын тұрамыз. Сондықтан сапалы өнімді сатуға тырысамыз. Оның үстіне, тағам сатудың жауапкершілігін түсінеміз. Оны сатып алған соң үйдегі бала да, күн санап жүрген қария да жейді. Сондықтан сулы асты сатарда өзіміз үнемі бақылап тұрамыз. Бұзылған қарбызды сатпаймыз, - деп сендірді жәрмеңке сатушысы (атын атамауды өтінді).

Бұл ретте, сатып алушыларды да түсінуге болады. Себебі, бұзылған өнімнің қауіптілігі турасында жоғарыда айтып өттік. Оның үстіне, былтыр елімізде өсірілген қарбыз-қауынның зақымданғаны анықталғаны елді қорқытып қойғаны белгілі. Шыбындарға қаптап кеткен жамбылдық 10 тонна өнім жарамсыз деп танылып, жойылған еді. Бұл Қазақстанда тіркелген алғашқы жағдай болатын. Бұзылған қарбызды сатылымға шығарған кәсіпкердің үстінен әкімшілік іс қозғалған және 48 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Тіпті, төрт түліктің жеуіне де жарамсыз болып қалған өнім түйнек кезінде-ақ бұзылған. Сондықтан жемістің шыбын құрты басып кеткені тек піскеннен кейін ғана белгілі болған. Бұған дейін сырттан келген жемістерде ғана бұндай жағдай орын алғандығын айта кеткен жөн. Негізі, шыбын түскен өнімнің сыртында қызыл, қоңыр бөлінділер болады.

Өнім сапаға сай ма?

Қазір сатылымда тұрған қауын-қарбызды жергілікті Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемесінен өзге Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаменті де қадағалайды. Алайда аталған мекеменің базарлар мен сауда орындарында рейдтік тексерістер мен бақылау жүргізуіне құзіреттілігі жоқ. Ал жергілікті тұрғындардан арыз-шағым түссе істі аяқсыз қалдырмаймыз дейді департаменттің бас маманы Қарлығаш Әбдішева:

– Елордадағы тағам өнімдерінің сапасына мониторингілеу жүргізу шеңберінде бірқатар іс-шаралар өтеді. Соның нәтижесінде 2019 жылдың 7 айында 80 әкімшілік іс қозғалып, тіркелген іс бойынша 76 кәсіпкерден айыппұл өндірілген. Бұл Әкімшілік кодекстің 203 және 425-баптарына сәйкес орындалып отыр. Қазіргі таңда, еліміздің қаласында тағам өнімдерін сату мен ұсыну кезінде санитарлық және түрлі заңсыздықтарға жол берген азаматтардан 9 млн 771 мың 750 теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Осы ретте, қала қонақтары мен тұрғындарынан тауардың бұзылғанына қатысты арыз-шағым жіберген кезде орын алған олқылықты дәлелдеу мен кәсіпкерге заң аясында шара көру үшін нақты деректерді көрсетуді сұраған болар едік. Себебі, түсетін арыз-шағым негізді болуы керек. Мәселен, алған тауардың чегі, өнім сатылып алынған мекенжай, орын барлығы нақтылы жазылуы тиіс. Міне, осындай жағдайда департамент базар немесе бұзылған тауар сатылған жердің иесіне жазбаша немесе ауызша ескерту беруге, заңсыздықтың деңгейіне қарай айыппұл салуға мүмкіндігі туады. Ал негізсіз жіберілген арыздарға қатысты ешқандай шара көре алмаймыз. Ал қарбызға келер болсақ, Нұр-Сұлтанда биылғы жылы қарбыздан уланғандар жоқ. Сондай-ақ, өрескел қателіктер орын алмаған. Ал өнімнің сапасын базарлардағы арнайы зертхана анықтайды. Зертханада қарбыздың қалыпты нитраты 60 миллиграмнан аспауы қатты қадағаланады. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздер кәсіпкерлерге шектеу қойып, «өнімді сатуға болмайды» деп айта алмаймыз. Арыз негізінде ғана әрекет ете аламыз. Негізі, сатушылардың көбісі өнім сертификатын СЭС-тен алсақ болды деп ойлайды. Бірақ сауда сөрелерінде тұрған өнімдер алдымен фитосанитарлық бақылаудан өткізілуі міндетті және солай жасалады. Сондықтан алаңдаушылыққа негіз жоқ, - деді ол.

Десе де, сатылымда тұрған өнімнің барлығы бұзылмаған немесе қадағалаудан өткен деп бей-жай қарауға тағы болмайды. Алған қарбыздың алдымен сыртына, содан соң ішіне назар аудару керектігін айттық. Ал бір нәрседен секем алып, көңіліңізге жақпай тұрса жемісті жемеген абзал. Себебі, бұзылған өнім ағзаңызға ас емес ауру болып жабысуы мүмкін.

(Суреттер ашық ғаламтор бетінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға