Санжар Керімбай қазақша әріптерден қашатын қазақтарды сынады

«Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы, шығыстанушы Санжар Керімбай ә әрпінен басталатын есімдердің жоғалып бара жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Ұлтсыздану ұраны» деген тақырыпты М.Мағауин 2000 жылдары көтерген. Қара-орыс чиновниктердің ҚАЗАҚЫ БОЛМЫСТЫ өлтіруге екі білегін сыбанып, етек жеңін түрініп кіріскенін қопарып тұрып жазды. Есті қазақтың табанды түрде күресуіне қамшы болған сол жазбасы, - деді ол парақшасында.
Айтуынша, осы күні қазақтар болмыстық тұрғыда суицид жасауға өздері кіріскен сияқты. Дәлелін қазақы болмысты айшықтап тұратын Ә әрпіне деген жаулықтан көреміз. Орыстанған қазақтарды түсінеміз. Орыс орта мен мектепте өскесін өзінің ұлттық ерекшелігі болып тұрған Ұ, Ә, І, Ң, Ы, Ғ, Қ сияқтарды әріптер мен дыбыстарды жатсынып тұрады. Бұл әріптерді есіміне қосып сөйлесе мазасы қашады.
Ал соңғы 6-7 жылда белең алған мына өзгерісті қалай түсінеміз? Қыр қазағы да, қала қазағы да есімінде кездесетін Ә әріпін барынша құртуға, жоюға, айтпауға, жазбауға бет алды. Ауыл қазағының өзі жаңа туған баласының туу куәлігіне Алихан, Амирхан, Акежан, Даулет, Алибек, Амина, Алия, Алишер деп жаздыруға бейім. Алысқа бармай ақ, тап қазір өзіңіз де инста аккаунтыңыз бен уатс аптағы аты-жөніңізге қараңызшы, есіміңіз қалай жазылып тұр екен? Өзіңіз саналы не бейсаналы түрде Ә әрпін өлтіріп тастағансыз. Немесе аты-жөніңіз орысша жазылған. Мысалы, Анарка, Айгеримка, Жулдузка, Еркеша деп кете береді. Кәсіпке ебі бар қазақтар дүкен ашқанда баласының атын дүкенге қойғысы келеді. Міне, сол кезде куәлікте тұрған Ә әріпі жоқ шалажансар адам аттары ірі-ірі әріптермен маңдайшаға ілінеді. Осылайша қазақы болмыс тезірек өлуге бет бұрады. Көшеден ары өткен, бері өткен жас буынның санасына сіңіп, шемен боп қатып жатыр, - дейді ол.
КСРО кезіндегі сияқты бізді қазір атымызды орысша жазуға ешкім қинап көндіріп жатқан жоқ. Совет кезінде аты-жөніңді қасақана бұрмалап, орысша жазып беретін. Ол заман келмеске кеткендігін де тілге тиек етті.
Енді сіз бен бізді «балаңның атындағы Ә әріпін құрт. А қып жазам. Әйтпесе куәлік бермейм!» деп қинап жатқан жоқ қой. Не де болса мынау жақсы нәрсе емес. Тәуелсіздіктен айрылу осылай басталады. Ә-ні өлтіріп, А-ға ауысып алудың өзі «өз еркіммен Ресейге қосылуға дайынмын» деген психологияны әйгілеп тұр. Бұлай болмайды жігіттер мен қыздар. Әрбір қазақы әріп үшін жан алысып, жан берісуіміз керек. Бір әріп кеткесін артынан тұтас мазмұн да жоғалады. Ә-ге оралайық, бауырлар! — деп жазды Санжар Керімбай.
