Жаңалықтар

Самат Нұртаза: Ресейден келгендердің көбі үш айдан кейін басқа мемлекеттерге көшіп кетеді

Ресейліктердің елімізге жаппай келуіне байланысты кіші және орта бизнес дамып жатыр
Самат Нұртаза: Ресейден келгендердің көбі үш айдан кейін басқа мемлекеттерге көшіп кетеді
Фото: hi-news.ru 29.09.2022 12:29 2822

Биыл елімізде көптеген саяси оқиғалар орын алды. Жалпы, саяси тұрғыдан болып жатқан өзгерістер елімізді қай бағытқа бұрмақ? Жаңа Қазақстанда қандай өзгерістер мен жаңа бастамаларға дайын болуымыз керек. Болып жатқан реформалардың оң-терісін түсінбей жатқандары да бар. Сонымен қатар, еліміздегі соңғы өзекті ахуалға байланысты алаңдап жүргендер көп. Сондықтан осы тақырыпты саясаттанушы Самат Нұртазамен сұхбаттасқан едік.

– Қазір елімізге ресейліктердің көптеп кетуі билік пен халықтың пікірін тағы да екіге бөліп тұрғандай. Халық шекараны жабу керек, онсызда орыстанып бара жатқан солтүстік өңірлердегі мәселе одан әрі ушығуы мүмкін деп қауіптенеді. Ал билік тарапы келушілерді жылы қарсы алып, қамқорлық таныту керек дейді. Саясаттанушы ретінде сіздің пікіріңіз қандай ?

– Біріншіден, біз шекараны жаба алмаймыз. Еуразиялық одақта болғаннан кейін Ресей де, Қазақстан да бір бірінің шекарасын жаба алмайды. Себебі, оған ешқандай себеп жоқ. Олар турист ретінде келсе де, біз оларға барсақ та ортада ешқандай мәселе болмау керек.

Екіншіден, бұл жағдайдың позитивті жағын да ойлау керек. Себебі, көптеген ресейліктер транзитпен келіп кетіп жатыр. Қазіргі таңда көбінесе Түркия мен Грузияға кетіп жатыр. Сондықтан осыншама келген адамдардың барлығы Қазақстанда қалады деп айтуға негіз жоқ.

– Ресейліктердің осылайша қаптап келуінен біздің елге, экономикаға, ұлтқа қандай да бір оң немесе теріс әсері бола ма?  

– Ресей азаматтарының біздің елімізге келуінде оң үрдіс бар. Себебі, барлығы  қаражатпен келіп жатыр. Олар қоңақ үйде тоқтайды, тамақ ішеді, қаланы аралап әрі-бері жүреді, біреулер пәтер жалдайды, таксиге төлейді және тағы басқасы бар. Осы орайда кіші және орта бизнес дамып жатыр. Халық арасында айтылып жүргендей, «олар біздің азаматтарымыздың жұмысын тартып алады» деген сөздерге мен сене алмаймын. Себебі, біріншіден, олардың жұмыс істеуге рұқсаты жоқ. Екіншіден, жоғарыда айтып кеткеніміздей олардың барлығы елімізге транзитпен келіп жатыр. Ел арасындағы алып қашпа сөз экономикадан хабары жоқ адамдардың сөзі деп ойлаймын. Ал, 90 күн өткен соң еліміздегі ресей азаматтарының көбісі басқа мемлекеттерге көшіп кетеді деген пікірдемін.

– Жуырда елімізде үлкен саяси оқиға, кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бірақ бір жұмаға жуықтады әлі бір де бір үміткер тіркелген жоқ. Бұл сайлаудың аяқ асты жариялануынан ба, әлде өзге де себептері бар ма? 

– Менің ойымша, сайлаудың асығыс болып жатқаны президенттің осы күнге дейін айтқан реформаларын орындау үшін жаңадан халықтың сенімін арттыру және жаңадан парламент, мәжіліс жасақтау керек болғандықтан жасалып отыр. Осы тұста жаңару керек болғандықтан осы шешім қабылданды.

Президенттік басқару 7 жыл деп бекітілгенін білеміз. Осы 7 жылдың ішінде реформаны жүзеге асыру толық жететіндігін президенттің өзі де айтып кеткен болатын. Сондықтан, президентіміз де, басқа үміткерлер де әлі де шығады. Алда, уақыт жеткілікті. Оларды ешкім асықтырып жатқан жоқ. Қателеспесем, алдағы 2 апта ішінде үміткерлер өзінің кандидатурасын тіркеуге уақыттары бар.

– Сіздің ойыңызша кімдер президенттікке үміткер болуы мүмкін? Бізде ел сенім артатын саяси тұлғалар бар ма?   

– Үміткерлерге келетін болсақ, елдің ішінде сөзі өтетін абыройлы адамдар бар. Бірақ та нақты кім екенін мен білмеймін. Олар мен айтты екен деп үміткер бола бермейді ғой. Менің ойымша кейбір қоғам белсенділері қатысады. Сондықтан нақты бір адамның тегін айта алмаймын.

– Жақында депутаттар келесі президентті 7 жылға бір мерзімдік қылып сайлау туралы Тоқаевтың ұсынысын қолдады. Бірақ ел арасында батыс елдері секілді 4 жылдан екі рет сайлау керек еді деген де пікірлер айтылып жүр. Ата заңдағы дәл осы президент сайлауына қатысты заң ешқашан өзгермейді делінді. Бұған қандай да бір кепілдік бар ма?

– Конституияның детальдарын біле бермеймін.  Бірақ, менің ойымша келесі президенттерде осылай 7 жылға сайланады. Бұл біздің Қазақстан Республикасының реали ерекшелігі деп ойлаймын. Себебі, біз бір адамның ұзақ билікте отырғанын көрген мемлекетпіз. Сондықтан да болашақта бұл 7 жыл дегеніміз тек қана Қасым-Жомарт Кемелұлына емес, ол кісіден кейін де болатын кезекті президенттерге арналған меседж деп білемін. Сонда ғана біз бір демократия бола аламыз. Себебі, 7 жыл бір адамның реформа жасап кетуіне жеткілікті уақыт деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл бір адамның ұзақ отыруына байланысы орнатылған өте дұрыс ереже.  

– Елімізде бірнеше саяси өзгерітер болып жатыр. Мәселен референдумның өзі бірнеше заңға өзгеріс енгізді. Осы өзгерістерге көзқарасыңыз қандай?   

– Заңға өзгерістер енгізіп тұру дұрыс. Себебі, біздегі кейбір заңдар өзгерістерді талап етті. Мәселен, президенттің туған-туыстары билікке жұмысқа тұрмау керек деген және тағы басқасы бар. Жалпы, бұл біздің 30 жылда жасаған қателіктерімізді жөндеуге көзделген реформалар деп білемін. Сондықтан бұл реформалар елімізге керек және жақын арада жемісін көреміз деген сенімдемін.

– Бұрыңғы жүйенің қателіктерін қайталамас үшін жаңа Қазақстан билігі нені ескеру керек?  

– Бұрыңғы жүйе дегенде мен өз басым қазақ тілінің беделі, қазақ тілінің абыройы және өрісі кеңею керектігін ойлаймын. Қазақ тілге үлкен акцент жасау керек. Жалпы, қазақ тілін білмеген адам жоғары лауазымды қызметте отырмауы керек деп айтар едім.  Себебі, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондай-ақ, қазақтың жері болсын, тәуелсіздігі болсын барлығы қазақ тіліне тіреледі. Сондықтан да, менің жеке пікірім бойынша, бұрыңғы жүйенің басты қателігі қазақ тілінің дамымауы. Қазіргі билік өкілдері қазақ тілінің рөлін асқақтатып, абыройын еселетіп, қазақ тілді мектептерді көбейтіп, іс-қағаздардың барлығы қазақ тіліне көшіреді деп сенемін. Жалпы, қазақ тіліне акцент жасау керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға