Жаңалықтар

Салық комитеті той салығына қатысты дауға нүкте қойды

Салық комитеті той салығына қатысты дауға нүкте қойды
Фото: pexels.com 27.03.2025 12:40 988

Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) соңғы күндері қоғамда қызу пікірталас тудырған “тойға салық салына ма?” деген мәселеге ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Комитеттің мәлімдеуінше, әңгіме той иелері туралы емес, той қызметіне байланысты табыс тауып жүрген азаматтардың салық міндеттемелері жайында болып отыр.

МКК мәліметінше, бұл мәселе – жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелмей, сауда-саттықпен немесе басқа да коммерциялық қызметтермен айналысатын тұлғаларға қатысты. Яғни, тойда қызмет көрсетіп, бірақ салық төлемейтін жүргізушілер, фотографтар, тамадалар, әншілер мен басқа да азаматтар туралы сөз қозғалып отыр.

Комитет жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындау бойынша салықтық әкімшілендіруді олардың қызметіне қарамастан үнемі жүргізіп отырады, – делінген ресми жауапта.

Сондай-ақ, салықтық әділеттілік қағидатына сай, табыс тапқан кез келген адам мен кәсіпкер жалпы негізде салық төлеуге міндетті. Бұл ретте «камералды бақылау салық салуға жататын табыс алатын барлық тұлғаларға қатысты бірдей түрде жүргізіледі», – деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитеті.

Осылайша, ведомство қоғамда тараған «той жасағандарға жеке салық салынады» деген ақпаратты жоққа шығарып, басты мақсат – көлеңкелі экономикамен күрес және табысты жасырмай, салықтық міндеттемені орындау екенін нақтылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға