Жаңалықтар

Салық комитеті тексермесін десеңіз: жеке тұлғалар қанша рет мобильді аударым жасай алады?

Салық комитеті тексермесін десеңіз: жеке тұлғалар қанша рет мобильді аударым жасай алады?
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 05.12.2023 14:15 14007

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайларын қамтитын декларациялаудың үшінші кезеңі жүреді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Егер сіз кәсіпкер ретінде тіркелмеген болсаңыз, сөйте тұра сіздің банк картаңызға жиі аударым жасалатын болса, сізге қатысты деректер салық комитетіне беріле ме, жіберілетін болса, ол үшін қанша аударым жасалуы қажет? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Декларация дегеніміз не?

Бұл салық салынатын жеке тұлғаның табысы туралы есеп жеке тұлғаның салық декларацияларында, сондай-ақ уәкілетті органдардың және жеке табыс салығы бойынша салық міндеттемесінің туындауына әкеп соғатын үшінші тұлғалардың деректері бойынша ол көрсеткен мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығын айқындау мақсатында қолданылады.

Бірінші кезең 2021 жылғы 1 қаңтарда басталып, мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар, банк, сақтандыру нарықтары мен бағалы қағаздар нарығының ірі қатысушылары, сондай-ақ аталған адамдардың барлығының жұбайлары қамтылды.

Екінші кезең 2023 жылғы 1 қаңтарда басталып, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларацияланды.

2024 жылғы 1 қаңтарда үшінші кезең жүзеге асады. Онда заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары қамтылады.

2025 жылғы 1 қаңтардан басталатын төртінші кезеңде азаматтардың қалған санаты декларациялауға жатады.

Жеке тұлғалар қандай құжат тапсыруға міндетті?

Келесі жылдан «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияны (250.00 нысан) заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруға міндетті болады. 2025 жылдан бастап бұл тұлғалар жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 форма) тапсыруға міндетті.

Қандай жағдайда жеке тұлғалардың жасаған мобильді аударымдарының есебі салық мекемесіне жіберіледі?

Қазақстандықтар картадан картаға мобильді аударымдарды жиі жасайды. Енді олардың мәліметтері салық органдарына беріле ме?  

2024 жылдан бастап банктер жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары жайлы деректерді салық органына жіберіп отырады.

Заңға сәйкес, бұдан былай соңғы үш айдың ішінде бір адамның шотына жүз немесе одан да көп әртүрлі жеке тұлғадан ақша аударымдары түссе, онда банк тарапы бұл азаматтың деректерін кірістер комитетіне жіберуге міндетті. Яғни сізге 100-ден астам мобильді аударым жасалса, онда сіздің деректеріңіз салық комитетіне кетеді.

Заң талаптарын бұзбайтын адамдарға уайымдауға еш негіз жоқ. Себебі жеке тұлғалар арасында бір-біріне аударым жасауға (айталық, туған-туыс, достар мен өзге де жағдайларда) тыйым жоқ, тиісінше олардың үстінен тексеріс те жүрмейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға