"Салым қоры 25 миллион теңге": Мейрамбек Беспаев дүркіретіп ұлан-асыр көкпар бермек
Әнші Мейрамбек Беспаев 17 қараша күні Таразда дүбірлетіп көкпар тойын өткізгелі жатыр. Бұл туралы әнші Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әнші көпшіліктен өзін сөкпеуін өтінген.
Қадірлі ардақты ағайын! Ат - ер қанаты. Атқа қонған палуанның ықыласын, елдің тілеуін тілеген ел-жұрт үлкендердің батасын қашан аласың? Мейрамбектің көкпарын қашан тартамыз? Соңғы кезде ауылға, туған өлкеге барғанда алдымнан көп шығатын сауал. Алғашында бос мақтан үшін деп ел сөгер, жұрт босқа мал шашып жатыр деп айтар… Осындай көп күмәнмен келіспей жүр едім. Көкпар көптікі ғой деген тілеулес дос-жар бір шешімге келтіріп, салым дейтін олжа қорын өздері көтеріп отыр.
Көкпардың салым қоры жиырма бес миллион теңге болады.
Оданша ол қаржыны неге қайырымдылыққа жұмсамайды деп алдын ала сөкпеңіздер. Қайрымдылықты көкпарға дейін де жасап келем, көкпардан кейін де жасала береді. Ал несібесі мен еңбегі көкпарға байланған азаматтарды менің де елеуім заңдылық шығар. Сол үшін сіздердің рұхсат-мұрсаттарыңызбен тәуекел еттім. Ұлттық дәстүріміз бен спортымызға қосқан тамшыдай үлесімді қабыл алыңыздар. Алла қаласа он жетінші қарашада, Тараз қаласында….төрт көзіңізді түгел күтем.
Ел іргесі аман болсын", - деп жазды ол.
Желі қолданушылары мен әншінің өнердегі әріптестері бұл үрдістің бұрыннан барын жазып, ізгі тілектерін айтуда.
"Бәрекелді, дұрыс ұлттық ойынға жанашырлығыңыз", "Ниет қабыл, мұрат асыл болсын", "Қазақтың Мейрамбегіне бәрі рұқсат", "Алла сәтін салсын", - деп жазды олар.