Сәлем салуды маған ешкім үйретпеген деген Баян Алагөзова ойын өзгертті

Танымал продюсер әрі қоғам қайраткері Баян Мақсатқызының әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Мөлдір Мұқанованың туған жеріне сәлем салуы әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ел алдында батыл әрі заманауи образымен танылған продюсердің бұл әрекеті көпшілікті таңғалдырды әрі түрлі пікірлер туғызды.
Оқиға барысынша, Баян Мақсатқызы Тұрсынбек Қабатовтың қайын жұртына – Торғай өңіріне, нақтырақ айтқанда Арқалық пен Амангелді Иманов еліне арналған видеосәлем жолдады. Бұл бейнежазбаны әзілкештің жұбайы Мөлдір Мұқанова өз Instagram парақшасында жариялап, оған: «Мөлдірдің оқырмандарына бір сәлем. Торғайлықтар, Арқалық, Амангелді Иманов, бір сәлем. Мен негізі ылғи да сәлем саламын», – деген Баян Мақсатқызының сөздері тіркелген.
Мөлдір Мұқанова өз кезегінде продюсердің бұл қылығын әдетке айналдырғанын айтып, әзілдей пікір қосты: «Байқадыңыздар ма, осы кісі менің Stories-імді көрсе, сәлем салады», – деді ол күле.
Айта кетейік, бұған дейін тележүргізуші Айгүл Мүкей Тұрсынбек Қабатовтың қайын жұрты Торғай өңірінен екенін атап өткен болатын. Баян Мақсатқызының осы сәлемі халықтың ерекше назарын аударғаны анық.
Желі қолданушылары да бұл жайтқа бей-жай қарамады. Көпшілігі продюсердің қылығы сүйкімді шыққанын айтып, жылы пікірлерін білдірсе, кейбірі бұл әрекеттің астарынан әзіл немесе тұспал іздеді. «Байкот жасағасын Баян сәлем салып кеткен бе?», «Сәлем салу туралы не айтқан еді, кімнің есінде?», «Баян дұрыс жасадың. Қазақша сөйлеп сәлем салу – үлкендерден бата алу, бұл әрекеттен кеміп қалмайсың» – деген сынды түрлі пікірлер қалдырылды.
Көпшілік Баян Мақсатқызының қазақы болмысқа құрметпен қарағанын, ұлттық дәстүрді заманауи контексте ұтымды жеткізгенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл әрекет қоғамда дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімділігі туралы диалогты қайта жандандырды.
