Жаңалықтар

"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Маңғыстаудың Тұрыш ауылына келіп аялдады

"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Маңғыстаудың Тұрыш ауылына келіп аялдады
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 03.05.2024 23:40 516

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Бейнеу ауданының Тұрыш ауылына келіп аялдады. Дәрігерлер ертеңге дейін сағат 09:00-18:00 аралығында тұрғындарды қабылдап, тегін қызмет көрсетеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігіндегілер «Саламатты Қазақстан» пойызы 3-25 мамыр аралығында Маңғыстау облысында болатынын және Тұрыш, Сам, Сайөтес, Өзен, Болашақ, Жетібай, Қарақия, Шетпе, Үстірт, Тірек станцияларына тоқтайтынын атап өтті.

Заманауи диагностикалық құралдармен қамтамасыз етілген пойыз шалғай аудандар мен ауылдарда тұратын азаматтарға медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетуді мақсат еткен. Барлық ем шара міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жасалады.

Еске салайық, пойыз құрамында 40 маман – медицина қызметкерлері, медиаторлар мен заңгерлер бар. Дәрігерлік құрамда терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, педиатр, онколог-маммолог, гинеколог және уролог мамандары бар. Қажет болған жағдайда мамандар шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді.

Аталған жоба Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, Денсаулық сақтау министрлігі және «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен Астана қаласынан бастау алған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға