Жаңалықтар

Сал ауруынан сауығуға болады

Қызылордалық дәрігер-реабилитолог Сәкен Темірқұловтың сұхбаты
Сал ауруынан сауығуға болады
17.02.2017 17:01 24631

Медицина қауқарсыздық танытқан сал ауруларын емдеуге болатынын қызылордалық дәрігер Сәкен Темірқұлов дәлелдеді. Сәкен ағаның бұл жолда аянбай ізденіп, көз майын тауысуының өз себебі бар. Тұла бойы тұңғышы Қанат балалардағы церебралды паралич дертімен (ДЦП) ауырып, 1988 жылы жеті жасында дүниеден қайтқан. Апармаған жері, емдетпеген дәрігері қалмаса да, ұлына ем қонбады. Көз қуанышынан айырылған әке тауы шағылғанымен, таусылған жоқ. Баласының қазасынан кейін сал ауруларын емдеудің жолын іздеуге кіріседі. Ізденісі нәтижелі болды. Бүгінде қамкөңіл жандардың жүректеріне үміт сыйлаған Сәкен Төлепбергенұлымен емдеу орталығында сұхбаттасудың сәті түсті.

–  Сәкен аға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қанат» реабилитациялық-сауықтыру орталығының жұмыс істегеніне қанша уақыт болды? Күрделі дертке шалдыққан балаларды емдеу жолыңыз қалай басталды?

– Басымнан өткерген қайғылы жағдайдан кейін сал ауруының пайда болу себебін іздей бастадым. Шығу төркінін зерттемейінше, дерттің дауасын табу мүмкін емес. Аурудан айықтыруға болатындығына көзім толық жеткен соң, қаладан, жақын маңдағы ауылдардан ДЦП дертімен ауыратын балаларды іздедім. Әдепкіде ата-аналардың сенімсіздік танытқаны рас. Өйткені, олардың қай ауруханаға барса да еститіні – «ДЦП-ның емі жоқ» деген сөз. Осылайша науқас балаларды үйімде емдей бастадым. Артынша ағайын-туыстың үйін жалдап, жұмыс жасап келдім. Мына орталықты салғанымызға 4-5 жылдай болды. Негізі екі қабатты ғимарат болады деп жоспарланған. Бірақ, қаржының тапшылығынан өз ойымыздағыдай болмады. Алдағы уақытта орталықты кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Сал ауруларын емдеумен айналысқаныма 18 жыл болды. Осы уақыт ішінде үш мыңнан астам баланы емдедім. Балалардың көбісі осы жерде алғашқы қадамдарын жасады. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш.

Мамандығыңыз тіс дәрігері екен. Сал ауруларын емдеуге болатынына көзіңіз қалай жетті?

 –  Иә, мен тіс дәрігерімін. 1985 жылы Алматы медицина институтын тәмамдадым. Біраз уақыт мамандығым бойынша жұмыс істеп келдім. Стоматологияны тәмамдасам да, адам анатомиясын көбірек зерттедім. Ұлымның қазасынан кейін ДЦП-ның емі болмауы мүмкін емес деген ой көкейімнен кетпей қойды. Қандай ауру болса да, емі болу керек деп іздене бердім. Меніңше, бізде қозғалысты оқытатын кинезитерапияның болғаны дұрыс. Жалпы неврология бойынша адамның қозғалысы рефлекторлы сегментальды түрде жүреді, яғни оны рефлекс дейміз. Әрбір бас мидан немесе жұлын арқылы шыққан ақпараттың қай сегменттен болғанына байланысты қозғалыс жасалады. Мысалы, адам  бір жағына қисайып тұрса да, құламайды. Оның себебі рефлекс қорғанысында. Тіпті, ұйықтап жатқан адам тоңғанын сезеді. Бұл да мидың қызметіне қатысты. Адам ағзасының ми жүйесі арқылы жұмыс істейтін тұстарын зерттей келе, сал ауруларын емдей алатынымды түсіндім. Стоматолог болғанымның біраз дүниеге әсері болып тұр. Невропатолог ретінде ем жүргізуге лицензия алу да қиынға соқты. Мен өзімді сұмдық ақылды деп санамаймын. Бастысы, Жаратушы маған мүмкіндік берді. Мен соған сенуім керек.

Орталықта тек балаларды емдейсіз бе? Бұл жерде қандай ауруларды емдеп жазуға болады?

– Біз балаларды емдеумен ғана шектелмейміз. Мұнда түрлі аурулармен сырқаттанған ересек адамдар да келеді. Мысал ретінде айтайын, остеохондроз, протрузия деген аурулар емделмесе, радикулитке ұласады. Ал, радикулит болу дегеніңіз мүгедектікке бір қадам жасағанмен бірдей. Омыртқааралық диск жарығы болатын болса да, адам сал болып қалады. Біз науқасты сал болғанға дейін жеткізбеуіміз керек. Оны әрі қарай емдеуді қолға алған жөн. Мұндай ауруларға арнайы құрылғылар жасалуы керек.

Жақында біздің орталықта Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданынан келген Беделхан есімді жігіт емделді. Өзі отбасылы, бір баланың әкесі. Құлағанға дейін дене мүшелері сау, шауып жүрген жігіт екен. Бізге алып келген кезде қол-аяғы мүлдем жұмыс істемей қалған еді.Миы түгелдей іске қосылмай қалған. Біз оны қайтадан жөнге келтірдік. Сол жігіт қазір жүріп кетті, жұмысын да істеп жүр. Өзіміздің Тереңөзек ауданынан да сондай диагнозбен емделген бала аяғына тік тұрды. Омыртқадан жарақат алғандар, жол апатынан зардап шеккен адамдар осында келіп еңсесін тіктеп жатыр. Осы кезге дейін бірнеше бала аяғынан тұрды. Мәселен, балаларда туабітті арқаның жарығы деген болады. Басына су жиналған, яғни гидроцефалия болып туылған балаларда омыртқалары дұрыс бітпей қалып, артынша жарық пайда болып жатады. Біз осындай диагнозбен келген бірнеше баланы емдедік.Көптеген күрделі деген аурулардың өзін жазып, тұрғызып жіберуге болады. Аяғын толық баспағанымен, ауруды жеңілдетуге болады. Орталықтың бір бөлігінде ғасыр дертіне айналған остеохондроз, протрузия, омыртқа дискісінің жарығы аурулары емделеді. Өйткені, біз өмір сүріп жатқан заман осындай аурулардың көбеюіне әкеліп жатыр. Қазірде көпшілігіміз ауыр жұмыс жасамаймыз, дене кішкентайынан жұмыс істеп қалыптаспайды. Бұрынғыдай отын жармаймыз, қара жұмыс істемейміз, барлығы дайын. Қозғалыс аз болғандықтан, аурулар шыға береді. Емделмейтін ауру деп шорт кескен дерттің өзін жазуға болады. Мұнда көп адамдар тұрып кетіп жатыр. Тұра алмаған күннің өзінде аяғына жан біткенін сезеді, еңбектей біледі, балдақпен жүре алады.

Емдеу жұмыстарын қанша жастан бастаған дұрыс?

– Балаларды шамамен үш жастан бастап емдеген тиімді. Ем неғұрлым ерте жүргізілсе, соғұрлым жақсы болады. Инсульт алып, жүре алмай қалған адамдарға көмектесу өте қиын. Өйткені, жасы ұлғайған адамның қан қысымы қалыпты бола бермейді.

Емделушілердің басым бөлігі қай өңірлерден келеді? Байқауымша, шет мемлекеттерден шипа іздеп келгендер де бар сияқты.

– Емделушілер еліміздің барлық өңірінен келеді. Қазір орталықта Астана, Талдықорған, Семей, Көкшетау, Шымкент қалаларынан келген емделушілеріміз бар. Ресей, Беларусь, Қытайдан келіп ем қабылдағандар да болды. Шешенстан Республикасынан келген екі бүлдіршін де осында ем алып жатыр. Жақында АҚШ-тан Тэйлор Уильямс есімді азамат хабарласты. Бұлшықет дистрофиясы дертімен ауыратын досын біздің орталыққа әкелгісі келетінін жазыпты. Әлемде шипасы табылмаған бұл ауруды біздің құрылғылар арқылы емдеуге мүмкіндік бар. Негізі кез келген ауруды сол күйінен әрі қарай асқындырмауға болады. Қазірдің өзінде емделуге тіркелгендер өте көп. Тіпті, маусым, шілде айларына дейін кезекке тұрып қойған. Жазға қарай Бразилия елінен де ем алушылар келетіні белгілі болды.

Бүгінде орталықта қанша қызметкер жұмыс істейді?

– Бізде дәл қазір 11 қызметкер жұмыс істейді. Невропатолог-педиатр және нұсқаушы мамандарымыз бар. Егер ғимараттың екінші қабатын салатын болсақ, шамамен 37-40 адам жұмыс істеу керек. Өйткені, емделушілердің де қарасы көбейеді. Төменгі қабатқа 8-9 массаж жасаушы, жоғарғы қабатқа да сонша маман керек. Медбикелер де қажет болады.

– Емнің құны қанша тұрады? Оқырмандарымыз біле жүрсін.

– Бір емнің құны – 270 мың теңге. Ем жасау 2 айға созылады. Егер бір отбасында екі бірдей бала сал ауруымен ауыратын болса, екіншісін тегін емдейміз. Өйткені, мен олардың ата-анасының жанын жақсы түсінемін. Қолымнан келгенше көмектесемін.

– Мұндағы тірек-қимыл құрылғыларының барлығын өз қолыңызбен жасап шығыпсыз. Қиын болған жоқ па?

– Қазірдің өзінде де оңай емес. Өйткені, тірек-қимыл құрылғыларын жасау үшін көп еңбек, күш қажет. Өзім бір жағынан жонушы, темір ұстасы, металл дәнекерлеуші (сварщик) де болдым. Әрі бұл құрылғылар үнемі жаңартуды қажет етіп отырады. Науқас адамның ағзасына қарай икемделіп жасалуы керек. Компьютерлендірілсе, тіпті керемет болар еді. Сырттай қарағанда басқа жаттығу құралдарынан еш айырмашылығы жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, мәселе оның сыртқы көрінісінде емес, жасалу әдісінде болып тұр. Бүгінде емдеу залының аумағы – 230 шаршы метр. Емделушілер саны көбейген сайын құрылғыларымыз да, емделушілеріміз де сыймай жатыр. Орталықты кеңейту үшін 55-60 миллион теңге көлемінде қаржы керек. Бірақ мұның өзі бір ғана бөлігі болып саналады. Бірер күн бұрын орталықтың сайтын жасадық. Сайт арқылы емделушілер санының артатынын сезіп отырмын. Ол кезде аядай жерде еліміздің емделушілерінің өзіне жағдай жасай алмай қаламыз. Тірек-қимыл құрылғыларын шығаратын кішігірім зауыт қажет. Сол себепті, мемлекет тарапынан төменгі пайызбен несие берілсе екен деймін.

– Орталық қанша құрылғымен қамтамасыз етілген?

– Қазір 70-ке жуық құрылғымен жұмыс жасап жатырмыз. Әлі 100 шақтысы жасалу керек.

– Шетелдік әріптестеріңізден бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныстар түспей ме?

– Осыған дейін ресейлік дәрігерлерден шақырту алдым. Таяуда Оңтүстік Кореяның «Sаmsung» клиникасының Елена есімді невропатологы жұмысымызға қызығушылық танытып, хат жолдады. Биыл елімізде өтетін «EXPO-2017» көрмесіне келетінін жазыпты. Сол кезде арнайылап Қызылордаға, біздің орталыққа соғатынын да жеткізген. Еліміздің басқа аймақтарында да келуімді сұрайтын жандар көп. Бірақ, мен Қызылордадан ешқайда кетпеймін. Өңіріміздің ахуалын өздеріңіз жақсы білесіздер. Науқастардың басқа қалаға барып емделуге әлеуметтік жағдайлары келе бермейді. Сондықтан, оларға жақын жерден ем қабылдауға мүмкіндік жасауды қалаймын. Өзге ел азаматтары біз туралы білу үшін елшіліктерге хабарласады. Алайда біздің елшіліктер «Қанат» реабилитациялық-сауықтыру орталығының бар екенін де білмейді. Шетелдіктерден алған хаттарымыздың көбісінде «шынымен де мұндай орталық бар ма?» деген күмәнды сауалдар қойылып жатады. Бір қынжылтатыны да осы.

– Шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма? Сіз секілді дәрігерлер бізге көптік етпейді ғой.

– Осы жолға баулып жатқан шәкірттерім бар. Екі ұлыма және жанымда жұмыс істейтін қызметкерлеріме сал ауруларын емдеудің жолдарын үйретіп жүрмін. Барлығын бірден үйретіп тастау мүмкін емес, олардың мен берген білімді қабылдамауы да мүмкін. Бірте-бірте өз әдістеріммен бөлісіп келе жатырмын. Әр ауруды емдеудің өз қыр-сыры болады. Мысалы, мұндағы құрылғыларды басқа клиникаларға апарып, оны басқару үшін жанына білікті невропатолог қойсақ та, науқас жазылмайды. Өйткені, біздің еміміз тәжірибемен келеді. Науқастармен жұмыс жасап жатқанымызға 18 жыл болды. Неліктен Гийена-Барре синдромы әлемде емделмейді? Ал бұл диагнозбен осы жерде емделгендер 2-4 айда жүріп кетіп жатыр. Себебі, бізде база бар. Мысалы, ДЦП ауруын емдеуді менің шәкірттерім жүзеге асыра алады. Олар бұл дертті еңсеруді үйренді.

– Өмірдегі басты жетістігім деп нені айтар едіңіз?

– Меніңше, бұл – айсбергтің басы ғана. Алда атқарар жұмыс өте көп. Менің басты мақсатым медицина емін таба алмаған сал ауруларын емдеп  жазу болғанын жоғарыда айтып өттім. Қазақстан оңалту ісі бойынша әлем елдерінің алдында тұрса екен деймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға