Жаңалықтар

Сал ауруы бар 300 баланы аяққа тұрғызған реабилитолог тәжірибесімен бөлісті

Сал ауруы бар 300 баланы аяққа тұрғызған реабилитолог тәжірибесімен бөлісті
Фото: Жеке мұрағат 11.08.2023 18:00 1787

Ерекше балалармен жұмыс істейтін реабилитолог Данияр Болатов бүгінде сал ауру диагнозы қойылған жүздеген баланың аяққа тұруына себепші болған.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі маманның емдеу әдісі мен арманы жайлы сұрап білді.

Елімізде мүмкіндігі шектеулі балалардың саны жыл санап артып отыр. Биыл 18 жасқа дейін мүмкіндігі шектеулі баланың саны 188 мыңнан асқан. Оның ішінде церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың саны 20 мыңға жуықтаған. Алайда шетелде әртүрлі емдеу әдісін меңгерген маман Данияр Болатов бұл диагноздағы балалардың жүріп кететінін тәжірибе жүзінде дәлелдеп жүр.

Данияр Болатов Семей қаласында дүниеге келіп, орта білімді осы қалада тәмамдаған. Медицина университетіне ұпайы жетпеген соң ол медицина колледжіне түседі.

Колледжі үздік аяқтаған соң, Алтай медициналық университетінде білімімді жалғастырдым. Біздің жұмысымыз психологиялық тұрғыдан күрделі болғандықтан, Қазақстан инновациялық университетінде психология мамандығын қосымша оқып алдым. Емдік дене шынықтыру (ЕДШ) бойынша біліктілікті шет елдерде арттырдым. Италияда негізгі кезеңдерден, Мәскеуде екі кезеңнен өтіп, шыңдала түстім. Әзірге бойдақпын, жасым 30-да, - деді Болатов.

Сал ауруы бар 300 баланы аяққа тұрғызған реабилитолог тәжірибесімен бөлісті

Реабилитолог маманның айтуынша, церебралды сал ауыруы бар науқас балалармен жұмыс істегеніне 10 жыл болған. Алғашында ересек адамдарды оңалтудан бастаған ол кейіннен балаларға толық көшкен.

Осындай диагнозы бар балалармен емдік дене шынықтыру бойынша жұмыс істейміз. Халықаралық дәрежедегі әдісті меңгергеніме бір жыл болады. Венесуэлада СМЕ әдісінің негізін қалаған Рамоном Куэвас еді. Осы бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Балалардың жас ерекшеліктеріне аса көңіл бөлінбейді.  Церебралды сал ауыруы диагнозы бар балаларға емдік дене шынықтыру жатығуларын жасаймыз, - деді Данияр Болатов.

Оның айтуынша, сал ауруына шалдыққан балалардың қалыпты жүріп кетуіне әркімге әртүрлі уақыт керек.

Себебі ол мидың зақымдалған ошағына қарай реттеледі. Сал ауруының бірнеше формасы және оның кезеңдері болады. Олар жеңіл, орташа және ауыр түрге жіктеледі. Жеңіл түріне 2-3 жылдай уақыт керек, қалыпты емделіп кетуіне мүмкіндік бар. Орташа түріне 5-6 жыл уақыт кетуі мүмкін. Ауыр түрі бойынша 10 жылдан астам емделіп жатқан балалар бар. Бұл ауруы бар балалар емдік дене шынықтыруды тоқтатса да, өмір бойы спортпен шұғылданып, арнайы курстан өтіп жаттығуы керек. Бізде балалар бассейн, гинастика сияқтық арнайы спорт түрлеріне барады. Себебі егер ұзақ уақыт оған көңіл аудармаса, бұлшық еттер босаңсып, жүруі қиындап, буындардың қисайюы  пайда болуы мүмкін, - дейді маман.

Данияр Болатов атағандай, балаларды қабылдаудағы ерекшелік – жас таңдамау.

Бала туғаннан бастап 12 айға дейін қалай дамиды, сол кезеңдерді бала жасына қарамай өтуі керек. Баланың мойны ұстамай ма, алдымен мойнын ұстатамыз. Жалпы туғаннан бастап бала алдымен мойнын ұстайды, аунайды, ішпен жорғалайды, төрт тағандап тұрып, еңбектеп кейін жүре бастайды. Баланың жасына қарамай, осы кезеңдерден өткіземіз. Мысалы, 5 жастағы баланы алдымен еңбектетпей жүргізбейміз. Алдымен еңбектеуді үйретіп, кейін аяққа тұрғызамыз, - дейді ол.

Маманның айтуынша, сал ауруы диагнозы бар ата-аналар бірнеше маманмен бір мезетте жұмыс істегендері абзал.

Әрбір маманмен қатар жұмыс істегенде нәтиже болады. Мысалы, таңертең менен ем алып кеткен баланың ата-анасына міндетті түрде қосымша тапсырма беріледі. Ата-аналар арнайы қолдан келетін жаттығуларды өздері жалғастырады. Олар қосымша менің жұмысымды толықтырып отырады. Бір курс 10 күннен тұрса, ата-аналарға келесі курсқа дейін тапсырма беремін. Себебі кешендік емді қажет ететін балалар болады. Оның ішінде логопед-дефектолог, қосымша массаж түрлерін жасауы керек. Толық кәсіби түрде жасамаса да, арнайы әдістерді пайдалануға болады. Логопедтік бойынша арнайы әдістерді игергені абзал, - деді ол.

Данияр Болатов атағандай, осының барлығы кешенді түрде жасалғанда, баланың оңалуы жылдамырақ жүреді.

Кәсіби тұрғыдан арманым-үлкен оңалту орталығын ашу. Кешенді түрде көмек көрсететін логопед, ЕДШ, массаж түрлерін жасайтын, ине қадау мамандарының жұмыс істегенін қалаймын. Қазір әртүрлі әдістерді меңгеріп жүрмін. Қосымша оқытушыларды дайындап, мықты команда әзірлеп, Қазақстан мен өзге жақын елдерден адамдар келетіндей орталық ашу қазіргі арманым болып отыр, - деді ол.

Сал ауруы бар 300 баланы аяққа тұрғызған реабилитолог тәжірибесімен бөлісті

Данияр Болатов атағандай, елде сирек кездесетін диагнозы бар балалармен жұмыс істеуде қиыншылық бошлғанын айтады.

Себебі ақпарат та аз, емі де әлі нақтыланбауы жағынан қиындықтар болды. Жаттығуға келген баласының жылағанын көріп аяп жүрген ата-аналар да болды. Бірінші курсқа келгенде емдік дене шынықтырудың мәнін түсінбей жатады. Бірақ кейін уақыт өте келе, баланың нәтижелерін көріп, ата-аналар да психологиялық тұрғыда шыңдалады, - дейді ол.

Данияр Болатовтың көмегімен осы күнге дейін сал ауруы диагнозы бар 300-ден астам бала аяққа тұрған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға