Сахнада - Кейкі батыр
Еліміздің тағылымды мерекесі — Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы «Кейкі батыр» тарихи драмасын сахнаға шығарды. Туындының авторы — Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы.
Театрдың жаңа қойылымының премьерасы жақында үлкен аншлагпен өтіп, оған пьесаның авторының арнайы келіп қатысуы мысты қаланың мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналды.
Торғай өңірінде 1871 жылы туған Кейкі Көкембайұлы – тарихта болған тарландарымыздың бірі. Шын аты Нұрмағамбет екен. Халық танауының кейпіне қарап Кейкі атап кетіпті. Кең далада еркін өскен ол – ержүректігімен әрі асқан мергендігімен аты шыққан адам. Тарихи деректерге көз жүгіртер болсақ, қазақ халқының азаттығы мен бірлігі жолындағы Әбдіғаппар ханның идеясы мен ұстанымын жан-тәнімен жақтап, қолдау танытқан. Ол ұлт-азаттық қозғалысындағы Амангелді Имановтың сенімді серігі әрі досы болған еді. Әуелде Амангелдіге еріп, ақтарға қарсы күреске белсене қатысқан Кейкі ел ішіндегі қызыл әскерлердің де жойдаусыз қылықтарын көрген соң іш тарта бастайды, бірте-бірте олардан түңіліп, төңкерісшілерді қолдамайды. Амангелді батыр мен Әбдіғаппар ханның өлімінен кейін Кейкі батыр Торғай бойынан Ұлытау қойнауына, одан Қызылқұмға қарай жылыстайды. Өйткені, «халқыма тізесін батырғандардың барлығы маған жау» – деп «ақ-қызылына» қарамай, оларға тұтқиылдан шабуыл жасап, аяусыз күрескен мергеннің соңына жазалаушы отрядтар мықтап түскен еді. Ақыры, сатқындардың жол көрсетуімен қапылыста қолға түскен батыр 1923 жылдың 22 сәуірінде Қызыл Армия сарбаздарының қолынан айуандықпен ажал құшады. Қапыда мерт болады, қайран ер!
Осыған байланысты ұзақ жылдар бойы Кейкінің аты аталмады. Алайда, көзсіз ерлігі халық жадында сақталған батыр туралы тұспалдап жазылған көркем шығармалар болды. Қаламгер Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романындағы Құлан осы Кейкінің көркем бейнесі болатын. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана батыр туралы ашық айтыла бастады. Даланың көзсіз мергені туралы ақын Серік Тұрғынбекұлы әуелде поэма жазған екен. Соның желісі бойынша кейін пьесаны қолға алыпты. «Кейкі батыр» тарихи драмасы соның жемісі. Бізбен сұхбат барысында автордың өзі атап айтқандай, театр артистері сахнадағы әбжіл қимыл-әрекеттері арқылы оқиғаны өрістете отырып, Кейкінің батырлығын, мергендігін жақсы аша білген. Қойылымның режиссурасы шымыр. Бұл тұрғыда, қоюшы режиссер Теміржан Әбдірәлімнің ізденісі мен шеберлігін атап айтқан жөн. Сахна декорациясы да қойылым желісіне сай үйлесімді. Басты рольді сомдаған Кенжетай Әбілдин батырдың образын сәтті шығара білген. Күтпеген жерден қырқа астынан шыға келіп, мылтық ұстаған қолын көтеріп қалса болды, дұшпандары жер жастанатын Кейкінің ержүректігі мен мергендігі шынайы көрініс тапқаны көрініп тұр. Бұл барғанша ауылын қанды қасап жасап, қырып кеткен қызылдардың қылығын көріп, түңілген батыр «қанға – қан, жанға – жан» деген шешімге келеді, жүрегін кек кернейді. Осындай аласапыран жағдайда жары Ақжан да өзімен бірге болып, қолына қару алады. Жар жағалап, жауға мылтық кезене білген қазақтың қайсар әйелі Ақжан ролін актриса Мируана Жанботаева нанымды да әсерлі бейнелеген. Сахна сайыстары да сәтті қойылған. Ол – батырдың сенімді серігі Шұбар бейнесін сомдаған артист Ардақ Жарқынбековтің еңбегі. Сондай-ақ, Мүсәпір – Кутский (Бақытжан Ыбыраев), ояздық военком Н.Токарев (Дүйсен Кенжеев), қызыл командир (Еркеш Байдешев), Кейкінің әкесі (Жұмағазы Бірмұқанов), шешесі (Бәтима Әлкенова) ролдеріндегі сахна шеберлері де тартымды ойын өрнегімен көрініп, кейіпкерлер бейнесін шынайы сомдады.
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында театр репертуары лайықты тартумен толықты деп айтуға болады. Тарихымызда Амангелдімен қатар аталуға тиіс батырдың есімі кеңестік кезеңнің солақай саясатының салдарынан ашық айтылмай, талай жылдар тасада қалып келгені белгілі. Кейінгі ұрпақ бабаларының бұл ерлігінен бейхабар еді. Спектакльдің басты олжасы – осы олқылықтың орнын толтырды. Азаттық үшін алысып, елі мен жерінің еркіндігі үшін басын бәйгеге тіккен Кейкі батырдың өшпес рухы халқына қайта оралды. Тарихи қойылым сонысымен де құнды.
Амандық РАХҰЛЫ