Сахна сыртындағы сатира! 2-бөлім
Театр актерлерінің басынан өткерген қызықтарын, әзілдерін, қойылым үстіндегі оқыс қимылдары мен сценарийден тыс импровизацияларын жариялап бастаған болатынбыз. Қаллеки театрының актері Нүркен Өтеуіловтің өз аузынан жазылып алынған әзілдерді оқыңыз.
Актер Абай рөлінде
– Жақында болған бір күлкілі оқиға. Бұл енді, бұрын-соңды театр тарихында болмаған оқиға болды. Ол да Асылбек бауырымызға қатысты. «Қыз Жібек» қойылымында, Бекежан рөлін сомдайтын Асылбек сахнаға слансимен шығып кетеді. Мен сол кезде, залда көрермен болып отырғам. Бекежанның слансимен атып шыққанын көргенде орнымнан қалай атып тұрып, дала арқылы, сахнаның сыртына қарай жүгіргенімді білмей қалдым. Барып айту керек қой. Сөйтсем, оқиға былай болған. Бекежан сахнаға жалаңаяқ шығады. Сахнаның сыртына келген кезде оған аяқ киім дайындап тұру керек болған ғой. Өзі айтады. «Аяғым тоңып кетті. Соысн, сұрап едім слансиды бере салды» деп. Ол аяғына кие берген кезде сахнадан музыкасы «даң» ете қалған ғой. Сонымен, слансимен атып шыққан. Онысымен қоймай, оны сахнаның сыртына қарай серпіп лақтырғаны бар. Мен келсем, жігіттердің бәрі қырылып күліп жатыр екен. Сөйтсе, арамызда бір актер айтып қояды. «Оның несіне күлесіңдер. Мүмкін, Бекежанның Қытайлармен байланысы болған шығар» дейді. Одан ары қыран-топан болдық.
Жігітке жеті өнер де аз...
– Қарағанды қаласына осыдан 7-8 жыл бұрын «Еңлік-Кебек» спектаклімен бардық. Сахнада қойылым жүріп жатыр. Билер сахнасы. Нағыз тартысты сәт. Еспембет екеуміздің айтысатын жеріміз бар. Еспембет Ерлан Малаев. Соның менің артымнан келіп: «Ей, Көбей» дейтін жері бар. Ерлан маған келді де: «Ей, Еспембет» дегені. Сахнада отырғандардың бәрі мырс-мырс ете қалды. Сөз кетіп жатыр. Әуезовтың тілі деген мықты ғой. Оның бір сөзінен жаңылысып қалсаң, оны қарабайыр, қарапайым сөзбен толықтыру деген мүмкін емес. Көбей мен Еспембеттің тартысы кетіп жатыр. Менің: «Иттің егесі болса, бөрінің тәңірісі бар. Тобықты, тобықты дей берме» деп келетін сөздері бар. «Иттің егесі болса, бөрінің тәңірісі бар» дедім де, ары қарай сөз жоқ. Ұмытып қалдым. Пауза. Керемет пауза болды. Дайындалсаң да ондай паузаны ұстап тұру өте қиын. Зал да тым-тырыс. Сахнадағы актерлар да тым-тырыс отыр. Онымен қоймай, бәрінің көзіне қарап шықтым емес пе?! Мынау не дер екен деп, менің аузымды бағып отыр бәрі. Мен мына жақтан, жанталасып жатырмын. Сөзі есіме түспейді. Ерлан маған қарап отыр. Бір кезде Ерланның көзіне қарап тұрдым да: «Сен олай Тобықтыны мазақтама!» дедім. Осындай да қызықтар болған.
Әрқилы образ...
– «Жұбайлар жұмбағы» дейтін керемет музыкалық комедия бар. Қостанайда ойнап жатырмыз. Енді сахнада әннің сөзін ұмыту деген, бұл енді «котострофа». Ойнап жатырмыз. «Жұбайым жан жарымсың, Зарығам қамауда» деп әндететін жерім бар. Менің партиям келе жатыр. Ал, ана сөз есіме түсер емес. Кезегім келген кезде: «Әйелім, жан жарымсың, трам-та-та, трам-та-та» дедім. Қуандық қасымда тұрған. Шалқасынан түсіп, күлкіден жарылды.
– Ең алғаш рет шет елге гастрольге шығып, алғаш рет самолетке отырған кезімізде бір қызық болған. Ерлан екеуміз қатар отырдық. Қасымызда бір шетелдік бар. Бір кезде стюардессалар тамақ әкеліп берді. «Түрік әуе жолдарымен» ұшқанбыз. Әртүрлі тағамдарды беріп кетті. Қасымдағы шетелдікке қарап отырмын. Тамақ ішетін столын түсірді. Менде түсірдім, Ерлан да. Мен өзім тез жеймін тамақты. Қызығып, бәрін жеп алдым. Бір бүктелген, кішкентай зат болды. Бұл не болды екен деп қарап отыр едім, қасымдағы шетелдік ашып, ішіндегісін алды да, аузын сүртті. Сөйтсем «влажный салфетка» екен. Сосын, ақырын алдым да, қолыма қысып отырдым. Ерлан ақырын жейді тамақты. Бір кезде болды. Салфетканы алып ары-бері қарады да «мынау не, Нүркен?» деді. Жейтін нәрсе ғой дедім. Ерлан әдемілеп ашты да, «гірт, гірт» еткізіп шайнап, «дәмі біртүрлі екен е» деп қояды. Мен қарқылап жатырмын. «Ей, ол салфетка» деп. Сөйтсем, Ерлан саспайды ғой. «Бәсе, аузым мятный болып кетті ғой» дегені бар. Түркияға барғанша күліп бардық.
Мақаланың бірінші бөлімін оқу үшін