Жаңалықтар

Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай конференция өтті

Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай конференция өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі 23.05.2024 12:17 701

Ұлттық қорғаныс университетінде «Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтың әскери мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара Тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасуының бастауында тұрған атақты әскери қолбасшының туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Оған Парламент депутаттары, Қарулы күштердің құрылуы жолында қажырлы еңбек еткен ардагерлер, қоғам қайраткерлері, профессорлық-оқытушылар құрамы және Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары қатысты. Бейнебайланыс арқылы Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан әскери оқу орындарының өкілдері іс-шараға қосылды. 

Конференцияға қатысушыларға арнап Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов сөз сөйледі.  

Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі ел тарихында мәңгі жазылған. Сағадат Қожахметұлы – көрнекті әскери басшы ғана емес, Отанға адал қызмет етудің үлгісі. Оның жауынгерлік жолы мен ел игілігі үшін еткен қызметі – бәрімізге өнеге, – деп атап өтті С. Камалетдинов.

Конференцияда соғыс тарихы мен әскери өнер және оның даму перспективалары туралы баяндамалар тыңдалды. Оған қатысушылар Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың жауынгерлік жолындағы соғыс тарихын зерттеу тәжірибесімен бөлісті. Одан өзге жиында батырдың Қазақстан армияның қалыптасуы мен дамуындағы тарихи рөлі туралы айтылды. 

Іс-шараға арнайы кітап көрмесі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың құжаттары мен жеке заттары қойылған экспозиция дайындалды. Астана қаласының Мемлекеттік архиві ол туралы сирек кездесетін материалдарды таныстырды. 

Сағадат Нұрмағамбетов – қазақ халқының біртуар ұлы. Ол әскерде 54 жыл етіп, өзінің барлық күш-жігерін, қажыр-қайратын осы салаға арнады. Батыр есімі – ел есінде, мәңгі жадымызда сақталады. Оның мінсіз қызметі – Отанға шынайы адал қызмет етудің үлгісін, елге деген сүйіспеншілігін білдірсе керек, – деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.

Баяндамаларда қатысушылар армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың әскери-теориялық және рухани мұрасын зерделеу қажеттігін атап өтті, ол жас ұрпақтың бойында дұрыс өмірлік бағдарлар мен патриотизм, азаматтық, ел ісіне араласу мен жауапкершілік сезімі сияқты жеке қасиеттерді қалыптастыруға оң ықпал етеді.

Іс-шара соңында ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков бірқатар конференцияға қатысушыларға «С.Қ. Нұрмағамбетовке 100 жыл» естелік белгілерін, сертификаттар мен алғыс хаттарды табыс етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға