Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің 90 кадеті әскери ант қабылдады
Елордада Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде әскери ант беру рәсімі салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан, «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов, отставкадағы ардагерлер – генерал-майорлар Әлихан Жарболов пен Қажығали Мұқатов, колледж оқытушылары, еліміздің әр өңірінен келген кадеттердің туған-туыстары қатысты. Үшінші курстан барлығы 90 кадет Отанға адал қызмет етуге ант берді.
Қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Кадеттерді айтулы күнмен құттықтай отырып, полковник Ербол Құмарбекұлы Отанды қорғау – ел азаматының қасиетті борышы екенін атап өтті.
Бүгін сендер әскери ант бере отырып, Отанға адал болуға серт еттіңдер. Халыққа қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді және бұл жолды абыроймен алып жүретіндеріңе сенемін, – деп атап өтті ол.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан салтанатты шараға Қалижан Темірғалидің ата-анасы ретінде де қатысты.
Ұлымның оқуда да, спортта да жетістіктері бар. Колледжге түсу туралы шешімді біз бірден қабылдаған жоқпыз. Дегенмен таңдауымыз дұрыс. Әскерде бастысы – тәртіп. Мұнда Отанды қорғауға үйретеді, бұл әр азаматтың – абыройлы міндеті, – деді депутат.
Шара соңында оқу орнының басшылығы колледжге экскурсия ұйымдастырды, оның барысында қонақтар мұражайға барды, казарманы, оқу аудиторияларын және асхананы аралады.