Жаңалықтар

Садық Шерімбек: Еліміз биік болсын!

Бүгін "Ел" әлеуметтік желісінің редакциясына Қазнеттің белгілі блоггері, IT саласының шебері Садық «Қарасақал» Шерімбек қонаққа келген еді. Осы пайдаланып қонағымызбен бірауыз сұхбаттасуды жөн көрдік.
17.03.2014 18:01 10567

Бүгін "Ел" әлеуметтік желісінің редакциясына Қазнеттің белгілі блоггері, IT саласының шебері Садық «Қарасақал» Шерімбек қонаққа келген еді. Осы пайдаланып қонағымызбен бірауыз сұхбаттасуды жөн көрдік.

Садық Шерімбек: Еліміз биік болсын!

  • Садық, Астанаға қош келдіңіз! Көптен көрінбеген едіңіз? Қайдан жүрсіз?
  • Қош көрдік, Ел! Барша Отандастарымызды алдағы Жаңа Жылымыз – Әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Редакцияларыңызға келіп, көптен таныс жандардың бейнелерін көріп, көз қуантып жатқаныма қуаныштымын. Көрінбейтін дейтіндей, хабарсыз жердің арғы шетінде емеспіз. Суыққа төзімсіз адам болғандықтан Астанаға қыста келуге қорқамын. Сондықтан, бұл қысты жанұямның ортасында, сүйікті әріптестеріммен Шымкент қаласында өткіздім. Енді мінеки, орталарыңызға келіп қалдық.

Садық Шерімбек: Еліміз биік болсын!

  • Біз де сізді қош көрдік! Өзіңізді жұрттың көбісі беделді блоггер ретінде таниды. Алда келе жатқан Blogcamp 2014 шарасына дайындығыңыз қалай болып жатыр?
  • Blogcamp керемет іс-шара ғой. Былтырғы Blogcamp шарасын Шымкентте күтіп алып, биыл мінеки, Қарағанды жұртшылығының қолына аманаттадық. Өткен жылғы шара өте керемет болып еді. Ұйымдастырушы жігіттердің еңбектеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Биылғысынан өте үлкен үміт күтемін. Әрі өткен шаралардан да күштірек болады деген үмітім мол.

Садық Шерімбек: Еліміз биік болсын!

  • Қазақстандық IT саласының дамуы жайында жиі айтатын жүрген жастардың бірісіз. Біздің еліміздің дамуына бұл саланың әсерін қаншалықты жоғары деп ойлайсыз?
  • Өте жоғары деп айтар едім. Негізінде, азаматтарымыздың ақпараттық сауаттылықтары артқан сайын ескірген классикалық тұрмыстық әрекеттердің біразында жаңару мен жылдамдық болар деп білемін. Өз өнімдерімізді өзгеге жалтақтамай өзіміз жасасақ – соның өзі қазіргі таңдағы үлкен жетістік болатын еді. Бізде жақсы ғалымдар мен мамандар бар, негізі. Солардың түйісу нүктесін әлі де таба алмай отырмыз деп ойлаймын.

Садық Шерімбек: Еліміз биік болсын!

  • Біраз азаматтар ана тіліміздегі сайттардың дамымағандығы, сын  көтермейтіндігі, пайдалы ақпарат аздығы жайында алып-қашпа әңгімелер айтып жатады. Осы нәрсеге сіздің көрқарасыңыз қалай?
  • Кім екені есімде жоқ, бірақ бір кісінің «Дағдарыс бірінші адамның санасында орнайды, содан соң қалтасында» дегенін естіп едім. Көбінесе, сондай кісілерден қазақша сайттарды қаншалықты білетінін сұрасаңыз, басын шайқайды немесе бірен-саран ойдан қырдан естіген сайттарды ғана атап өте алады. Негізі, іздемегенге ештеңе де жоқ. Әбден өзге тілде интернеттен ақпарат алып қалған жандар әдетте қазақ тілінен іздеуге тырыспайды. Талай адамдардан байқаймын, google.ru доменінен іздейді. Сол көбірек мәлімет береді деп ойлайды. Осыдан 4-5 жылдай алдын іздесеңіз ақпарат аздығын сезінетін едіңіз. Ал, қазір ондай мәселе азайды. Ғаламторда қазақша мәлімет баршылық. Демек, қазақша сайттар да баршылық. Қазіргі басты мақсаттардан бірі - берекелі күнде сарқылмас мықты мамандардың санын көбейту. Әрине, дәл қазір кәсіби тұрғыдан алғанда шетелдік ресурстардан қорымыз аздау да шығар. Бірақ, бұл біздің әлсіздігімізді білдірмесе керек-ті. Ал, қалғаны уақыт еншісінде.

Садық Шерімбек: Еліміз биік болсын!

  • Алдағы жоспарларыңыз қалай?
  • Жоспарлар көп. Кәсіби тұрғыдан азды-көпті жобаларымызды жылжытып жүрген жайымыз бар. Жақында жақсы жаңалықтар да болып қалады. Қазір білім беру және үйрену жағына көбірек акцент қойып жүрмін, Биыл үзілмес еңбек жылы болайын деп тұр, құдай қаласа. Ал, өмірлік жоспарларға келсек, дүниежүзілік саяхатымды жалғастырып, биыл «25 жас - 25 ел» деген акциямды мезгілінен бұрын аяқтау :) Алдағы айда Еуропаның біраз елдеріне шығып қайту жоспарда тұр.

Садық Шерімбек: Еліміз биік болсын!

  • Өзіңіз көріп отырғандай, Ел әлеуметтік желісі қайта жаңарып қолданушылар назарына жол тартты. Интернет беттерінде өзіңіздің жылы лебіздеріңізді де байқадық. Кәсіби маман ретінде қандай жақтарына тоқталар едіңіз?
  • Өткенде маған сайттың жаңа нұсқасын алғаш рет көрсеткенде өзім таң қалдым. Қазақ елімізді айтып, қуанып жүрген кезімізде аталмыш сайттың жаңа бағытта ашылуы мен үшін де қуанышты жағдай болды деп айта аламын. Сайттың тарих һәм дәстүр, ғылым һәм технология, іздену мен білім беру салаларындағы бағыты ұнады. Сіздерді алдағы уақытта үлкен белестер күтіп тұр деп ойлаймын. Олардан сіздерді батыл түрде өтеді деп сенемін. Мұндағы еңбек етіп жатқан жігіттер мен қыздар менің тек интернетте ғана емес өмірдегі достарым да. Ұжымдарыңызға шығармашылық табыстар мен сәттіліктер тілеймін. Еліміз биік болсын.

Садық Шерімбек: Еліміз биік болсын!

  • Өзіңізге де жақсылықтарды тілейміз! Алдағы уақытта жақсы жобалармен қолданушыларыңызды қуанта беріңіз! Сізді редакциямызда көргенімізге қуаныштымыз! Уақыт бөліп, қонаққа келгеніңіз үшін үлкен рахмет, Садық!

Садық Шерімбек: Еліміз биік болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға