Жаңалықтар

Сәбит Мұқанов әлеміне саяхат

Жазушының рухы қалған мекен
Сәбит Мұқанов әлеміне саяхат
28.06.2017 12:36 10876

Қазақ әдебиетінің классиігі Сәбит Мұқановтың музей-үйі 40 жылға жуық уақыт халыққа мәдени-ғылыми-ағартушылық қызмет көрсетіп келеді. Жазушы бұл үйде өмірінің соңғы 8 жылын өткізіпті. Пәтердің ішкі көрінісі жазушының көзі тірісіндегі қалпын сақтаған. Музейден Сәбит Мұқанов өзі тұтынған құнды жәдігерлер, кітап, сыр толы жазбаларды көре аласыз.

Классик жазушы, қоғам қайраткері, драматург, ақын, академик Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалды музей кешені 6 бөлмелі пәтерде орналасыпты. Музей қызметкерлерінің айтуынша, С.Мұқановтың музей-үйінің негізін қалаған жазушының жары Мәриям Қажахметқызы Мұқанова. Ол өмірінің соңына дейін музей-үйдің тыныс-тіршілігіне белсене араласып, көп еңбек еткен.

1986 жылдан 1999 жылға дейін музейдің директоры Сәбеңнің немересі Мұқанова Нейля Арыстанқызы болды.

Музейдің әдеби бөлімі 3 залдан тұрады. Жазушының өмір жолын, халқына қалтқысыз қызметін баяндайтын, шығармашылық шеберханасынан шеберхансынан сыр шертетін көптеген құнды құжаттар, фото суреттер, қолжазбалармен танысуға болады.

Музейдің мемориалдық бөлімі бізді қатты қызықтырды. Мұнда жазушының жұмыс кабинеті, қонақ қабылдайтын бөлмесі, демалыс бөлмесі бар. Жазушы көзі тірісінде пайдаланған заттары, дүние-мүлкі, ыдыс-аяқтары қаз қалпында сақтаулы тұр.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин сынды қазақтың ардақты ұлдары, өзге де ақын-жазушылар, өнер саңлақтары Мәриям апайдың кең дастарханынан дәм татып, Сәбеңнің тамаша әңгімелерін тыңдаған.

Сәбит Мұқановтың бір қабырғаны тұтас алып тұрған кітапханасы бірден көзге түседі. Төрт мыңға жуық қоры бар кітапханада сирек дүниелер баршылық. Әлемдік кітапхананың озық туындылары – Брокгауз бен Эфронның (1890-1907 ж.ж.) аса құнды жәдігерлер қатарынан орын алып тұр.

Сәбит Мұқанов Алматы қаласында 1930 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ғұмыр кешті. Жары Мәриям екеуі алты бала тәрбиелеп, көптеген тамаша туындыларын өмірге әкелді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа сан-салалы кітаптар жазды.

Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 6 томында: «Сәбит Мұқанов драматургия саласына да көп еңбек сіңірді. Кезінде театр сахнасынан тұрақты орын алған «Шоқан Уәлиханов», «Қашқар қызы», «Сәкен Сейфуллин» пьесалары – көрермендер тарапынан жоғары бағасын алған шығармалар. Сын, әдебиеттану саласына жазушы көп еңбек сіңірді. Ол өз ұлтының көркем мұрасын терең игерумен бірге, поэзия теориясының қағиадалары мен ережелеріне, өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Ол сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композициялары, сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып, олардың халық шығармындағы орнын анықтады. Эпикалық жырлардың жанрлық тарихи сипаттары мен әдебиеттегі орнын белгілеуде фольклорлық мұраны жариялау, зерттеу ғылымына өзіндік үлес қосты» деген деректер бар.

Жазушы 2 рет Ленин орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға